04 Ақпан, 2016

Қазақ хандығы һәм Қарасай батыр

2133 рет
көрсетілді
22 мин
оқу үшін
«Карасай батыр», А. ДузелхановҚазақ хандығының бірнеше ғасырлық тарихында мемлекеттің тұрақ­тылығы мен тұтастығын сақтауда ұлт батырларының ор­ны ерекше бол­ғандығы белгілі. Олар­дың елін қорғаудағы жеке ерліктері мен сарбаздарды бастаған қолбасшылық ерендігі халықтық жыр-дастандар арқылы ұрпақ жадында жатталып қалды. Сонымен бірге, халқымыздың жатжұрттық жаулаушыларға қарсы күресі, ондағы батырлардың алған орнын айқындауға арналған әр кезеңдердегі көптеген шетелдік және отандық тарихи жазбалар мен ғылыми зерттеулер де баршылық. Қарасаев Ғани Мұқашұлы-2Қазақ хандығының қалыптасып, ныға­юы дәуірінде өзіндік орын алатын ХVІІ ға­сырдың бірінші жартысында туған елін басқыншылардан қорғап, жерін сақтап қалған осындай батырлардың қатарына Қарасай Алтынайұлы жатады. Ол ХVІ ғасырдың соңында қазіргі Алматы облысы Жамбыл ауданындағы Суықтөбе тауының баурайындағы Қарасаз деген жерде өмірге келген. Аталған рудың тарихи орналасқан жерлері туралы Ш.Уәлиханов «Дулаттар мен албандардың кейбір ұрпақтары және ша­­пыраштылардың біраз бөлігі Іленің оң жағалауында да көшіп жүреді», деген дерек бе­реді. Белгілі қазақ тарихшысы М.Тыныш­баевқа жүгінсек: «... Ру атауы Шапырашты, ұра­ны Қара­сай., тамғасының атауы Ай, Тұмар». Қарасай батыр аса күрделі әрі қат-қабат қарама-қайшылыққа толы ХVІІ ғасырдағы Қазақ хандығының Орталық Азиядағы мемлекеттер мен халықтар арасындағы саяси-әскери, т.б. бағыттардағы қарым-қатынасындағы ор­нын айқындауға өлшеусіз үлес қосқан толағай тұлға. Сол мерзімдегі тарихи деректерден белгілі болғанындай, ХVІІ ғасырдың бірінші ширегінен-ақ жаугершіл Жоңғар хандығының тарих сахнасына шығуына байланысты Орталық Азиядағы саяси жағдай барынша шиеленісе түсті. «Хал­кастық Жасақту хан иеліктерінің шы­ғысынан батысына қарай қырғыз-қайсақ даласына, оңтүстігінде Кіші Бұхара мен Турфанға, солтүстігінде Сібірдегі Олот монғолдары мекендеген жерлерге дейінгі кең аймақта көп санды, іскер және жауынгер, өздерінің тайшыларының билігіне бағынған, Шыңғыс әулетінің негізінде ХV ғасырда құрылған мықты және айтарлықтай белгілі Жоңғар немесе Зюнгар мемлекеті бар», – деп жазады «Сибирский вестник» журналы. Білікті тарихшы Н.Масановтың айтуына жүгінсек, «Есім ханның кезінде ХVІІ ғасырдың ортасына қарай өздерінің жайылымдықтарын Ертіс және Іле өзендерінің жоғары аңғарларынан Орталық Ертіске (қазіргі Павлодардан төмен қарай), Есіл, Терісаққан, Камышлова мен Обьтың (Тары қаласы) жоғарғы ағысына дейін неғұрлым солтүстікке қарай жылжытқан және бұл жерлерде осы жүзжылдықтың соңына дейін Көшімнің Сібір хандығының құрамына енген түркітілдес рулар мен тайпалардың үлкен топтарымен түйіскен батыс монғол, немесе ойрат тайпаларының одағымен қазақ­тардың қарым-қатынасы едәуір тұрғыда шие­ленісе түсті. ХVІІ ғасырдың 20-жылдарының бірінші жартысында бұрынға ойрат одағы тарады: Хошоут тайпасы Тибетке қоныс аударды, ал Хо-Урлюк тайшы бастаған 1 миллионға жуық торғауыттар ойраттардың