Астана қалалық соты өткен жылдың жұмысын қорытындылады
Кеше Астана қалалық сотында 2015 жылдың жұмыс қорытындыларына қатысты кеңейтілген жалпы отырыс болып өтті. Елордалық соттардың жұмысы туралы Астана қалалық сотының азаматтық және әкімшілік істер бойынша алқа төрағасы Берік Естай, қылмыстық алқа төрағасы Асқаржан Кенжеғарин баяндама жасады. Сондай-ақ, қалалық соттың материалдық-техникалық базасы және шаруашылық мәселелері туралы Сот әкімшілігінің басшысы Ренат Тауымбеков сөз сөйледі.
Жарыссөзге шыққан Сарыарқа аудандық сотының төрағасы Ерлан Тасыров және Ауданаралық экономикалық сотының төрағасы Ақан Жұмағұлов өздері басқарып отырған ұжымдардағы атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы айтып өтті.
– Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев сот жүйесін одан әрі жетілдіруге үнемі назар аударып, сот әділдігін жүзеге асырудың тиімділігін арттыруға нақты шаралар жасап жатқаны баршамызға мәлім, – деді Астана қалалық сотының төрағасы Тілектес Бәрпібаев. – Жоғарғы Сот басшылығы азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерінің сенімді қорғалуына, Елбасымыздың сот жүйесінің алдына қойған талаптарын жүйелі түрде іске асыру мақсатында жергілікті соттар алдына сот төрелігін уақтылы, заң талаптарына сәйкес әділетті жүзеге асыруды міндеттеп отыр.
– Жоғарғы Сот өткізген рейтинг қорытындылары бойынша Астана қаласының соттарының жалпы көрсеткіші алдыңғы жылдармен салыстырғанда едәуір ілгеріледі. Бұл біз үшін жетістік. Дегенмен, мен сіздерге сенемін, бұдан да жоғары нәтижеге жетуге мүмкіндігіміз бар, – деді Т.Бәрпібаев.
Шарафаддин ӘМІРОВ,
«Егемен Қазақстан».