29 Қаңтар, 2016

Әскери БАҚ: ынтымақтастық артады

361 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі әскери іс-шаралардан ақпар беретін журналистерді даярлау бойынша Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық уни­верситетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. «Әскери журналистерді даярлау» – уақыт талабы. Журналистерге бейбіт жағдайда ғана емес, экстремалды, жауын­герлік жағдайда да жұмыс жасай білуді үйрету қажет», – деп атап өтті Қорғаныс ми­нистрінің орынбасары, генерал-майор Талғат Мұхтаров. Меморандумның негізгі бағыты – еңбек нарығында сұранысқа ие әскери журналистерді даярлау жөніндегі бірлескен білім беру бағдарламаларын іске асыру болып табылады. Сонымен қатар, Меморандум қорғаныс ведомствосы және жоғары оқу орны өкілдерінің бі­лім беру деңгейі мен ғылыми біліктілігін арттыруда өзара көмек көрсетуге ықпал етеді. Меморандумға қол қою шеңберінде алғашқы іс-шара жоспарланып отырғанын да айта кеткен жөн. Бұқаралық ақпарат құралдарының болашағы үшін маңызды болған басқосу барысында сөз алған, аталмыш оқу орнында ашылған Журналистика мәселелерін зерттеу институтының директоры Намаза­лы Омашев: – Еуразия университеті мен Қорғаныс министрлігі қолға алып отырған бұл келі­сім тілшілік тіршіліктің тізгінін ұс­тауға ниетті жастардың келешегі үшін керек дүние. Журналист, ең бірінші, патриот болуы қажет. Ішкі рухы мықты адам ғана оқыс оқиға орнынан ақпарат таратудан тайын­байды, – деді. Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналис­тика және саясаттану факультетінің студенттері алғаш рет Қорғаныс ми­нистрлігінің экстремалды журналисти­ка бойынша «Әскери дискурс» практикалық семинарына қатысады. Үш күн ішін­де әскери қызметші нұсқаушылар теория­лық және практикалық сабақтарда болашақ журналистерге қарулы қақтығыс аймақтарында жұмыс жасау негіздері мен әскери іс-қимылдарды жария етуді үйретеді. Рауан ҚАЙДАР, «Егемен Қазақстан».