29 Қаңтар, 2016

«Аспанға қараймын»

1286 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Абай Бегей 2сагындыковәні өзіне арналғанын ол қыз білмейді... – «Аспанға қараймын» әні өзіне арналғанын ол қыз білмейді, – дейді өзін сазгерден гөрі әуесқой композитор, әуесқой композитордан гөрі аса­ба деп есептейтін Дәуір Сағын­дықов. – Бірде Қаскелең ауданындағы Халыққа қызмет көрсету орта­лығына барып құжаттарымды рет­теп жүргем. Сол жерде мен ол қызды жолықтырдым да ға­шық болғаным соншалық, неге келгенімді ұмытып қалғандай болдым. Айта кетейін, ол қыздың тал бойында бір мін жоқ, нағыз хор қы­зындай көзіме оттай басылды. Содан ертесіне құжаттарымды арқалап тағы бардым. Кеше көрген сұлулық сұлулық па, екінші көргенімде ол қыз кешегіден де құлпырып тұрды. Ғашық болсаң аузыңа сөз де түспейді екен, үндей алмай, көркіне тамсанып қайттым. Үшінші күні тағы баруға мəж­­бүр болдым. Үшінші көрген сұ­лулығымды сөзбен айтып жет­кізу мүмкін емес, алдында көргенімнен де көрікті болып кеткендей көрінді. Не керек, мен ол қызға кəдімгідей өлердей ғашық болдым. Атын да сұрай алмай кете бардым. Содан сол қыз көз алдымнан кетпей қиналдым. Маза кетіп, түн ортасы ұйқыдан оянып далаға шығып, бейтаныс аруды армандап отырып: «Аспанға қараймын, Жұлдызды санаймын. Сол жұлдыздың ішінде, Сен жоқсың арайлым. Арманы талайдың, Бағыма балаймын. Мен сені сүйемін! Мен сені қалаймын!» деп бірінші қайырмасы аузыма түсе берді. Үйге кірген бойда жалғастырып, шумақтарын да сəтті жазып шықтым. Сонымен, бұл əн екі сағаттың ішінде жазылған туынды болып шыға келді, – дейді Дәуір. Дәуір Сағындықовтың мұнан басқа «Айым-Күнім», «Елігім», «О, махаббат», «Еркеле» деген ән­дері халықтан жап-жақсы бағасын алғанын айту керек. Әйтпесе, бар болғаны Қы­зыл­ордадағы бес жылдық домбыра мек­тебін бітірген әуесқой сазгердің оған дейін де «Əке», «Патшайым», «Ренжіме» сынды əндері бар. Қыс­қасы, бұл жігіт өзін сазгермін деп еш әспеттемейді. Табиғи талант, Алланың берген қабілеті. Ал енді бір ән – орындаушы­ларымыздың абыройын түсіріп, бір ән – көтеріп жатқан өнердегі бәсеке нөпірінде Абай Бегейдің атын шығарған «Аспанға қарай­мын» екенін өзі де мойындайды. Шоу-бизнеске ересек болғанда қосылған әншінің бұған дейінгі «Мұңайма, Үрбибі» құлаққа жа­ғым­ды естілсе де, той-томалақта жиі шырқалатын ол ән «Аспанға қарай­мындай» бағы ашылмағанын білеміз. Үлкен өнердің соқпағында сегіз жыл сергелдең болған орындаушы, әйтпесе, 10 жасынан бастап өз әнін іздеп келген. Сонымен бү­гінде үлкен концерттердің дүр­мегінде жүрген Абай Бегей Ақтөбе қаласындағы музыкалық училищені тәмамдаған. Ал жұлдызын жаққан «Аспанға қараймынның» әні де, сөзі де қызылордалық композитор Дәуір Сағындықовтың еншісінде екенін жоғарыда жаздық. Оны әнші осыдан үш жыл бұрын авторынан аттай қалап, сатып алған. Біз «Аспанға қараймын» әнін Куба елінің «Sin Frontera» атты танымал тобы Абай Бегеймен қосыла шырқағанын көрдік. Біраз уақыт қазақ эстрадасының хитына айналған әнді әрқайсысы бір кездері Кубадағы танымал топтардың мүшесі болған – Rodyn Fernandez, Omar Arango Torres, Efrain Yohandi Fuentes қазақ ән­шісі Абай Бегеймен бірге орындады. Айтқандай, кубалықтар Қазақ­станға келіп-кетіп, өнер көрсетіп жүргеніне 4-5 жылдай болды. Ал олар «Аспанға қараймынды» тың­дап алып, өз беттерінше оған аранжировка жасап, Абай Бегейді тауып алғанша да екі ай өтеді. Осылайша, қызуқанды кубалық мотивке ие болған ән бұрынғыдан да хит бола түс­кенін мойындау керек. Бұл әнсіз қазақтың тойы өт­пей тұрған тұста, «Аспанға қарай­мынның» ырғағы қырғыз көр­шілерімізге де өте-мөте ұнап, әні­мізге жиендік жасаған... Сол сияқты Ресей әншісі Ти­мати де концерттерін «Аспанға қараймын» әнінің композициясымен ашып, соның музыкасымен жапқаны да кеше. Әлеуметтік желілерде отыр­ған ағайындар Тиматидің Аста­нада, Баку мен Түркияда өт­кен кон­церттерін Абай Бегейдің орын­дауындағы нұсқамен бастағанын біледі. – Елдің айтуынша, «Аспанға қараймын» Тиматидің қазіргі сүйікті әні көрінеді. Біреулер оны талғамы жоқ деп күстаналағысы кел­се де, ешкім оны Тиматиге күш­теп таңған жоқ. Біздің жігіттер Ти­матимен байланысқа шыққан. Кубалықтар да өз елінде осы әнге клип жасап, бір шумағын өз тіл­дерінде шырқап жүр. Олар бұл әнді өздерінің «бата» дейтін барабандарына салып айтады, – дейді әнші Абай Бегей. Қалай десек те, Дәуір Сағын­дықовтың біраз дәурені жүрді. Бір жағынан осынау әннің танымал болуына 1 телеканалдың «Ду қол шоколад» юморлық шоуы жасаған роликтен кейін Қазақ радиосынан ротациялануы да жақсы септігін тигізді. Режиссер Нұрым Адай осы бағдарламада қазақ әнін Beyonce мен рэпер Jay-Z Drunk in Love клипімен «будандас­тырып», ролик бірден танымал сайттар мен әлеуметтік желілерді кезіп кеткен болатын. Бейонсенің биі­мен өте үйлесе кеткен ән өзге тіл­де сөй­лейтін әлеуметті де жалт қаратты. Әйтпесе, Абай Бегейдің ән қор­жынында Ұлықпан Жолдасовтың «Аңсағаным», Нұрлан Еспановтың «Сезім қамалы», «Бағалым» (сөзі Ринат Зайытовтікі) сияқты бірқатар тәп-тәуір әндер бар. Ал табиғи талант Дәуір Сағын­дықов жуырда «Шанс» деген əні жарыққа шыққалы тұрғанын айтады. Амандық болса, осы әнім де хит болады, дейді әуесқой сазгер әзіл-шынын араластырып. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан». АЛМАТЫ.