Өңірдегі нұротандықтар партия съезіне жақсы жұмыстарымен келіп отыр. Олардың барлығы Елбасы, «Нұр Отан» партиясының Төрағасы Н.Ә.Назарбаевтың Жолдаулары мен елімізді ілгерілетуге арналған түрлі бағдарламаларының нәтижесінде мүмкін болып отыр. Осы орайда Президент: «Қазақстан халқына Жолдауымдағы барлық міндеттерді жүзеге асыруда мен «Нұр Отан» партиясына ерекше орын беремін. Жолдау барлық партия мүшесі үшін іс-қимыл негізі және таяудағы жылдарға арналған бағдарлама болуы тиіс. Кең көлемді түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, адамдарды жұмылдыру, қойылған барлық міндеттерді орындауда біріктіру керек. Партиядан сайланған депутаттар дағдарысқа қарсы және құрылымдық қайта жаңғыруларды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз етулері тиіс», деген болатын. Бұдан түйеріміз, Жолдауды жұртшылыққа жеткізу, тиянақты түсіндіру, межеленген мақсаттарға жұмылдыру сынды жауапкершілігі мол жұмыс бізге тапсырылды. Облыстағы партия мүшелері Жолдау жүктеген міндеттерді іске асыруда белсенділік танытып, ауқымды әрі кешенді шараларды нәтижелі атқаруға өздерінің сүбелі үлестерін қосатыны күмәнсіз.
Нақтылы іс-шаралар аясында мәслихаттардағы фракция мүшелері тындырымды тірлік атқаруда. Депутаттарымыз өз округтеріндегі сайлаушылармен тығыз байланыста жұмыс жасап, Жолдауды қарапайым тұрғындар арасында кеңінен насихаттау, ұғындыру бағытындағы нәтижелі шараларды қолға алған. Сонымен қатар, аталған шараларды жандандыруға өңірдегі 19 аумақтық партия филиалы мен 309 бастауыш партия ұйымын, 92 мыңнан астам партия мүшесін және «Жас Отан» жастар қанатын жұмылдырып, жұмысты жүйелі жүргізе бастадық.
Өткен жылдың басты құжатында еліміздің экономикалық, әлеуметтік және т.б. салалардың негізгі басымдықтары тиянақты саралануымен қатар, әрбір ел азаматын ойландырған мәселелердің шешу жолдары қамтылды. Әлеуметтің әлеуметтік жағдайына басымдық берген Жолдауға қоғам тарапынан ерекше мән берілді. Президент әлемде орын алып отырған нақты жаһандық ахуалда экономикалық өсу, нәтижелі реформалар жасау мен дамудың даңғыл жолын айрықша айқындап берді. Мемлекет басшысы өз сөзінде: «Мемлекет қандай жағдайда да әлеуметтік міндеттемелерін шашау шығармай орындап келеді. Жаңа жылдан бюджет қызметкерлерінің жалақысы, әлеуметтік жәрдемақылар мен шәкіртақы орташа алғанда 30 пайызға дейін көбейеді. Осының барлығы халықтың болашаққа сеніммен қарап, алаңсыз өмір сүруіне толық негіз болады», деп атап өткен еді. Яғни, бұл мемлекетіміздің дағдарыс кезінде әлеуметтік міндеттемелерді толығымен әрі дер кезінде орындай алатындығын білдіретін жайт болып отыр.
Жолдауда ең жақсы жоспар – уақыт талабына бейімделген жоспар екендігі айрықша айтылып, егемен еліміздің өсіп-өркендеуі мен жан-жақты дамуын қамтамасыз ететін кешенді шаралар ұғынықты баяндалды. Сондай-ақ, дағдарысқа қарсы және құрылымдық жаңарулардың бес бағыты, атап айтқанда, қаржы секторын тұрақтандыру, бюджет саясатын оңтайландыру, жекешелендіру және экономикалық бәсекелестікті ынталандыру, жаңа инвестициялық саясаттың негіздері мен жаңа әлеуметтік саясат көпшілік назарына ұсынылды.
Алқалы жиында елімізде жасалатын бұйымдарға қойылатын басты критерийлер аталды. Елбасы: «Қуатты ел болу – бәсекеге қабілетті болу деген сөз. «Қазақстанда жасалған» әрбір бұйымда төрт қасиет – сапалы, ыңғайлы, әдемі және арзан болуы керек. Сонда ғана ісіміз өнімді, затымыз өтімді болады», деді. Осы пікірден оң нәтиже шығарамын дейтін әр кәсіпкер нарыққа тауарын ұсынар алдында өнімінің сапасы мен ыңғайлылығына және тұтынушыларға қолжетімді бағада болуына басымдық беруі керек. Бұл тұрғыда нарыққа бәсекеге қабілетті дайын тауар жөнелтетін іскер азаматтар өз өнімдерін осы талапқа сәйкестендіру бағытында қарқынды жұмыс жасауы тиіс.
Ел Үкіметіне осы жылғы І тоқсанның соңына дейін еңбекпен қамтудың жаңа жол картасын әзірлеу тапсырылды. Осы мақсатқа қаралған қаржы көлемі артып, алдыңғы жылдардағы жол картасымен салыстырғанда, ұлғайтылатыны ерекше айтылды. Бұл екі қолға бір күрек таппай жүрген азаматтардың қайта даярлықтан өтіп, тұрақты жұмысқа тұруын қамтамасыз етумен қатар, инфрақұрылымдардың реттелетінін және өз ісін өрге сүйреймін деген азаматтарға берілетін несиелер көлемінің артатынын білдіреді.
Елбасы Жолдауында айтылған ауқымды тапсырмаларды орындауда біздің мүмкіндігіміз мол. Межеленген мақсаттар мен міндеттерді іске асыруда ұқыптылық пен үнемділікке назар аударып, ел қазынасынан қаралатын қаражатты өз мақсатында тиімді пайдалана білуіміз керек.
Жолдау – жауапкершілік жүктейді әрі жарқын болашағымыздың іргесін бүгіннен бастап бекемдеуге үндейді. Елбасы тапсырған мерейлі міндеттерді сапалы атқару – барша қазақстандықтарға ортақ іс. Оңтүстікқазақстандық «Нұр Отан» партиясы мүшелерінің Жолдау жүктеген міндеттерді орындауға мүмкіндігі жеткілікті. Барша қазақстандықтар, Төле би баба айтқандай, бір қолдың саласындай, бір үйдің баласындай біріксе, «Мәңгілік Ел» мұратына жетуге күш-қуатымыз әбден жетеді.
Берік ОСПАНОВ,
«Нұр Отан» партиясы Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалы төрағасының бірінші
орынбасары, съезд делегаты.
ШЫМКЕНТ.