Мемлекет басшысының сарабдал саясаты ел экономикасын тұрақтандыруға бағытталған. Сол себептен де «Әуелі – экономика, содан соң саясат» ұстанымын берік қолданып отырған Президентіміз Н.Ә.Назарбаевтың әр бастамасы мемлекет мүддесін көздейді. Ол үшін экономика саласының маңайындағы алға жылжуға кідіріс тудырып отырған кедергілерді жою барлық қиындықтан құтқаратынын көреген Елбасы уақыт өткен сайын дәлелдей түсуде.
Бұл ретте «көлеңкелі экономикамен» күрес жолындағы іс-шаралардың жөні бөлек. Осы орайда, Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» бағдарламалық мақаласында көрініс тапқан жалпыға ортақ декларация бойынша ой бөлісу мақсатында Қаржы министрлігі Мемлекеттік кірістер комитетінің төрағасы Дәулет ЕРҒОЖИНге жолыққан едік.
– Дәулет Еділұлы, Елбасының бағдарламалық мақаласында көтерілген «Табыс пен мүлікті жалпыға ортақ декларациялауға кезең-кезеңімен көшу» туралы не айтар едіңіз? Бұдан бұрын да айтылып жүрген осы бастамаға орай түсінік бере кетсеңіз?
– Мүлікті және кірісті декларациялау дегеніміз жыл сайын салық декларацияларын тапсыру деген сөз. Яғни, қандай да бір лауазым иесі немесе қызметкер өзінің табысын еш жасырусыз айтып отыруы қажет. Осындай шаралардың арқасында экономиканың дамуы үдеп, көлеңкелі экономиканың жойылуына мүмкіндік аламыз. Жалпыға бірдей декларациялауға көшудің мақсаты көлеңкелі экономика және сыбайлас жемқорлықпен күрес үшін жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкіне тиімді бақылау жүйесін құру, сондай-ақ, салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдерді жинауды қамтамасыз етудегі мемлекеттің рөлін күшейту болып табылады. Сол үшін де салықтық әкімшілендіруді жетілдіру саласындағы негізгі іс-шаралардың бірі ретінде экономиканың көлеңкелі секторының көлемін қысқарту барысында жеке тұлғалардың кірістерін жалпыға бірдей декларациялауға кезең-кезеңімен көшу көзделеді.
Айтар болсақ, мұндай әдіс дамыған елдердің барлығында баршылық. Халықаралық стандарттар байқатып отырғандай, оның елге тигізер пайдасы орасан. Әлемдік тәжірибеде тұрғындардың нақты табыстарын салықтық бақылау және көлеңкелі экономикаға қарсы іс-қимыл құралы ретінде жеке тұлғалардың табыстары мен мүлкін декларациялау АҚШ, Канада, Германия, Франция, Швеция, Финляндия, Дания, Австралия, Чехия, Италия, Жаңа Зеландия, Грекия секілді елдерде қолданылады. Бұйыртса, біздің ел де осы бағытта жүйелі жұмыс жүргізбек. 2015 жылдың аяғында Қазақстан Республикасының барлық азаматтарының кірістері мен мүлкін декларациялауға құқықтық негізді белгілейтін «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жеке тұлғалардың кірістері мен мүлкін декларациялау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданды. Сонымен қатар, бұл бастама Елбасының Бес институттық реформасын жүзеге асырудың «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарында көрініс тапқан. Сондай-ақ, ол Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясын, Қазақстан Республикасының азаматтары мен тұруға ықтиярхаты бар адамдардың кірістерін және мүлкін жалпыға бірдей декларациялауға көшіру тұжырымдамасы мен Қазақстан Республикасындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған салалық бағдарламаны орындау аясында әзірленді.
