акциясы халықты біріктіруші шараға айналды
Шығыс өңірінде Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шаралардың алғашқы легі басталып кетті. Осы орайда облыс орталығында «Туған ел – алтын бесігім!» акциясы аясында гала-концерт өтті. Аталған акцияға жеті жыл бойы өңірдің қалалары мен аудандары белсенді түрде қатысып, өздерінің экономикалық һәм мәдени әлеуетін танытқан болатын. Өнер кешінде Жарма ауданының «Ғасырлар үні» этнографиялық ансамблі, Үржар ауданының «Аққулар сазы» фольклорлық ансамблі, Тарбағатай ауданының «Бабалар сөзі» этнографиялық-фольклорлық ансамблі, Зырян ауданының «Зыряночка» халықтық би ансамблі, Риддер қаласының камералық ансамблі және басқа да өнер ұжымдары мен өнерпаздарды көрермендер ыстық ықыласпен қабылдады.
– «Туған ел – алтын бесігім!» акциясы 2009 жылдан бері өңіріміздің қалалары мен аудандарының дамуына ерекше серпін берді. Акцияның арқасында ауылшаруашылық өнімдерінің нарқы кеңейіп, аудандағы мәдениет үйлері күрделі жөндеуден өтті, өзге аудандарға қосылып кеткен бұрынғы аудан орталықтарындағы мәдениет үйлері де кез келген республикалық дәрежедегі ұжымдарды қабылдай алатындай жағдайға ие болды. Одан бөлек, туған жер мен елге арналған қаншама жаңа шығармалар дүниеге келді, алыс ауылдардағы өнер ұжымдарының материалдық-техникалық базасы жаңартылды. Шетелдерде, Астана мен Алматы қалаларында, өзге өңірлерде жүрген әйгілі жерлестеріміз туған өлкесіне келіп, акцияның ажарын ашты. Сондықтан, берері мол акция әлі де жалғасын таба бермек. Биыл бұл шара Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерейтойы шеңберінде жаңа деңгейге көтеріледі, – деді облыс әкімінің орынбасары Жақсылық Омар.
Кеш барысында Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының хатшысы Владимир Головатюк «Туған ел – алтын бесігім!» атты акцияның былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығы, Ұлы Жеңістің 70 жылдығы, Ата Заң мен Қазақстан халқы Ассамблеясының 20 жылдығына арналғанын, аталған акцияның халықты біріктірудің, ұлт пен ұлыстың мәдениеті мен өнерін насихаттаудың тиімді құралына айналғанын ерекше атап өтті.
Облыс әкімінің орынбасары Ж.Омар аталған акцияға атсалысқан қала, аудан басшылары мен өнер өкілдеріне, шығармашылық ұжымдарға алғыс айтып, акция жеңімпаздарын марапаттады.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
ӨСКЕМЕН.