негізгі топтарынан ажырап кетті және Солтүстік Қазақстан ар­қылы Еділдің төменгі аңғарына, Каспий далаларына көшіп, өздерінің этникалық мекенін тапты және қалмақтар деп атала бастады. Оңтүстік Сібірдің кең аумағы мен Ал­тайдың етегінде көшіп жүрген қалған торғауыт тайпалары, чоростар мен дүрбеттер чорос князьдарының басшылығымен бірігіп, 1635 жылы Жоғарғы Ертіс жағалауында Жоңғар хандығы деп аталған дербес жаңа бірлестікті негіздеді. Жаңа көшпелі хандықтың басына жігерлі және жауынгер билеуші Ердене Батыр қоңтайшы отырды (1634-1653). Ургада бірінші жоңғар ханының таққа отыруына және де оның оңтүстік пен солтүстік батыс бағыттағы белсенді сыртқы саясатының басталуына байланысты Жоңғарияның шекаралық жер иеліктерінің шеті ХVІІ ғасырдың ортасында Ертіс арқылы төмен құлдилай отырып оңтүстік жағында қазақтардың, барабы татарларының және тағы да басқа Алтай халықтарының жайылымдықтары жатқан Жәміш көліне тірелді». Ал осы тұстағы қытай дерек­терінде бұл мем­лекет туралы: «Жоңғарлар олоттардың ұрпағы. Олот (Елёт) Қалмақ Ордасының атауы. Батысында Баркөлден қырғыз-қайсақ шекарасына дейін орналасқан. Жоңғарлар Іле өзені бойында көшіп жүрген Орданың (Қалмақ Ордасының, – Ғ.Қ.) бір бөлегі. ...Олар егін егеді, малды кәсіп етеді ... Жоң­ғарлар ашушаң және әдепсіз, арсыз және әрекеттерін ақылға жеңдіре алмайды. Тонаушылықты батырлық деп есептейді. ...Жоңғарлар қиындыққа үйренген, соғысқа бейім, мылтық пен найзаны шебер меңгерген. Кіші Бұхара ...оларға бағынышты болды. Олар миллионнан артық әскер шығара алады. ...Өздерінің күшіне сенген олар Ресей, Үндістан, Кашмир, Тибет және Персия шекараларына шабуыл жасайды», деген анықтама берілген. Көшпелі моңғол тайпаларының басым бөлігін өзіне бағындыра бастаған Жоңғар хандығының билеушісі Болат қоңтайшы жаңа мемлекеттің шекарасын ұлғайтуға, тың жайылымдықтарға ие болуға ұмтылды. Сол мақсатпен оның назары өзіне көрші жатқан құнарлы қазақ жерлеріне ауды. Жоңғар билеушісінің сұ­ғынуына қарсы «Қазақ ханы Есім ойраттармен екі жақ алма-кезек табысқа жетіп отырған бірнеше шайқас жүргізді. Алайда, Түркістанның құ­нарлы жайылымдықтары және көршілес көшпелі қос халыққа өмірлік қажетті сауда-қолөнерлік һәм егіншілік аумақтары үшін күрестері соңы қазақтар үшін сәтсіз болған ұзақ және шығынды соғыстарға ұласты» дейді дерек­көздер. Осындай жағдайдағы Ба­тыр қоңтайшы мен оның бірінші ізбасары Сенгенің кезінде, яғни 1635 жылдан 1671 жылға дейінгі кезеңде «Ойрат феодалдық мемлекетінің ішкі бірігуі мен сыртқы қарым-қатынастарының нығаюы іске асырылды» деп көрсетеді И.Злат­кин. Қазақ хандығы мен Жоңғар мемлекеті арасындағы қатынас, әсіресе, ХVІІ ға­сыр­­дың 30-жылдарынан бастап барынша қиын­дай түсті. Өзінің әскери күшіне сен­ген Батыр қоңтайшы бастаған Жоң­ғар хандығы қазақ жерін иелену ниетімен ашық соғыс қимылдарына көшті. Қалың қолын қаптатқан бұл басқыншылық жорыққа Ресей патшалығымен және Қытаймен арадағы қатынас­тарды өз мүддесіне сай икемдеуі де әсерін тигізді. «Жоңғар хандығының би­леушісі, – деп жазады И.