Декларация жүйесінің өзі екі түрге бөлінеді. Оның біріншісі – бір рет қана тапсырылатын «кіріс» декларациясы. Онда жеке тұлғалар жыл басында елімізде және шетелдегі жинақталған қаражаты және мүлкі туралы мәліметтерін көрсетеді. Екіншісі – «жеке тұлғалардың табысы және мүлкі туралы декларация» деп аталады және ол жыл сайын тапсырылады. Онда бір жыл ішінде алған табысы, мемлекеттік тіркелуге тиісті, сатып алынған және сатқан мүлкі туралы мәлімет көрсетіледі. Бұдан басқа, сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнама субъектілері болып табылатын мемлекеттік қызметшілер, депутаттар, сот төрешілері және басқа адамдар кезекті декларацияда аталған мүліктерді сатып алған шығыстарының көздерін көрсетуге тиіс болады. Бұл ретте, табысы жоқ тұлғалар немесе мемлекеттік қызметші, депутат, сот төрешілері өз бетінше жұмыс жасайтын адамдар болып табылмайтын, тек еңбекақы немесе зейнетақы түрінде ғана табыстар алатын тұлғалар декларацияны бір парақтағы оңайлатылған нысанда тапсыратын болады. Және де осы ретте салық шегерімдері қолға алынатынын айта кеткен абзал.
Тәуекелдерді басқару жүйесіне негізделген салық бақылауы мақсатында сонымен қатар, үшінші тараптан алынған мәліметтер қолданылады. Сондай-ақ, жеке тұлғаның жариялаған табыстары шын мәніндегі табыстарына сәйкес келмеген жағдайда, жанама әдіспен анықталған табыстан жеке табыс салығын есептеу бойынша норма қарастырылған. Заңмен қарастырылған шаралардың іске асырылуы салық салудан жалтаруды анықтау және «көлеңкелі экономиканың» мөлшерін азайту мақсатында толыққанды бақылауды жүзеге асыруға ықпал ететін болады.
– Елбасы бағдарламалық мақаласында 2017 жылы декларацияларды мемлекеттік кәсіпорындар мен мекемелердің, ұлттық компаниялардың қызметкерлері – бұл шамамен 1,7 миллионға жуық адам –ұсынатын болады, деді. Ал 2020 жылға қарай жалпыға ортақ декларациялаумен барлық жеке тұлғалар қамтылатынын айтты. Ендеше, декларациялаудың кезеңдеріне тоқталып өтсеңіз.
– Мүлікті жалпыға бірдей декларациялау екі кезеңге бөлінеді. Бірінші кезең, яғни 2017 жылы декларацияны депутаттар, сот төрешілері, мемлекеттік қызметшілер және олардың жұбайлары ұсынатын болады. Сонымен қатар, сол жылы мүлік пен табысты декларациялауға ұлттық компаниялардың әкімшілік қызметкерлері мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері, мұғалімдер мен дәрігерлерді қатыстыру ұсынылып отыр. 2017 жылы айтылған тұлғалар «активтер мен міндеттемелер» жөніндегі 2016 жылғы 31 желтоқсанға дейінгі өздерінің елдегі және шетелдегі мүлкі, табысы туралы декларация ұсынуы қажет. Бірінші кезең бойынша декларациялау жүйесіне тұрғындардың барынша дайындалған бөлігін тарту көзделген. Айтып өткенімдей, бір мәрте ұсынылатын «кіріс декларациясы», яғни активтер мен міндеттемелер туралы декларацияда жеке тұлға жыл басына мүліктері мен жинақ қаражаттары жөнінде, соның ішінде шетелдегі, сондай-ақ, өзінің барлық қарыздарын, яғни оған және ол кімге қарыз, соның барлығын бейнелейтін мәліметтерді көрсетеді. Кіріс декларациясында сондай-ақ, мүлік, ақша, жер телімдері, құнды қағаздар, көлік құралдары, банктік мәліметтер – кредиттер, депозиттер туралы деректер көрсетіледі. Бұл ретте айта кетер жайт, банктік мәліметтердің декларациясы әрине, депозиттер мен кредиттер шетел банкінде болғанда ғана жасалады. Ал олар өз еліміздің банкінде болатын болса, біз қажетті ақпаратты осындағы банктердің өзінен тікелей аламыз. Және де жеке тұлғалар мәдени құндылықтар негізіндегі, мысалы, мемлекеттік мәдени құндылықтар тізілімінде бар мүліктерін декларацияда белгілей алады. Олардың қатарына бағасы 3,9 млн. теңгеден асатын әшекей бұйымдар мен түрлі антиквариаттар жатады. Бұл ретте олардың бағасын дәлелдейтін құжат қоса көрсетіледі.
