АЛМАТЫ. 2 ақпан. Алматыда 3 ақпан күні Қазақ мемлекеттік Жамбыл атындағы филармония залында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай дирижер Мүсілім Әмзенің «Гүлден, елім!» атты шығармашылық кеші өтпек.
Музыка сүйер қауымға аты белгілі дирижердің бұған дейін де «Ғасырлар пернесі», «Сырлы сарын», «Сырлы саз», «Аңсау» атты жеке концерттері табысты өткен болатын.
Тәуелсіздігімізді ұлықтайтын бұл концертте Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық оркестрі, танымал өнерпаздар Еркін Шүкіман, Самал Байсейітова, Фархат Кубиев, Саян Ақмолда, Паргев Хачатрян, Гүлжанат Құлжанова және «Арт-Дала» тобы өнер көрсетпек. Оған қоса бірнеше жаңа ән, күй жиналғандардың назарына ұсынылады.
Жас болса да дарынымен жеткілікті түрде тәжірибе жинақтап үлгерген Мүсілім Әмзе Нұрғиса Тілендиев атындағы академиялық фольклорлы-этнографиялық «Отырар сазы» оркестрінің дирижері, Қазақстан Республикасының мемлекеттік академиялық симфониялық оркестрінің дирижері, Петр Чайковский атындағы Алматы музыкалық колледжі симфониялық және эстрада-симфониялық оркестрінің көркемдік жетекшісі әрі дирижері, Абай атындағы мемлекеттік академиялық опера және балет театрының дирижері қызметтерін атқарған.
Мүсілім Әмзенің «Ғасырлар пернесі» (DVD, 2012), «Дирижер Мүсілім Әмзе» (DVD, 2013), «Сырлы саз» (CD, 2014), «Көкбалақ» (CD, 2015) жинақтары жарыққа шыққан.
Ол Республикалық жас орындаушылар конкурсының, Қаршыға Ахмедияров атындағы күйшілер конкурсының лауреаты және I Халықаралық Нұрғиса Тілендиев атындағы дирижерлер конкурсының дипломанты. Мұқан Төлебаев атындағы республикалық «Алтын таяқша» дирижерлер конкурсының лауреаты. «Қазақ хандығының 550 жылдығы» және «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісі иегері.
Айнаш Есали.
Дерек, сурет: egemen.kz.