05 Ақпан, 2016

«Байқоңыр» қымбат, халықтың амандығы одан да қымбат

283 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
Парламент (2) ҮлкеніКеше Парламент Сенатының Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалық етуімен палатаның кезекті жалпы отырысы болды. Күн тәртібіне екіжақты халықаралық екі келісім мен бір хаттаманы ратификациялау жөніндегі үш заң жобасы енгізілген екен. Соның ішінде Қазақстан Рес­публикасы мен Ресей Федерациясы үкіметтері арасындағы «Бай­қоңыр» ғарыш айлағынан зымырандарды ұшыру кезінде апаттар орын алған жағдайда өзара іс-қимылдар жасау тәртібі туралы 1999 жылдың 18 қарашасында жа­салған келісімге өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратификациялау жөніндегі заң жобасы қызу пікірталастар тудырды. Заң жобасы туралы баяндаманы лауазымы Ішкі істер министрінің міндетін атқарушы деп жазылған Марат Демеуов жасады. Хаттама туралы айтқан баян­дамашы М.Демеуов оған 2015 жыл­дың 2 маусымында Байқо­ңыр қаласында Қазақстан Рес­публикасы Ішкі істер министрі мен Ресей Федерациясы Фе­де­ралдық ғарыш агенттігінің бас­шысы қол қой­ғанын жеткізді. Хат­та­ма «Бай­қо­ңырдан» зымыран ұшы­ру кезінде апаттар орын алған жағ­дайда арнайы комиссия өкілетті органмен бірлесу штабының іс-қимылын нықтау үшін жоғарыда аталған келісімге өзгерістер енгізу үшін жасалды, деді ақпарат берген баяндамашы. М.Демеуовке алғашқы сұрақты сенатор Мұхтар Ал­тын­баев қойды. Апат орын алған жағдайдағы шы­ғынды, соның ішінде экологиялық зардаптарды жою ғарыш айлағын пайдалануда екіжақты қарым-қатынастардың түйткілді мәселесі болып отырғаны жасырын емес. Осы зардаптардың көлемін анық­тау мен салдарын жоюда қандай әдіс­темелер қолданылады? Ресей тарапы зардаптарды, әсіресе, «Про­тон­ның» жарылуынан болған залал­дардың шығынын өтеу жөнін­дегі өзінің міндеттемелерін толық орындай ма? – деді ол. Бұл сұраққа М.Демеуов барлық залалдардың қаржылық көлемін анықтау Үкіметтің 2007 жылғы 27 маусымда қабылданған қаулысының негізінде жасалатынын айтты. Онда зардаптарды бағалау әдістемесі, экологиялық залалдарды есептеу тәсілдері көрсетіліпті. Ал Ресей Федерациясының келтірілген залалдың шығындарын өтеуі түрлі тауарлар мен қызметтерді ұсыну арқылы кезең-кезеңмен жүргізіледі екен. Сенатор Бектас Бекназаров хаттамадағы «авария» деген сөздің анықтамасы дұрыс берілмегенін көлденең тартты. Өйткені, ол зымыранның ұшқаннан кейінгі апатын ғана көрсетіп тұр, ал апат ұшпай тұрып-ақ болуы мүмкін ғой. Осындай жағдайдағы өзара іс-қимыл қандай болмақ? – деген сұрақты осы мәселе бойынша шақырылғандар арасында отырған Ішкі істер министрлігінің төтенше жағдайлар комитетінің төрағасы Владимир Беккерге қойды. Ол бұл сұраққа нақты жауап бере алмады. Сондықтан Төраға Қ-Ж.Тоқаевтың өзі оған ескерту жасап, нақты жағдайдағы «авария» деген терминнің өзіне дұрыс анықтама берілуі керектігін, оны жазбаша түрде сенатордың өзіне жолдау жөнінде тапсырма берді. Сенатор Манап Көбенов ұшырылған зымыранның алғашқы үш сатысы Қазақстан аумағына құлайтынын айта келіп, олардан аумағымызға залал келе ме, келсе Ресей жағы оның шығынын өтей ме? – деген сұрақ қойды. М.Демеуов бұл сұраққа нақты жауап бере алмай, жалпы құлаған үш зымыранның (2006, 2007, 2013 жж.) зардабын жою жөніндегі жұмыстарды айтып кетті. Сонымен қатар, ол 2016 жылы 18 зымыран ұшатындығы жоспарланып отырғанын жеткізді. Сенат Төрағасы Қ-Ж.