2018 жылдан бастап 2017 жылы кіріс декларациясын ұсынған тұлғалар жыл сайын мүлік пен табыс декларациясын ұсынып отыруға міндеттеледі. Онда жыл сайынғы кірістер, мүлікке ие болу, жылжымайтын мүлік, құнды қағаздар секілді бағалы заттар көрсетілетін болады. Десек те, бұл мәселеде көпшілік арасында қызу пікір туындап отырғаны тағы бар. Бірқатар тұрғындар кіріс пен шығысқа есеп беруді ұсақ-түйекке дейін есептесумен байланыстырады. Ол мүлдем олай емес, декларацияда тек бағалы мүлікке ие болғанда, жылжымайтын мүлік сатып алғанда, көлік құралдары, құнды қағаздар алғандағы кірістер мен шығыстарын белгілейді.
Ал екінші кезең 2020 жылға жоспарланған. Бұл ретте декларациялауға жеке тұлғалардың қалған бөлігі толықтай енетін болады. Бұл кезеңде де 2019 жылдың 31 желтоқсанына дейінгі кіріс декларациясын ұсыну қажет. Сонымен қатар, бүгінгі таңда декларацияны ұсыну мерзімі 31 наурызға дейін делінген болса, заң жобасында қағаз түріндегі декларация 15 шілдеге дейін, ал электронды нұсқадағысы 15 қыркүйекке дейін берілуі қажет делінеді.
– Мүлікті декларациялау жұмыстарын жандандыруға сіздердің комитет тарапынан атқаралып жатқан істер жайында білсек.
– Бірінші және екінші кезеңдер арасындағы уақыт үзілісі органдардың мемлекеттік кірістері жөніндегі жүйені тестілеуге мүмкіндік береді. Және де декларацияны өңдеу мен қабылдау жұмыстарын жандандыруға, сол орайдағы мәселелерді анықтауға уақыт жағынан ұтымды. Тұлғаларды декларациялаудың жаңа тәсілдері мемлекеттік кірістер органдарында соған сәйкес инфрақұрылым құруды талап етеді. Бұл ретте біздің комитет осы уақыттардың өзінде декларация қабылдау үшін лайықты жүйе құру барысында өз жұмысын бастап та кетті. Біздің тараптан декларация жасауда кеңес беру мен қажетті көмек көрсету бойынша бағдарлама жобасы жасалуда. Біз бұл жұмысымызды ағымдағы жыл соңына дейін аяқтауымыз керек. Біздің есеп бойынша, алдағы уақыттарда декларация ұсынуға тиісті тұлғалардың 70 пайызы немесе 8 миллионға жуық адам оңайлатылған пішімдегі декларация ұсынады деп күтілуде.
Бұл ретте біз шығыстар мен кірістерді 100 пайыз көрсетуді талап етпейтінімізге назар аудару қажет. Бар болғаны ең маңызды, қажетті есептер берілсе жетіп жатыр. Себебі, осы тақырып төңірегінде әлемдік тәжірибеден алған тағылымымыз мол, олар араға ұзақ уақыттар салып тексерістен өткен тәжірибелер. Сондықтан осы істе ауқымды қателіктерге ұрынбайтынымыз кәміл. Біздер Италияның, Балтық бойы елдерінің жеке тұлғаларды салықтық бақылау жасау барысындағы тәжірибелерін зерттедік. Әлемдік тәжірибе бойынша комитет тарапынан тәуекел тұлғалардың категориясын анықтайтын критерийлер жүйесі жасалатын болады. Және де тұлғаларды тексерудің жеке әдісі қолға алынбақ. Алдағы мақсат айқын, мұның барлығы ел экономикасын тұрақтандырып, оны дамыту жолындағы кедергілерді жоюға бағытталады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Эльмира МӘТІБАЕВА,
«Егемен Қазақстан».