Златкин, – Мәскеумен толық қатынас орнатуға үлкен маңыз берді және осы жолдағы кедергілерді жоюға құлшыныс білдірді. ...Батыр қоңтай­шының биліктегі кезеңі орыс өкіметі мен Жоңғар хандығы арасында елшіліктер алмасудың белсенділігімен ерекшеленеді. Дерекнамаларда Батырдан жіберілген 33 және оның өзіне келген 19 ел­шілік туралы анықтамалар сақталған. Олар бұдан да көп болды деп айтуға негіз бар». Аталған уақытта барша монғол қоғамын жоңғар билігіне жүгіндіруге әрекет еткен Батыр өзінің мақсатына жете алды да. 1640 жылдың күзінде Тарбағатай өңірінде өткен монғол хандары мен бектерінің жиынында ол негізгі монғол руларына өзінің өктемдігін орнатып үлгерді. «Монғол-ойрат» заңы (Цааджин Бичиг) қабылданды. Сөйтіп, белгілі уақытқа дейін жоңғарлардың ішіндегі өзара талас-тартыс пен алауыздық тоқтатылды. Батыр қоңтайшы мемлекеттің шаруашы­лық тұрғысынан дамуына да назар аударған екен. Атап айтқанда, осы мерзімде «феодалдық қатынастар нығайып, қалалар қатарындағы отырықшы елді мекендер салына бастайды. Егін шаруашылығы дамиды» деп көрсетеді Ислам Қабышұлы. Яғни Жоңғар мемлекеті басшысының ішкі-сыртқы саясатының түпкі мақсаты хандықтың қуатын арттырып, оны жаңа жерлер басып алу арқылы кеңейту болды. Көптеген тарихи деректер көлемді қазақ-жоңғар қарулы қақтығыстары ХVІІ ғасырдың басынан-ақ орын алғандығын баяндайды. «Бұхар хандығын жаулап алу туралы ойынан қайтқан Есім хан, – деп жазады М.Тынышбаев, – енді өзінің назарын келесі, неғұрлым қауіпті көршісі – қалмақтарға аударды. Есімнің қал­­мақтарға жасалған жоғарыдағы аталған жорығы бірінші болмаған шығар, өз кезегінде қалмақтар да өзінің уақытында қазақтарға бір­неше рет шабуыл жасауы мүмкін». М.Ж.Көпейұлының айқындауынша: «Есім­­хан заманында Сарыарқада қалмақтың қоныстана бастаған уақыты, әсіресе, Балқашқа қа­рай­ғы атырапта. Бұл әңгімеге арқау болған ке­зек­ті бір соғыс болса керек (шамасы 1625 жж.)». Осындай жағдайда ХVІІ ғасырдың бірін­ші ширегінен бастау алған қазақ-жоңғар соғыстарында елін қорғау жолында атқа қонған ұлт батырларының қатарында Қарасай Алтын­ай­ұлы да болды. Ол шешуші шайқастарда қазақ қолына бас бола біл­ді. «17 жасында жауға қар­сы шығып, – деп жазады К.Мамырұлы, – содан кейінгі елу жыл бойы үстінен сауыты, қолынан найзасы түспей, бел шешпей елін қорғаумен болған. Алғашқы шайқастарда ерен ерлік көр­сеткен бозбала Қарасайға қазақтың атақты хандарының бірі Ер Есім «батыр» атағын беріп, бас қолбасшылыққа тағайындаған. Осы Қарасай Еміл-Жанай батырдан туды қабылдап алып, ант берген. Қазақтың Қарасай батыры 1627 жылғы шайқаста ойраттардың қасарысқан қас баһадүрлерімен жекпе-жекке шығып, олардың он бірінің басын алған екен. Бұ­лар­дың арасында ойраттардың атақты баһадүрлері ағайынды Манжи мен Танжи де болған. Қарасайдың бұл жолғы жүрек жұтқан батырлығы мен ересен намысқойлығы ойрат­тардың төбесінде жай оғындай жарқылдаған. Осының нәтижесінде бұл жолғы болған ұлы ұрыстың барысында Ақ­жайықтың бойын жайлаған қазақ рулары Еділ өзенінің сол жақ жағалауындағы атырап-аумаққа өздері қайта ие болып, сол көп-көрім жердің қожасы атанды». Осындай тегеурінді тойтарыс алғанымен, жоңғарлар қазақ жеріне деген ұмтылыстарын тоқтатпады. Екі хандықтың әскерлерінің та­рихта қалған келесі ірі қақтығысында, А.