05 Ақпан, 2016

Қолдау мерейімді өсірді

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
парикмахерская-300Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы мен «Нұр Отан» партиясының XVІІ съезіндегі бағдарламалық сөздері республика жастарының еңбек қоғамын құрудағы белсенділігін арттырады. Президентіміз бүгінгі қалыптасқан жағдайдан шығу жолдарын ашып көрсете келе, мемлекет азаматтардың әлеуметтік көңіл-күйінің төмендеуіне жол бермейтінін қадап айтты. Көңіл-күй адамдардың өзіне де байланысты. Ол үшін жұмыссыздық дегенді ұмытуымыз керек. Еңбек еткісі келген кісі икемділік танытса, кәсіп табылады. Елбасының «Нұрлы Жол» бағ­дарламасы еңбекпен қамту бағдарламасын толықтыруға, кәсіптік-техникалық білім арқылы жаңа мамандық алу мүмкіндігін кеңейтуге жағдай жасайды», деген сөздері менің еңбек тәжірибеммен сәйкес келіп тұр. Мен мектеп бітірген соң аспаздық кәсіпті таңдап, Астанадағы оқуды үздік аяқтадым. Бірақ, өзім өскен Егіндікөл ауылында бұл мамандық иелері көп екен. Науқандық дала жұмыстарына араласып көрдім. Қалған жарты жылда жұмыс жоқ. Ақырында кәсібімді өзгертіп, өз ісімді бастауға бел будым. Ауылда заманауи шаштараз ашу оңайға түскен жоқ. Шағын несие ұйымына, өзге де қорларға қолқа салып көрдім. Кепілге қоятын мүліктің аздығы қолбайлау болды. Осы сәтте «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының көмегі тиді. Ақмолалық 150 адамның бірі болып, бағдарламаның «Ауылдағы кәсіпкерлікті дамыту» аталатын екінші бағытымен қысқа мерзімді курсты бітірдім. Көп ұзамай 1,5 миллион теңгелік несиеге қол жеткіздім. Алғашқы кезде жұмысты өз үйіміздің бір бөлмесінде бастасам, қазір ауыл орталығында сән салоным бар. Қызмет түрін де кеңейтіп отырмын. Ауылдастарыма қуаныш сыйлап жүрмін. Осы үшін Елбасына, Үкімет басында отырған азаматтарға алғысымды айтқым келеді. Әсем САҒЫНАЕВА, шаштараз. Ақмола облысы, Егіндікөл ауданы.