Қазақстан Республикасының Ұлттық ядролық орталығында (ҚР ҰЯО) №26 зертханалық корпус ашылды. Мұндай заманауи зертханаға қажеттіліктің туындағанына көп уақыт болған еді. Себебі, Семей ядролық сынақ полигоны жабылғаннан кейін республикалық ғылыми-техникалық бағдарламаларды және халықаралық жобаларды орындау барысында ҚР ҰЯО мамандары экологиялық жүйедегі радионуклидтердің қуаттылығын анықтауға септігін тигізетін көптеген материалдарға ие болған. Сондықтан, міне, тоғызыншы жыл қатарынан полигонның радиациямен шектен тыс ластанған жерлерінен шаруа қожалықтары ашылып, ондағы өсімдік пен топырақтағы радионуклидтер құрамы зерттеліп келеді. Зерттелген дүниелер атомның бейбіт өмірге, тіршілікке игі әсері болуына септігін тигізбек. Әрине, күннен-күнге зерттеу ауқымы ұлғайып, полигон жерінде ашылған шаруашылықтар өзінің алғашқы өнімдерін бере бастаған кезде, оларды жан-жақты тексеру үшін қолда бар зертханадан да жоғары деңгейлі зертхана қажеттігі туындапты.
– Биологиялық бағыттағы зерттеулердің сапасына қол жеткізу үшін біз бұрынғы №26 зертхананы қайта жөндеп, іске қостық, нақты айтқанда, жаңадан жаңғыртып аштық. Себебі, Кеңес Одағы кезінде бұл зертхана биологиялық бағытта жұмыс істеді. Кейінірек қаржы жетімсіздігінен жұмысы тоқтап қалды. Енді, міне, заманауи технологиямен жабдықталып, халық игілігіне қызмет ете бастады. Мұның ауданы 1200 шаршы метр, осы зертханада енді өте күрделі жұмыстарды жүргізе аламыз. Және мұнда бірнеше арнайы бөлмелер бар, онда радиациялық және өндірістік қауіпсіздік қатаң сақталады. Және екі тәжірибелік оранжерея бар. Олар радиациялық қауіпсіздік бойынша екінші және үшінші класс деп аталады. Және зертханадағы коммуникациялық жүйелердің барлығы жете жаңартылды. Мұнда жұмыс істейтін жас мамандарға артар үмітіміз зор. Полигондағы флора мен фауна саласындағы радиоизотоптардың көшкінін нақты зерттеу, жұмыстарды тазалық сақтай отыра орындау біз үшін аса маңызды, – деді Ұлттық ядролық орталықтың бас директоры, ғалым Э.Батырбеков.
Раушан НҰҒМАНБЕКОВА.
Шығыс Қазақстан облысы.
Курчатов қаласы.