И.Левшиннің баяндауынша: «...Батыр Есім­мен 1635 жылы соғысып, қырғыз-қазақ әс­керлерін басқарған Жәңгірді олар тұтқынға алған». Осындай қиын шақта «барлық билік Қарасай батырдың қолына көшіп, енді оның басты міндеті – ханзаданы ойраттардан қалайда қайтару болады. Бастарын бәйгеге тіккен қос баһадүр: Қарасай батыр мен арғын Ағынтай батыр тәуекелге бел буып, дұшпан шебін тас-талқан етіп бұзып-жарып, қоңтайшының шатырында қолға түсіп отырған Жәңгір ханды босатып алады» деп айқындайды деректер. Бұл шайқастың одан арғы жалғасын тағы бір тарихи дерек: «Сөйтіп, қалмаққа тұтқиылдан тиісіп, Арқас аңқайына дейін қуып, қалмақтарды қатты қырғынға ұшы­ратты. Үрейлене қашқан торғауыттар Аңқай­дан өтіп қашты. Қазаққа пәле әкелген, қалмаққа жол берген Аңқай ауызы енді қазақ қолында болды. Арқарлыдан Аңқайға дейін жауды қууы Қарасайға өшпес даңқ әкелді» деген сипаттамамен жеткізеді. Осы оқиға туралы Т.Сұлтанов­тың жазуынша: «...Сәті түсіп қорлықты тұтқыннан босанып шыққан Жәңгір ойраттардың өмір­лік жауына айналды және де оларды өзінің жиі шапқындарымен мазалауды тоқтатпады. Қалмақтармен күресінде хан Қашғар моғол­дарының қолдауына сүйенген болуы мүмкін. Атап айтқанда, Жәңгір мен моғол ханы Абдаллах өзара достық қатынас орнатты және елшіліктер алмасты». Бұл жеңіліс те жоңғар билеушісінің түпкі жоспарына деген ұмтылысына тоқтау сала алмады. Батыр қоңтайшы жаңа соғысқа дайындалды. И.Е.Фишерге жүгінер болсақ, ХVІІІ ғасырдағы белгілі неміс ғалымы Батыр қоңтайшы 1643 жылы одақтастарының көме­гімен елу мың әскер жинады, және де алдымен он мыңға дейінгі Алат және Тоқман қырғыздары мекендейтін екі провинцияны бағындырды. Оқиға суыт болғандықтан Жәңгір сұлтан алты жүзден астам ғана сарбаз жинақтап үлгерді, алайда, оларды қолайлы орналастыруды білді; бір жартысын таулардың арасындағы шатқалға жерді қаза отыра орналастырды, ал өзі келесі жартысымен қалмақтар тар шатқалға шабуыл жасап, одан өте алмай жатқанда таудың келесі жағына жасырынды. Барлығы оның ойластырғанындай болды: Қоңтайшы батылдықпен қорғана білген шатқалдағыларға шабуыл жасады; ал осы кезде Жәңгір сұлтан жауына ту сыртынан шабуылдап, мылтықтан оқ жаудырып, жау жағы сол жерде он мыңға жуық адамы­нан айырылды Осы кезде Самарқаннан Жалаң­төс баһадүр Жәңгір сұлтанға жиырма мың адам­­мен көмекке келіп жетті. Мұның өзі Қоңтайшыны шегінуге мәжбүр етті. Бұған қарамастан ол осы соғыста қолға түскен тұт­қындарды ұстап қа­лып, оларды өз жеріне алып кетеді. Келесі тарихи жазбалардан белгілі бол­ғанындай, Батыр қоңтайшының 50000 әс­керінің құрамына негізінен түрлі топтардағы жоңғарлар және олардың одақтастары – Орталық Азияның монғол текті халықтары кірді. 