Бірде...
Клиентімізді де қағып кеттің
Астанада тұратын катонқарағайлық жерлестер Қайырды Назырбаев, Елжан Сейтенов, Болатжан Бимурзин, Мырзабек Қабылов бір-бірімізбен отбасылары болып араласып, сыйласып тұрамыз. Соңғы үшеуінің жекеменшік машиналары бар, әмбе жастары да кішірек. Үлкеніміз деп сыйлағандары да болар, олар қонаққа бірге шақырған жерлерге барарда бізді үйден ала кетіп, қайтадан әкеліп тастап жүреді.
Бірде барлығымызды Астанадан жиырма шақырымдай жердегі Ильинка ауылында тұратын Елжан мен Ардақ ұлдары Даниярдың Англиядан оқу бітіріп келген қуанышына қонаққа шақырды. Мырзабектің үйі біздікіне жақын, бір көше ғана бар арада. Бізге Мырзабек телефон соғып: «Үйде дайын отырыңдар, кетерде ала кетеміз» деп ескертіп қойды. Іле-шала Болатжан телефон соғып: «Кәке, сағат нешеде шығамыз, келіп ала кетейік» деді.
Сонда мен: «Болатжан, ренжімей басқа клиент іздемесең болмас. Бізді Мырзабек алып кететін болды» дедім.
Жігіттер қонақтан шығып, әркім өз көліктеріне отырып жатыр. Біз енді өзіміз келген Мырзабектердің машинасына отырып жатсақ, Болатжан Мырзабекке қарап: «Анда-санда қонаққа барғанда машинамызға отырғызып алып жүрген «клиентімізді» де қағып кеттің?!» дегені.
Сонда ештеңе бермеп еді...
Астанадағы «Пекин Палас» мейрамханасында Қазақстанның құрметті журналисі Әділбек Құмарғажин кіші ұлы Темірланның үйлену тойын жасап, оған жан-жақтан ағайын-жұрағаттарының бәрі келді. Астанада тұратын бірталай жерлестерін де шақырыпты. Ішінде өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары Катонқарағай ауданының әкімі болған Жанымхан Құндызбаев та бар. Мен оған баспадан жаңа ғана шыққан «Қаратай батыр» атты кітапшамның бір данасын ала барғанмын. Жәкең соны қарап, аударыстырып отырғанда Әділбектерге күйеу бала, маңғыстаулық Раббим деген жігіт келіп танысты бізбен.
– Мына күйеу балаға да бір кітап берсеңші, – деді Жәкең маған.
Мен қолтаңбамды жазып жаңадан танысқан күйеу балаға бір кітап ұсындым. Ол қолына алып, риза болып: – Сізді сыртыңыздан білем, мақалаларыңызды, кітаптарыңызды оқып жүрем. Рақмет, кітапшаңызға. Мынау көрімдігім, – деп он мың теңге ұстатты маған.
– Көрімдігімді сізге байладым, – деп мен оны Жәкеңе бердім.
– Кәке, мұныңыз қалай? Әйтеуір, әкімдер ала беруші еді деп беріп жатырсыз ба? – деп күлді күйеу бала.
– Жоға, – деді Жәкең, – мен әкім болып жүргенде, 1990 жылы Қайырдыны аудандық «Арай»-«Луч» газетіне бас редактор етіп қойғам. Сонда ештеңе бермеп еді. Кеш те болса, содан жиырма бес жыл өткеннен кейін сонысын беріп жатқаны ғой.
– Сөз тапқанға қолқа жоқ. «Әзілің жарасса атаңмен ойна» дегендей, замандас, құрдас екенсіздер, бәрі жарасып тұр, – деп мәз-мейрам болып күлді Раббим.
Мұндай бас ешкімде жоқ...
Бошай Кітапбаев атамыздың Ленин атындағы колхозда бастық болып істеп жүрген кезі болса керек. Бірде егістікті аралап шығып, түн ішінде жүк машинасының кабинасында келе жатқанда машина терезесінен басындағы қалпағы далаға ұшып кетіпті. Түн ішінде оны қайдан іздейміз деп оған қарамай жүре берсе керек.
