Сыр өңіріндегі «Нұр Отан» партиясының мүшелері әкімдердің халық алдындағы есеп беру жиындарына белсенді түрде қатысуда. Олардың мақсаты – халықпен кездесу барысында көтерілген түрлі мәселелер мен арыз-шағымдарды жинақтап, сараптау және берілген уәделердің орындалуын бақылау. Осылайша аймаққа тән түйткілдерге мониторинг жасай отырып, оның түйінін тарқатуға ықпал етпек. Бұған партия филиалдарының саяси кеңесі және саяси кеңестің бюро мүшелері және бастауыш партия ұйымының төрағалары мен белсенді партия мүшелері қатысуда. Айта кету керек, партиялық мониторинг және бақылау жұмысы кеше Қазалы, Шиелі ауданы және Қызылорда қаласына қарасты Ақжарма, Ақсуат ауылдық округтері әкімдерінің есепті кездесуінде жалғасты.
Мәселен, Қызылорда қалалық партия филиалы саяси кеңесінің бюро мүшесі, облыстық партия филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Шәріп Әбдірахмановтың айтуынша, жалпы, бүгінгі күнге дейінгі әкімдердің халық алдындағы есепті кездесулерінде жергілікті тұрғындар тарапынан 291 ұсыныс-пікірлер келіп түскен. Ақжарма ауылдық округі әкімінің есеп беруі барысында партияға 3 ұсыныс түсті. Мәселен, өткен жылы осы елді мекеннің тұрғындары балабақша қажеттігін айтқан. Араға жыл салып ауылдықтардың тілегі орындалды. Күні бүгін мұнда 100 орынды жаңа бөбекжай ашылды. Осы секілді ұсыныстардың орындалуына да партия өз тарапынан ықпал жасайтын болады. «Нұр Отан» белсенділері игі мақсаттағы жүйелі жұмысты жалғастыра бермек. «Барлық аудан әкімдері тиісті, өз уақытында көрсетілген кесте бойынша есеп беріп жатыр. Бұл жердегі сұрақтардың бәрі «Нұр Отан» партиясы белсенділері арқылы мониторинг жасалып, бақылауға алынуда»,– дейді «Нұр Отан» партиясы филиалының бөлім меңгерушісі Шәріп Әбдірахманов.
Ержан БАЙТІЛЕС,
«Егемен Қазақстан».
Қызылорда облысы.