1643 жылы Батыр Тянь-Шаньның оң­түстік сілемдеріндегі жерлердің бір бөлігін басып алды, бірнеше мың қазақтар мен қырғыз­дарды тұтқынға түсірді. Сонда Жәңгір Бұхар хандығының ықпалды төресі, әйгілі әмір Жалаңтөстен көмек сұрады. Тянь-Шань қырғыздарының әміршілерімен де уағдаластыққа қол жеткізілді. Олар көмек көрсетуге уәде берді. Жағдай жедел қимылдауды талап етті. Жи­налған жасақпен Жәңгір Жоңғар Ала­тауына, Орбұлақ деген жерге жетті. Қазақ ханы сол жерде жоңғарлардың беталысын бақылап жатты. Жәңгір сұлтанда небәрі 600 қаруланған атты әскер бар еді. Бұлар таңдаулы жасақтар болатын. Олардың арасында шапырашты Қарасай, арғын Ағынтай, алшын Жиембет, қаңлы Сарпық, найман Көксерек, дулат Жақсығұл, суан Елтінді батырлар болды. Нақты мағлұматтардан айғақ болғанын­дай, батырлары бастаған саны аз қазақ жауын­герлері тапқырлық пен ерліктің үлгісін көрсетті. Осы күш тең емес шайқаста «Жәңгір Қарасай мен Ағынтай екеуінің қолын оқпанаға орналастырды. Батыр қолының дайын жатқан, оқпанадағы жайын білмеген олар қатты қырғынға ұшырады» деп куәландырады Қазыбек би Тауасарұлы. Орбұлақтағы жеке қаһармандығы және әскери жеңісі үшін... қазақтар Жәңгірге «Салқам» деген қошемет, қосымша ат қосады. Міне, осылай, өзінен саны жүз есеге жуық қарсыласына ойсырата соққы берген қазақтардың жоңғарларға қарсы тарихи деректерде дәлелденген бұл шайқасы сол заманда өте сирек кездесетін әскери қолбасшылық пен көзсіз ерліктің үлгісі болды. Батырлары бас болған қазақ әскерлерінің бұл жеңісі Жоңғар мемлекетін толығымен күйрете алмады. Осы ауыр шайқастан кейін Батыр қоңтайшы келесі соғысқа дайындалды. Мысалы: «1652 жылы Батыр қоңтайшы тағы да Тянь-Шань қырғыздары мен қазақтарға қарсы соғыс жүргізді, ал олар – қазақтар Же­тісудың алыс аудандарына, қырғыздар Ыстықкөлдің, Таластың биік таулы аудандарына кетіп қалуға мәжбүр болды, олардың бір бөлігі Памир-Алайға ығысты. Келесі жылы қазақтар мен қырғыздардың біріккен күштері ойраттарға қарсы ойдағыдай күрес жүргізе бастады да, 1655 жылға қарай-ақ Жетісудың шығыс бөлігі ойраттардан азат етілді» дейді тарих. Осы қақтығыс туралы «Көптен бері қазақтармен одақта болып келген қырғыздарға ойраттар, торғауыттар шабуыл жасап, оған болысуға Қарасай бастаған бес мың шапырашты қолы қатысты. ...Кескілескен додада Қарасай батыр Батырдың оң қолын шауып түсірді. Ол жара қағынып кетіп, қоңтайшы келесі жылы о дүниеге аттанды. ...Бірақ осы ұрыстың аяғы келесі жылға созылып, Жәңгірдің жекпе-жекке шығуына тура келді. Сесеннің ұлы Қалдан Жәңгірді атап шақырды. Қарасай мен Ағынтайға қара қазақ деп қарады. Оған өзі сияқты хан тұқымы керек-ті. Жәңгір шықты. Ұзаққа созылған ұрысқа, сәскеден үлкен бесінге дейін Жәңгір онжеті жасар қалмаққа шыдап бере алмады. Ақыры, ханды Қалдан сайып түсірді. Енді қазақ намысқа шапты. Қатты кескілес болды. Жеке ғәләбқа жеткенімен, олар біразға дейін бас көтермес болып жеңілді. Жәңгірдің сүйегі өзі алғаш қаздырған оқпаннан ат шаптырым Сарыбелге қойылды» – деп жазған Қазыбек би Тауасарұлының суреттеуінен шайқастың барысын, қорытындысын білуге болады. ХVІІ ғасырдың өне бойындағы елін жаудан қорғау жолындағы шешуші соғыстардың ортасында болған Қарасай