29 Қаңтар, 2016

28,1 млрд. теңгені құрайтын меморандумдарға қол қойылды

249 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Жамбыл облысында жалпы құны 28,1 млрд. теңгені құрайтын 16 меморандумға қол қойылды. Жұмысшылардың еңбек құқығы мен кепілдігін қамтамасыз ету мәселесіне қатысты өткен жиында Ауыл шаруашылығы министрлігінің комитет төрағасы, ірі кәсіпорындардың басшылары мен кәсіподақ комитетінің төрайымы және басқа да жұмыс берушілер біраз мәселелерді талқылады. Жұмысшылардың әлеуметтік және еңбек құқықтарын қамтамасыз ету, жұмыс орындарын қысқартпау жолдары айтылды. Жиын соңында облыс әкімдігі, кәсіпорын басшылары, кәсіподақ комитеті және ұлттық компаниялар өзара ынтымақтастық туралы екі бағыттағы бірнеше меморандумдарға қол қойды. Барлығы 16 меморандумға қол қойылса, соның ішінде 6-уы ірі кәсіп­орын­дағы жұмысшылардың еңбек құқық­тарын қамтамасыз етуге байланысты. Аталған кәсіпорындарда барлығы 20 мыңнан астам жұмысшы еңбек етеді. Ал қалған 10 меморандум өндіріс барысында жергілікті және қазақстандық үлесті қамтамасыз етуге арнал­ған. Меморандумдардың жалпы құны шамамен 28,1 млрд. теңге. Сондай-ақ, өңірде жұмысшылар мен кәсіподақтар арасындағы байланысты нығайту, жұмысшылардың еңбек құқықтарын қам­тамасыз етуге байланысты кәсіпорынмен мемо­рандумға қол қою өз жалғасын табатын болады. Бүгінгі таңда Жамбыл облысында 3952 кәсіпорын болса, оның 1721-мен немесе 43,5 пайызымен ұжымдық келісімшарт жасалған. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.