30 Қаңтар, 2016

Үкімет – солшыл, президент – консерватор

262 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
дубир-1Португалиядағы президент сайлауында жұртшылық күткендей оңшыл центристік саясаттың ардагері, тележүргізуші, комментатор Марсело Ребело де Соуза жеңіске жетті. Оны сайлаушылардың 52 пайызы қолдады. Бұл елде президенттің қызметі негізінен ресмилік болса да, бұл сайлауға айтарлықтай мән берілді. Елде экономикалық та, саяси да жағдай тұрақты емес. Іштегілер де, сырттағылар да жағдайдың тұрақталуына үміт артады. Сырт­тағылар дегенде, бұл елдің экономикасын тұрақтандыруға Еуро­одақтың 85 миллиард доллар қаржы бөлгені белгілі. Әрине, олар сол көмектен нәтиже шықса екен дейді. Жаңа сайланған президент елдегі жағдайға пәрменді ықпал ете ала ма? Бұл жайында әртүрлі пікір айтылады. Сарапшылар де Соуза бір саяси топтың мүддесін қорғап, қоғамға ықпал ете алмайды, ол сол қоғамды ынтымақтастыруға күш салуы керек дегенді айтады. Жаңа президент те сайлау науқанында осы бағытты ұстанды. Оның «тарих парағын ауыстырып, экономикалық, әлеуметтік және саяси ынтымақты бастау керек» деген сөзі сайлаушылар көңілінен шыққан. Ынтымақтасу ұраны оған жеңіс әкелді десе де болады. Күреске 10 үміткер қосылған еді. Мұндай жағдайда әдетте сайлау екінші турға ауысады. Дауыс көп адамға бөлінеді де, бір үміткердің қажетті 50 пайыздан асуы сирек болады. Бұл тек бір үміткердің басқалардан беделі айрықша жоғары болғанда ғана мүмкін. Де Соуза сондай саясаткер болып шықты. Одан кейінгі орындағы социалист Сам­пайо да Новоа 23 пайыз дауыс жинады. Қазір елде қызық жағдай қалыптасып отыр. Өткен жылғы қарашадағы парламент сайлауында билікке социалистер келген. Премьер-министр Антонио Костаның кабинеті де социалис­терден жасақталған. Тар шең­берде алып қарайтын болсақ, олар жаңа сайланған консерватор президент де Соузамен қарама-қарсы көзқараста. Оның үстіне социалис­тер әсіре солшыл компартиямен, солшыл блокпен бірігіп отыр. Сөйтіп, биліктің екі тармағында екі саяси топтың өкілдері отыр. Ел мүддесі деңгейінен қарағанда, олар тіл табысуға тиіс. Осы жерде де Соузаның сонау 1990 жылдардың аяғында социал-демократиялық партияның көсемі де болғаны, сол тұста бұл партия билікке негізгі оппонент болғаны да еске түседі. Содан да қазіргі консерватор президент өзінің бір кездегі түп тамырынан тым алшақтай да қоймас деген болжам жасайтындар басым. Ал социалистерге келсек, не­гізгі билік тұтқасы өздерінде болғанына қарамай, мынадай алмағайып заманда жағдайды шиеленістіруге бара қоймас. Оның үстіне президенттің ресмилік ғана билігі бар дегенмен, оның қолында үлкен бір күш бар – ол парламентті тарату құқына ие. Алда-жалда президентті сол құқықты пайдалануға мәжбүрлеген жағдайда социалистердің жаңа парламент сайлауында жаңадан жеңіске жетуі де неғайбыл. Осынау жағдайларды еске алғанда, жаңа сайланған президент Марсело Ребело де Соуза Португалияда тұрақтылықтың кепіліне айналуы әбден мүмкін. Хорваттар канадалық қайраткерді қалады дубир-2Екі айға