батыр жұртының бейбіт өмірі мен қонысының тұтастығы үшін дипломатиялық қызметпен де айналысқаны жайлы әңгімелер айтылады. Соның ішінде билер құрамында Ресейге елшілікке барғаны әлі де болса зерттей түсуді қажет етеді. Нақтылай келгенде, Жоңғарияны Орта­лық Азиядағы өз саясатында пайдалануды ниет еткен Ресей мемлекетінің Қазақ хан­­ды­ғымен осы мерзімдегі қатынасында өзін­дік ерекшелік пайда болды. Екі мемлекет арасындағы өзара байланыстың мәнін айқындай келе В.Я.Басин оған: «...Ресей мен Қазақ хандығының арасында ХVІІ ғасырда сауда, саяси және дипломатиялық қатынастар орын алды. (Алайда,-Ғ.Қ.) ...Жоңғарияда жаңа қоңтайшының таққа отыруы оның қазақ билеушілерімен қақтығыстарына әкеліп соқты, ал мұның өзі орыс-қазақ дипло­матиялық қатынасын қиындатты» деген баға береді. Қазақ хандығының қалыптасып, өркен­деуіндегі сын кезең болып табылатын ХVІІ ғасырда Есім хан, одан әрі Жәңгір хан бас болып, Қарасайдай батырлары қолдаған қазақ қауымының жерімізге баса-көктеп ен­телей ұмтылған жоңғарларға лайықты соққы берулерінің маңызы зор. Егер де тура осы кезеңде ұйымдасқан қазақ әскерлерінен бірнеше рет жойқын жеңіліс тауып, тұмсығына соққы тимегенде Батыр қоңтайшы билік етіп, маңайына шапқыншылығымен белгілі болған Жоңғар хандығының қазақ жерін басып алу қаупі туар еді. Ал бұдан халқымыздың күйзеліске ұшырап, жерінің тұтастығынан айырылуы әбден мүмкін еді. Өйткені, осы уақытта өздерімен қолайлы қатынас орната білген Жоңғар хандығының қазақ же­рін басып алу әрекетіне Ресей мен Қытай мем­лекеттері үнсіз қалып, тіпті, құптағандай сыңай білдірген-ді. Алайда, Қарасай батыр бастаған қазақ сарбаздарының майдан даласындағы шешуші сәттердегі жеңістері Батыр қоңтайшы әскер­лерінің бірнеше рет үлкен шығынмен той­та­рыс алуына әкелді. Жоңғарлар бір­лесіп қимылдап, ұйымдаса білгенде қазақ­тардың жауынгер халық екендігін ұқты. Осыдан барып бұл хандықтың одан кейін­гі жаңа шапқыншылықтары қазақ қоға­мындағы жікке бөлінуге апарған қара­ма-қай­шы­лықтар кездерінде орын алып отырғандығы да кездейсоқ болмаған. ХVІІІ ға­сырдың басындағы қазақ еліндегі осындай бөлшектенуді жедел пайдалануға асыққан көп­санды жоңғар әскерлерінің алғашқы шап­қыншылығын батыл қарсы алған қазақ сарбаздарына Қарасай, т.б. батыр бабаларының қаһар­мандықтары үлгі болып, одан күш ала білді. Ел басына күн туған осы қиын сәтте ұлт батырлары елін біріктірудің ұйытқысына айналып, қазақ жерінің тұтастығын, жұртының амандығын сақтап қалды. ХVІІ ғасырдағы Қарасай желбіреткен азаттық пен ерліктің туын Абылайдың айналасына біріккен Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, т.б. батырлар одан әрі тұғырында берік ұстай алды. Қорыта айтқанда, халқының тағдыры шешілер кезеңдерде басқын­шыларға қарсы атқа мінген, қол бастап елін қорғаған Қарасай батырдың жауынгерлік қызметі бүгінде ұр­пағының құрметіне бөленіп, мақтанына айналып отыр. Ғани ҚАРАСАЕВ, Мемлекет тарихы инс­титутының Отан тарихы және деректану бөлімінің басшысы – бас ғылыми қызметкер, тарих ғылымдарының докторы, профессор.