Тоқаев баяндамашының қойылған сұраққа нақты жауап бере алмасын білген соң, оған да жауапты артынан жазбаша түрде беруді ұсынды. Қосымша баяндаманы сенатор Мұрат Бақтиярұлы жасады. Заң жобасын талқылауға бірнеше сенатор қатысты. Соның ішінде Икрам Адырбеков бұл заң жобасы апатты жағдайға байланысты Ресей тарапының жауапкершілігін күшейтуге бағытталғанын айта келіп, өзінің 2006 жылғы апаттың зардабын жоюға тікелей араласқанын еске алды. Сол жолы зымыран көкке көтерілмей, жатып-ақ жарылды. Негізгі бөлігі Байқоңыр қаласынан 100-150 шақырым жерге барып құлады. Біз сол құлаған жерді 2 күн іздедік. Шұңқырды тапқанымызбен, зымыранның қалдықтарын және басқа да дүниелерді ресейлік әріптестер Қазақстан тарапына ешқандай ақпарат бермей түгін қалдырмай алып кеткенін көрдік. Алайда, сол жерге төгілген гептильдің зияндылық деңгейі өте жоғары екенін аспаптар көрсетіп тұрды. Екі тарап келісіп, үш аптадан кейін барып өлшегенде, ол жерде гептильдің ізі де болған жоқ, демек, ол ауаға тез тарап, жерге тез сіңіп кетеді екен. Мына заң жобасында гептильді шұғыл залалсыздандыру мәселесі қарастырылмаған. Біз екіжақты комиссия құрып, ырғалып жүргенде, гептиль тарап кететіні сөзсіз. Сондықтан екіжақты комиссия алдын ала жасақталып, апат болған жерді шұғыл тексеруі керек. Қарастырылып жатқан құжатта осы мәселе ескерілуі керек еді. Өкінішке қарай, ол қарастырылмаған. Сонымен қатар, ол заң жобасында соңғы он жылда зымыран екі рет құлаған Қармақшы ауданы тұрғындарының денсаулығына, жері мен суының тазалығына мониторинг жасап отыру мәселесі қарастырылмағанын айтты. Ал шығындарды өтеу туралы айтқанда, сенатор, тіпті, өкініш білдірді. Мәселен, Қазақстан тарапы 2006 жылғы апаттың зардабын 11 млрд. теңгеден астам деп есептесе, Ресей тарапы соның 141 млн. теңгесін ғана төлеген. Өйткені, апат салдары дер кезінде тексерілмей, біршама уақыттан кейін ғана қолға алынғандықтан, оның нақты залалын анықтау қиынға соққан. Сондықтан зымыран ұшырылмай тұрғанда оның ықтимал апаты ескеріліп, екіжақты комиссия алдын ала құрылуы керек, біз әріптестерімізбен осыған келісуіміз керек, дегенге саясатын қорытындысын айтты сенатор. Осыдан әрі талқылауға сенаторлар Аңсар Мұсаханов, Дулат Құсдәулетов қатысып, өз ойларын ортаға салды. Талқылаудың тұжырымды сөзін сенатор Мұхтар Алтынбаев айтты. «Байқоңыр» – өте қымбат кешен, біз де «ҚазҒарыш» арқылы онда іске асырылуға тиісті жобаларға үлкен қаражаттар бөлдік. Бірақ олардың қашан іске асырылатыны туралы түпкілікті жауап жоқ, деді ол. Сонымен қатар, «Протон» туралы да түсінік беріп өтті. Қазір ресейліктер оны жаңаладық, енді Қазақстан аумағына құлайтын оның сатыларындағы гептиль ауада толығымен жанып кетеді, дейді. Бірақ оны да тексерген ешкім жоқ. Сондай-ақ, осы сұйықтық зардаптары тиген аймақтарды залалсыздандыратын ресейлік әскерилермен де тығыз байланыс орнатылмаған. Олардың жұмысының қаншалықты тиімділігін де біле бермейміз, дей келіп, сенатор «Байқоңыр» қанша қымбат болғанымен, халқымыздың денсаулығы одан да қымбат екенін ескеруіміз керек дегенді меңзейтін қорытындымен сөзін аяқтады. Осыдан кейін хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасын қабылданды. Сонымен қатар, палата Қазақстан Республикасы мен Германия Федеративтік Республикасының үкіметтері арасындағы Адамдарды қабылдау және транзиттеу туралы келісімді ратификациялады. Сондай-ақ, «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Чех Республикасының Үкіметі арасындағы заңсыз келген адамдардың реадмиссиясы туралы келісімді ратификациялау туралы» заң жобасы да қабылданды. Отырыс соңынан сенатор Серік Ақылбайдың Қазақстандағы 1916 жылғы ұлт-азаттық қозғалыстың 100 жылдығын атап өтуге байланысты және сенатор Мұрат Бақтиярұлының қазақтың ұлттық көсемі, саяси қайраткер Ә.Бөкейхановтың 150 жылдығын мерекелеуге қатысты депутаттық сауалдары жария етілді. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».