100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тартылды
Еліміздегі шағын қаланың бірі – Құлсарыда тұратын соқталдай жігіт басқа емес, өзін 9 ай құрсағында көтеріп, аялаған анасына тіл тигізіпті. Ол үйіне арақ ішіп келіп, мас күйінде анасын еш себепсіз боқтап-балағаттап, сүйрелеумен шектелмей, бетінен теуіп, соққы да жасаған. Әрине, баласынан боқтық сөз естіп, соққы жеу ана үшін оңай емес қой. Ақ жаулықты ана қорғану мақсатында бетін алақанымен жауып қалған. Осыдан кейін бауыр еті – баласының өрескел әрекетінен әбден көңілі қалып, жүрегіне қаяу түскен ана сотқа жүгінеді. Өйткені, анасының сотта мәлім еткеніндей, баласы күн сайын үйіне арақ ішіп келеді екен. Сөйтіп, өзі өсіп-өнген шаңырағының шырқын бұзып, берекесін кетіретін баласын жазалауды өтінеді.
Рас, сот отырысында кінәлі жігіт өз кінәсін толық мойындады. «Баламның табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын» деп, есейсе де мейірімін аямайтын анасынан кешірім сұрады. Тараптардың уәждерін тыңдаған Жылыой аудандық соты кінәліні Қылмыстық кодекстің 108-бабымен айыпты деп танып, 100 сағатқа қоғамдық жұмысқа тарту жөнінде үкім шығарды. Бұл өзге есерсоқтарға сабақ болса, қане!
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ,
«Егемен Қазақстан».
Атырау облысы.