Жамбыл атындағы Қазақ мемлекеттік филармониясының концерт залында жас талант, халықаралық байқаулардың лауреаты, 100-ден аса музыкалық туындылардың авторы, виртуоз пианиношы Рахат-Би Әбдісағин жеке концертін берді.
Туған жерінде тұңғыш рет авторлық кешін өткізіп отырған Рахат-Би жас та болса, алыс-жақын шет елдерге кеңінен танылып үлгерген аса талантты композитор һәм музыкант. Он алты жасында Еуропа мен Азияның алдыңғы қатарлы сахналарынан туындылары орындалып жүрген жас композиторға деген құрметі болса, керек, 2013 жылы Парижде өткен француздың әйгілі композиторы Эрик Сатиге арналған мәдениет күндерінің ашылу салтанатын Рахат-Бидің «Aport pour Satie» атты туындысымен автордың орындауында бастап, ол туралы Батыс баспасөзі «қолына өнердің киесі қонған қазақтың ғажайып талантты ұлы» деп жарыса жазды.
Мектеп табалдырығында жүрген кезінде Рахат-Би Әбдісағин Қазақ ұлттық өнер университетінде, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясында, Назарбаев Университетте, Италияның Санта-Чечилия академиясында және Алматыдағы Оқушылар сарайында «Музыка жолы» атты концерт-лекция өткізіп, өнерсүйер қауымның шынайы ықыласына бөленген еді.
2015 жылы Дәстүрлі музыканың халықаралық кеңесіне мүше болып, Дәстүрлі музыканың дүниежүзілік конференциясындағы ең жас лектор ретінде мойындалып, «Гармония шегі», «Математика және заманауи музыка», «Замана тұрғысындағы этнос» деп аталатын музыкатанушыларға арналған бірнеше ғылыми еңбектерімен әлемдік өнер майталмандарының арасында танымал бола түсті.
Өзінің авторлық кешін жас пианист «Жыл құстарының сарыны» атты туындысымен ашты. 2013 жылы Ялтада өткен А.Спендияров атындағы ІІІ Халықаралық композиторлар байқауында І орын иеленген бұл туынды туралы автордың өзі: «Адам қолымен талқандалған жерге жыл құстары қона алмауы – Табиғаттың жанайқайы. Тіршілік үшін бар жағдай жасалған өмірдің табиғи тербелісін, жарасымдылығын адам қолымен бұзу – қылмыс. Мен осындай бүгінгі өмірдің келеңсіздігін музыка тілімен, құстардың үнімен жеткізуге тырыстым» дейді.
Тек өз туындыларын ғана емес, әлемге әйгілі Моцарт, Шопен секілді ұлы композиторлардың да шығармаларын жоғары дәрежеде орындайтын Рахат-Би Венецияда итальяндық оркестр мен дирижер Пьетро Перинидің сүйемелдеуімен қайталанбас концерт беріп, осы өнері үшін халықаралық дипломға да ие болған.
Рахат-Бидің «Қазақ рапсодиясы» атты туындысы дүниежүзілік «Discography» музыка топтамасына енгізіліп, осыдан тура 30 жыл бұрын Ғазиза Жұбанова мен Серік Еркімбеков және Тілес Қажығалиевтің туындыларынан кейін үзіліп қалған әлемдік көштегі қазақ өнерінің арқауын жаңғыртты.
Жас таланттың «Өмірге талпыныс» («The Will to Live») атты шығармасы әлемдік дәрежеде кеңінен насихатталған біртуар өнер туындысы. 2015 жылы Берлин филармониясында орындалғаннан кейін бұл шығарма Испанияның Аликанте, Телуаде секілді өнер астаналарында насихатталып, күллі әлемге жол тартты. Осы қайталанбас туындысымен Рахат-Би Әбдісағин өзінің авторлық кешін түйіндеп, Қазақстан Республикасы Мемлекеттік академиялық оркестрінің сүйемелдеуімен қалың тыңдарманын өз өнеріне сусындатты.
Жас та болса әлемдік деңгейде танылып, ұлтымыздың музыка өнерін насихаттап жүрген Рахат-Бидің авторлық кешінде оркестрге Қанат Омаров көркемдік жетекші болса, ал Ерболат Ахмедияров дирижерлік қолдау көрсетіп, өнердегі жарасымдылықтың жалғасатынын танытты.
Қанат ЕСКЕНДІР,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.
Суретті түсірген
Нұрманбет Қизатов.