05 Ақпан, 2016

Ісмер

2191 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
айгүл молдашеваБіздің қолөнер шебері Айгүл Молдашевамен таныстығымыз аяқ астынан болды деуге келеді. Облыс орталығындағы Қазақстан халқы Ассамблеясы үйінде өткен қолөнер бұйымдары көрмесінде қазақы ою-өрнектермен әдіптелген әдемі көрпелер, жастық тыстары, қоржындар және басқа тігін бұйымдарын көріп көз тоқтаттық. Осы қолөнер бұйымдарын жұртшылық назарына ұсынып тұрған иесі орта бойлы, бидай өңді әдеміше келіншек Айгүл Молдашева болып шықты. Өзінің айтуы бойынша, ол марқұм болған апасы Бақтылы Қасымованың ісін жалғастырып келе жатқан шебер екен. Қазір «Зерде» ательесінің басшысы ретінде бұл бағыттағы шаруаның ауқымын кеңейте түсуде. – Негізі анам іс тігетін айтулы шебер болған кісі. Анам үй ішінде өрнекті киім мен көрпе тігу, киіз басу сынды істермен айналысқан. Одан кейін жалғыз апам да ісмерлікті жалғастырып еді. Апамның Атырауда тігін шеберханасы болған, тек көрпені тігумен шектелмей, сатумен де шұғылданды. Апам қайтыс болғаннан кейін ісін жалғастыруға бел байладым. Негізгі ісмерліктің ұшқыны өз бойымда да бар екенін сезетінмін. Бірақ оны өзгелерге үйрету, кәсіпкерлікпен шұғылдану қолымнан келе ме деп бір жыл бойы іштей ой таразысынан өткіздім. Алайда, тәуекелге бел буып, шаруаны қолға алдым, – дейді ол. Апа ісіне адалдық танытқан Айгүл жанына тігіншілер тартып, жалға орын алып, «Зерде» тігін шеберханасын ашады. Алғашқы тіккен көрпе-көпшіктерін оның бастамасын қолдау мақсатында өзінің құрбылары сатып алады. Содан кейін оның қолынан шыққан бұйымдарын көріп, ісмерлігін естіген өзгелер де тапсырыс бере бастайды. Соған байланысты шаруашылығын кеңейтіп, қарауындағы жұмысшылар санын арттыруға тура келеді. Ол бұған дейін Атыраудағы «Ақ Желкен» шығармашылық орталығы ұйымдастырған көрмеге қатысқанын, оның өнімдерін жарнамалауға көп көмегі болғанын жеткізді. Сондықтан мүмкіндігі келгенше, ұйымдастырылған көрмелерге қатысып, өнімдерін өзгелерге көрсетуге ынталы. – Осындай көрмелерді ұйым­дас­тырып, ұлттық қолөнерді насихаттап, біздің жасаған өнімдерімізді халыққа көрсету демеушілік етумен пара-пар. Осы көрмелер арқылы біздің өнімдерімізді тұтынушылар көріп, тапсырыс береді. Кейбір тұтынушылар үйлеріне шақырып, төрлеріне жайып, қарап тапсырыс жасайды. Біз мұндай қам-қаракеттен жалықпаймыз, себебі, жарнамасы мен насихаты келіссе өнімді өткізу жеңіл болатынын өз ісін ашқан әрбір кәсіпкер біледі, – дейді Айгүл Қабиқызы әңгіме арасында. «Зерде» ательесі ұлттық ою-өр­некпен, құрақпен көрпе-көпшік тігу, қыз жасауын дайындау, бесік жасауы мен қоржын, шымылдық тігу сияқты жұмыстармен айналысады. Ал мұнда тігілетін көрпелер базар­дағы көрпелермен салыстырғанда әлде­қайда сапалы, таза болады. Өз кәсібін құрметтейтін ісмерлер сапалы мата алады, тігістеріне де өте қатты мән береді, әдемілігіне де баса көңіл бөледі. Тігін шеберханасында нәрестеге арнап бесік жасауы да дайындалады. Қазір Атырау, Ақтөбе базарларында сатылып жүрген бесіктің жасауы адам аяғандай күйде. Сондықтан, ісмер келіншек оған жан-жүрегімен, бар мейірімін төге отырып алғашқы бесік жасауын өзінің кіндік баласына жасап шығыпты. Шие ағашынан жасалған бесік алып, соның мөлшеріне қарап қымбат матамен, ою-өрнекпен әшекейлеп, көз тимеуден сақтайтын тұмар байлап, безендірген бесік көр­гендердің бәріне ұнаған көрінеді. Содан бастап бесік жасауын дайындап келеді, тұтынушылар қатары күн санап көбейе түсуде. Ұлттық ою-өрнекпен көркемделген көрпелер қазіргі таңда қажеттілікке айналуда, көрпе төсемейтін қазақ жоқ. Ал қыз жасауы тұрмысқа шығатын әр қыз балаға бірден-бір керек нәрсе. Эксклюзивті көрпе, шымылдық, бесік-төсек, сандықжапқыш, «махаббат көрпесін» тігетіндер өте сирек. Сол сиректің бірі Айгүл Молдашева екені сөзсіз. Сондықтан да болар оның тұтынушылары тек қазақстандықтар ғана емес, шетелде тұратын қазақтар да. Мысалы, оның көрпелері Германия, Нор­вегия, Ирландия қазақтарының төрін­де төсеулі көрінеді. Тіпті, оны айта­сың, АҚШ-тың екі-үш штатында бар екен. Кәсіпкер келіншектің тігін шеберханасында 6 тігінші еңбек етеді. Жолдасы Біржан Пригордный ауы­лын­дағы үйінің қораларын арнайы цех ретінде қайта жарақтандырыпты. Мұн­да көрпелерге жүн салу, ескі көрпе­лерді қайта жаңғырту жұмыстары жүргі­зіледі. Ал «Аида» сауда үйіндегі жалға алған дүңгіршекте тігін бұйымдары өткізіледі. Ол кәсіпкерлікке Үкімет тара­пынан қолдау көрсетіліп жатқа­нын айта келіп, оған әлі қол арта қойма­ғанын, енді ісін кеңейтуді көздеп, «Даму» қорымен жұмыс істеуге талаптанып жүргенін де жасырмады. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.