30 Қаңтар, 2016

Құрлықтар қауіп-қатер құрсауында

513 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
дагдарыс-1ОПЕК беделіне көлеңке түсті ОПЕК өзінің көшбасшысы Сауд Арабиясына ықпал ете алмағаннан кейін картельге мүше емес басқа елдерді мұнай өндіруді азайтуға шақыруда. Ұйымның бас хатшысы Абдалла Әл Бадри мұнай бағасының құлдырауын тоқтатуға және «алыпсатарлармен» күресуге ірі мұнай өндіруші барлық мемлекеттердің қатысуы қажеттігін атап көрсетті. «Қиын уақыт күрделі шешімдер қабыл­дауды қажет етеді. Бүгінде барлық ірі мұнай өндіруші мемлекеттер келіссөз үстеліне отырып, бағаның құлдырауын тоқтату үшін бірауызды шешім қабылдауы қажет», деді ОПЕК-тің бас хатшысы. ОПЕК пен Ресей арасындағы салқын көзқарасқа қарамастан, ұйым мұнай өндіруді азайту жөнінде Мәскеуге ұсыныс жасады. Кар­тель басшыларының пікірінше, мұнай бағасының төмендеуі бұл салаға инвес­тиция тартуды барынша тежеп отыр. Болашақта оның салдары мұнай өндірісінің дамуын барынша тежейтін болады. Әл Бадридің есебінше, 2040 жылдары мұнай сұранысының тәулігіне 17 миллион баррельге дейін өсуін қанағаттандыру үшін бүгінде бұл салаға 10 триллион доллар көлеміндегі инвестиция салынуы қажет. Сонымен бірге, IHS компаниясының зерттеуі бойынша, 2015-2020 жылдар ара­лығында бұл салаға салынатын инвестиция 2014 жылғы деңгеймен салыстырғанда 1,8 триллион долларға азаятын көрінеді. «Лукойл» компаниясының вице-президенті Леонид Федун ТАСС агенттігіне берген сұхбатында мұнай рыногында қалыптасқан бүгінгі ахуал тікелей ОПЕК жүргізген тиянақсыз саясаттың салдары екендігін атап көрсеткен. «Картельдің мұнай өндіруге квота белгілемеу жөніндегі шешімі, өрттен қашқан мал табынының жарысы сияқты. Бәрінің көздері алайып безіп барады, бірақ қай жерде тоқтайтыны белгісіз. Бүгін біз мұнай бағасының құлдырауы жөнінде ең қауіпті деңгейге жеттік. Қазір әлемде өндіріліп жатқан мұнай көлемінің 1 баррелінің өзіндік құны 30 доллардан жоғары. Егер баға осы деңгейде немесе одан да төмен деңгейде ұзақ уақыт сақталатын болса, онда мұнай мүлде болмайды. Рынокта мұнай тапшылығы белең алып, одан кейін бағаның шарықтап кетуі де мүмкін», дейді Л.Федун. Сонымен бірге, ол ОПЕК ерте ме, кеш пе мамыр айына немесе жазға таман мұнай өндіруді сөзсіз төмендететін болады, осыған байланысты мұнай бағасы да көтеріледі, дейді. Сарапшылардың пікірінше, ОПЕК АҚШ-тың тақтатас мұнайын өндірушілерін тез арада тізерлеткісі келді. Берілген несиелердің көмегінің арқасында АҚШ мұнай өндірушілері 2015 жылы сахнадан кеткен жоқ. Дегенмен, берілген несиелер биылғы жылы мұнай өндіру көлемінің 11 пайызын ғана жабады. Сондықтан ОПЕК-тің америкалық мұнайшыларды рыноктан қумақ болған бастамасы баянсыз аяқталды. Италиялық мұнай алыбы Eni компания­сының бас меңгерушісі Клаудио Дескальци де ОПЕК-тің дәл қазір мұнай саласында реттеуші рөлін атқара алмай отырғандығын атап көрсетеді. Қазір мұнай бағасы осы саладағы алыпсатарлардың қолына көшкен. 2015 жылдың төртінші тоқсанында рыноктағы мұнай көлемі тәулігіне 2,1 миллион баррельден айналды. Бұл сұраныстан әлдеқайда жоғары. Ал үстіміздегі жылдың бірінші тоқсанында бұл көрсеткіш 1,2 миллионға дейін төмендейді. Себебі, мұнай өндірушілер рыноктағы бүгінгі бағамен үлкен кө­лем­де мұнай өндіруге қабілетсіз. Сарап­шылардың пікірінше, ОПЕК амери­калық бәсекелестерін толық жеңе алмады. Мұнай бағасы тұрақтанғаннан ке­йін олардың рыноктағы рөлі қайтадан көтерілетін болады. Сөйтіп, қазіргі таңда ОПЕК мұнай рыногындағы реттеуші ретіндегі беделіне