03 Ақпан, 2016

Әлиханның еттабағы табылды

320 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
ТабакӨшкен жанып, жоғалған табылса – адамның жаны семіріп, өмірдің де арайлана түсері бар ғой. Ал, табылған дүние тарихи тәбәрік болып шықса, оның үстіне Алаштың аяулысына қандай да бір қатысы болса – бұл дегеніңіз исі қазаққа ортақ қазына емес пе?! Ақтоғай ауданынан Алаш­тың көсемі Әлихан Бө­­кей­хановтың еттабағы та­был­ды. Енді осы қуа­нышты ха­бардың жай-жапсарын рет-ретімен баяндайық. Еттабақ туралы қуаныш­ты хабарды өлке тарихын зерттеуші этно­граф-жазушы Төрехан Май­басқа жеткізген Әлихан баба­мыздың немере қарындасы Әниша Жасым­бекқызы екен. Жалма-жан телефон тұтқасына жабыстық. «Әлихан атамыздан қалған құн­ды жәдігер – еменнен ойылып жасалған кәдімгі еттабақ. Бұл табақты бабамыз менің әжем Са­қыпқа өз қолымен табыстапты. Бір ғасыр бұрын жасалған құнды жәдігерді Қалымхан шешем бүгінгі күнге дейін көздің қарашығындай сақтап келді», – дейді Әниша апамыз. Әниша Жасымбек­қызы­ның өзі қырық жылдан бері бала оқытып келе жатқан ұлағатты ұстаз екен. «Білім беру ісінің озат қызметкері» деген атағы бар. Қазіргі уақытта Ақтоғай ауданының Абай ауылында тұрып жатыр. Шерлі шежірені тарқатар болсақ, Бөкейханның тоғыз ұлының бірі Батырдан Мырзатай мен Рүстем туады. Мырзатайдан Нұрмұхамед балалары Әлихан, Смахан тараса, Рүстемнен Бегетай баласы Жасымбек өрбиді. Міне, Әниша апамыз осындай текті жерден шыққан, Жасымбектей жасын ердің қызы. Қылышынан қан тамған кеңес өкіметі Әлихан сынды ұлтының қамын жеген қамқор ерге өлердей шүй­ліккеніне тарих куә. Тіпті, қара жердің қойнына кет­кеннің өзінде аруақты тыныш жатқызбаған ғой. Әли­хан дүниеден озғанда оның Талдыбейіттегі басына құл­пытасты Смахан төре қойған екен. Кейінде, шамамен ал­ған­да өткен ғасырдың 60-шы жылдарының аяғына таман партия­ның әпербақан белсенділері Жасымбекке келіп, құлпытастың көзін құрт деп қамшы үйірген. Сол кездің өзі алмағайып за­ман еді: бір амалын таппаса тас тұрмақ бас кетерін Жа­сымбек жақсы білген. Он ойланып, жүз толғанып, ақыры құлпытастың жазуын сылап тас­тайды. Сол кездегі сая­сат­тың сұрқиялығын көр­мей­сіз бе: аға баласы Сма­хан төре ардақтап қойған тас­тың бетіндегі жазуды інісі Жа­сым­бекке көзінің жасын көл қыл­дыртып тұрып өшірт­кен еді. Жасымбек ақсақал заманында ферма меңгерушісі, орман шаруашылығының қызметкері болып еңбек еткен. Жасымбек ақсақал 1980 жы­лы дүниеден өткен. Ал, ол өкініштен өзегі өртене отырып бетіндегі жазуды өшір­ген құлпытас 1992 жылы Ақтоғайда үш арыстың – Әли­хан Бөкейханов, Жақып Ақбаев және Әлiмхан Ерме­ковтің тойы өткенде қайта қалпына келтірілген болатын. Ендігі мақсат – тезірек табақты қолмен ұстап, көзбен көру. Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан». Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданы. Суретте: сол жақта Әниша Жасымбекқызы.