созылған үкімет дағдарысынан кейін әупірім тәңірмен Хорватияда министрлер кабинеті жасақталды. Оны тегі хорват канадалық бизнесмен Тим (Тихомир) Орешкевич басқаратын болады. Парламент үкімет құрамын бекітіп те жіберді. Ең алдымен бұл елде жаңа парламент сайлауын өткізу тауқыметінен құтқарды. Әрине, ол айтарлықтай шығынға ұшы­ратар еді. Оның үстіне елдің сая­си күрестің отына шарпылып жатқаны да жақсы емес. Өткен сайлауда екі саяси күш бірдей дерлік мандат алды да, біреуінің үкімет жасақтауға дауыстары жетпеді. Екі күш дегенде, Хорватия демо­кратиялық қауымдастығы (ХДҚ) мен Социал-демократиялық солшыл центристік блок коалициялары өздеріне қосымша одақтас таба алмаған. Ақыры үкімет тағдырын «Кө­пір» деп аталатын топқа бірік­кендер шешті. Олар оңшылдарға ойысты. Бірақ қатаң шарт та қойды: үкімет басында оңшылдар көсемі емес, бейтарап адам болсын деді. Сөйтіп, премьер-министрлік қызмет менеджер, фармацевтік Теве компаниясының Еуропа бо­йынша қаржылық директоры Тим Орешкевичке бұйырды. Загребте туғанмен, өмірі Канадада өткен оның хорват тілі де мүкістеу, ағылшын акцентімен сөйлей­ді екен. Оны кемшілік санап отыр­ған бұлар жоқ. Бір кезде Югославияның премьер-министрі Милан Панич те ағылшын тілді болған. Бірақ жаңа үкіметке қарсылар мін тауып үлгерді. Бірінші ви­це-премьерлікке Хорватия демо­кратиялық қауымдастығының көсемі Томислав Карамарконың тағайындалуына байланысты билік тізгінін сол ұстайды деп, «Көпір» тобымен араздастыруға ілік шығарған. Бұдан кейін қарсыластар жеке министрлерге тиісті. Мәдениет министрлігі тарихшы Златко Хасанбегович­ке жүктелсе, ол фашизмді сынай қоймайды екен, тіпті сонау Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде үкіметті басқарған Анте Павеличті жақсы көреді екен деген сөз айтылды. Ал ардагерлер жөніндегі министр Мийо Црное сатқындардың тізімін жасауды талап еткен адам болып шығыпты. Жаңа үкіметті сынаушылар, әсіресе, бұл елді Батыс­пен, Еуроодақпен шағыстырғысы келетіндер бұған айрықша мән беріп отыр. Мұндай үкіметі бар Хорватия Батысқа жақпайды деп шулайды. Бұл шуды Брюссель естісін деп, Хорватиядағы жаңа үкіметті Еуроодақпен біршама түсінісе алмай жүрген Венгрия және Польша үкіметтерімен салыстырады. Осылайша Батыста ынтымақ кете бастайды деп сәуегейлік жасап, қуанады. Бұл шуға жеңіліс тапқан бұрынғы премьер-министр, социалист Зоран Миланович те қосылып отыр. Әрине, Хорватияның батысқа бағыт ұстағанына қарсылар іште де, сыртта да жеткілікті. Олар Загреб пен Брюссель арасында шу шыққанды қалайды. Сол үшін өздерінің ой-армандарын шындыққа балап айтатыны бар. Батыстың ұстанымында қалып­тасқан канадалық Ореш­кевич сол Батысқа қарсы бағытты ұстанады дегеннен қисын іздеу қиын. Хорватия – Еуропаның батысы мен шығысының аралығындағы ел. Онда қарама-қарсы пікірлер де тоғысып жатады. Ол елдің сая­си өмірінде де, экономикасында да көрініс табады. Содан да түрлі қайшылықтардың болып жататыны да заңды. Ал хорват халқының өз қалауын табатынына да сенесің. Мамадияр ЖАҚЫП, журналист.