көлеңке түсірді. дагдарыс-2Латын Америкасы алаңдаулы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) 28 қаңтарда Зика жұқпалы індетінің вирусына қарсы күрес шараларын белгілеу жөнінде кезектен тыс мәжіліске жиналды. Осы кездесуде ДДҰ мамандары бұл қатерлі дертпен күрестің ықпалды шараларын белгілеуге тиіс. Зика вирусы бүгінде Латын Америкасының мың­даған нәрестелерін жазылмас дертке шалдықтырды. Зика жұқпалы дерті маймылдардан тарайтын қауіпті ауру болып табылады. Ол қансорғыш масалар арқылы адамдарға да жұғады. Әсіресе, бұл жұқпалы дерт аяғы ауыр әйелдер үшін аса қауіпті. Зика жұқпалы дертінің вирусы аяғы ауыр әйелдің құрсағындағы нәрестені микроцефалия ауруына шалдықтырады. Яғни, құрсақтағы нәрестенің бас сүйегі кішірейіп, ми қабыршағы зақымданады. Сонымен бірге, болашақ сәбидің есту және көру қабілеттері де зақымданады. Өткен жылдың желтоқсан айында ДДҰ мамандары Зика вирусының бірқатар Латын Америкасы елдеріне таралғанын хабарлады. Қазір бұл жұқпалы вирус АҚШ, Дания мемлекеттерінде көрініс берді. Латын Америкасының бірқатар елдері бұл жұқпалы дерттің белең алауына байланыс­ты үлкен алаңдаушылық білдіруде. Еске сала кететін болсақ, әлемде алғаш рет Зика вирусы 1947 жылы Шығыс Аф­рикада көрініс берген болатын. 2014 жылы бұл жұқпалы дерт Солтүстік және Оңтүстік Америкада қылаң берді. Зика дертінің клиникалық ерекшеліктеріне келетін болсақ, сырқаттың денесі бөрітеді, ыстығы көтеріледі, бұлшық еттері қақсап, көз қызарып, түйрейді. дагдарыс-3Министр қызметінен кетті Жапонияның экономика министрі Акира Амари үкіметтегі жемқорлық оқиғасына байланысты отставкаға кететіндігін мәлімдеді. Өткен аптада жапониялық Shukan Bonshun атты басылымда экономика министрі және оның қарамағындағылар бір құрылыс компаниясынан 12 миллион иен (100 мың доллар мөлшерінде) пара алғандығын жазған болатын. Осы жарияланымға байланысты өткізген баспасөз мәжілісінде Акира Амари бұл қаржының саяси қызмет үшін демеушілік көмек ретінде берілгендігін айтып, оның ешқайда тіркелмегендігіне өкініш білдірді. Министр осы бір келеңсіз оқиғаға байланысты кешірім сұрап, өзі басқаратын ведомствода орын алған олқылықтарға толық жауап беретіндігін мәлімдеді. Содан кейін іле-шала экономика министрі Акира Амари өз еркімен отставкаға кетті. дагдарыс-4Босқындар мәселесі ушығып тұр Босқындар мінген кеме Грекия жағалауында апатқа ұшы­рады. Осы апат салдарынан 12 адам, оның ішінде 8 бала суға кетті. Батыс елдерінің баспасөзі хабар­лағанындай, суға батқан кемеден бар болғаны 10 адамды құтқаруға ғана мүмкіндік болған. Осыдан бір апта бұрын Грекия мемлекетінің жағалауында заңсыз мигранттар мін­ген тағы да 2 кеме апатқа ұшырап, 40-тан астам адам қаза тапты. Бұдан бұрын Еуропалық комиссия Грекия елі­нің үкіметін Еуроодақ шекарасын қорғауда ешқандай ықпалды шара жасамай отырғандығымен айыптаған болатын. Соғыс өрті лаулаған Таяу Шығыс елдерінен босқан заңсыз мигранттар ескі кемелер мен қайықтарға жармасып, Жерорта теңізі арқылы Грекияға жетуге ұмтылады. Алақандай Грекия Жерорта теңізі арқылы кәрі құр­лыққа ағылған босқындар тасқынына тос­қауыл қоюға қау­қарсыз. Еуропалық одақ көш­басшылары босқындар проблемасын шешу мәселесі бойынша құр уәдені көпіртіп, тәжірибе жүзінде нақты шешімдер қабыл­дай алмай отыр. «Бері тартсаң өгіз өледі, әрі тартсаң арба сы­на­дының» керімен босқындар проблемасы бүгінде Еуропаның дамуына қауіп төндірген қатерлі құбылысқа айналды. Топтаманы дайындаған Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».