Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі Қару-жарақты бақылау және инспекцияны қамтамасыз ету жөніндегі орталығының өкілдері Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шартқа (ЕКҚКШ) қатысушы мемлекеттер қарулы күштерінің хабардар етілген құрылымы бойынша семинарға қатысты. Семинар НАТО-ның Брюссельдегі штаб-пәтерінде өтті.
Атап өтілгендей, семинар мақсаты деректер қорына енгізе отырып, НАТО-ға қатысушы мемлекеттер мен серіктес елдердің қарулы күштері туралы деректерді жаңарту болып табылады. Кездесу барысында қазақстандық делегация 2016 жылға арналған деректі жаңартты, бірқатар екіжақты кездесулерді өткізді. Еліміз Қарулы Күштерінің өкілдері «Verity» дерекқорымен жұмыс жасау туралы қажетті мәліметтерді алды. Дерекқордың өзі жеке құрамның, қару-жарақ пен техниканың санын, қатысушы мемлекеттер арасындағы жүргізілетін инспекциялар туралы есептерді қоса есептегенде, ЕКҚКШ шеңберінде ақпарат жүргізуге арналған.
Бүгінгі таңда Еуропадағы кәдімгі қарулы күштер туралы шартқа қатысушылар Қазақстан, Ресей, Армения, Әзербайжан, Беларусь, Бельгия, Болгария, Ұлыбритания, Венгрия, Германия, Грекия, Грузия, Дания, Исландия, Испания, Италия, Люксембург, Молдова, Нидерланд, Норвегия, Польша, Португалия, Румыния, Словакия, Түркия, Украина, Франция және Чехия, сондай-ақ, АҚШ пен Канада болып табылатынын айта кеткен жөн.
Шартқа сәйкес, оны қолдану ауданы – арал аумақтарын қосқанда, Атлант мұхитынан бастап Орал таулары, Орал өзенінен Каспий теңізіне дейінгі аумақ. Қатысушы мемлекеттерде кәдімгі қару-жарақ пен жауынгерлік техниканың тең санының болуына рұқсат етіледі. Бұл ретте, олардың жалпы жиынтық саны 40 мың жауынгерлік танктен, 60 мың жауынгерлік брондалған машинадан, 40 мың артиллериялық құрылғыдан, 13 600 жауынгерлік ұшақ пен 4 000 жойғыш тікұшақтан аспауы тиіс.
«Егемен-ақпарат».