Ертеңінде колхоздың бір жылқышысы Бошекеңнің түсіп қалған қалпағын тауып алып, өзіне әкеп беріпті.
– Батырекесі, мұның менікі екенін қайдан білдің? – дегенде, әлгі жылқышы:
– Мұндай үлкен бас сізден басқа ешкімде жоқ екенін білеміз ғой, – деген екен.
Қайырды НАЗЫРБАЕВ.
Астана.
СЫБАЙЛАСТАР
Әкесі – «Тендер»,
Шешесі – «Лот».
Өздері өсіп-өнген,
Үрім-бұтағы көп.
Баласы – «ТОО»,
Қызы – «ИП».
Армандары – ақша жеу,
Тірліктері – шикі.
Құдасы – «Финпол»,
Құдағиы – «Салық».
Нағашысы – «Банк».
Қолдап-қорғап жүреді,
Бірін-бірі танып.
Мұның бәрін көріп жүр
Қарапайым халық.
Екі сөзі – нарық.
Алатынын алып,
Салатынын салып,
«Евро», «доллар» дегенге,
Шеттерінен қарық.
Астарында – «Джип»,
Асырағаны – ит.
Әуежайға барса,
Күтіп алады – «ВИП».
Анда да үйі бар,
Мұнда да үйі бар.
Алаяқтар ортасында
Сыбайластар сыйы бар.
Бәрін айт та, бірін айт,
Құс сайраған бақшасы.
Бәрі айналып келгенде
Қазынаның ақшасы.
... Байқамасақ осыны,
Әзіл етіп жазар ма ем?!
Дорба сүй-ре-е-еп біреу жүр
Күнін көріп базармен...
Балапан БАЗАР.
Астана.
Сұрақ-жауап
– Ертең сапарға шығамыз.
– Жылы киімдер алу керек шығар?
– Бір алты шиша арақ алсаң болады...
***
– Пісірген тамағың дәмді екен.
Өзің дайындадың ба?
– Әйелім көмектесті.
– Бәсе! Ол қалай көмектесті?
– Өйт-бүйт демей тыныш отырды.
***
Әйелі күйеуіне:
– Қымбаттым, саған ақылды мен әдемі келіншектердің қайсысы ұнайды?
– Екеуі де емес, тек өзіңді ғана ұнатамын.
***
Қараңғы қуыста отырған қаңғыбастар арасындағы әңгіме.
– Осы, Диоген неғып бөшкеде өмір сүреді екен?
– Біз сияқты олда ипотека алған шығар...
КҮЗЕТШІ
Илья БУТМАН.
Күзетші Гуньков жұмысқа алғаш тұрған күні бастығы оған:
– Фабрикадан өнім ұрланбауын қатты қадағала, – деп тапсырған-ды.
Күзетші өз ауысымы аяқталғанша кәсіпорыннан шыққан жұмысшылардың портфельдерін мұқият тексерумен болды, бірақ күдік аларлық ешқандай жағдайды байқаған жоқ.
– Осы біздің фабрика қандай өнім шығарады? – деп сұрады Гуньков ертеңінде.
– Портфель шығарады, – деді оған бастығы.
ЖАЛҚАУ
Бір ауылда барып тұрған жалқау адам болды. Өзінің жалқаулығы сонша, кейін дәрігер мен дәріханаға жүгіріп әуре болмас үшін күнде таңертең жаттығу жасап, суық сумен құйынады.
Көкөніс іздеп базарға бармау үшін күніне пәленбай сағат бойы бақшадан шықпай жұмыс істейтінін қайтерсің.
– Неғылған жалқау еді, – деп күңкілдеседі көршілері. – Жолдан өтіп барып, дайын тұрған балташыны шақырып келудің орнына ит әуреге түсіп жүріп, үй салып алғанын көрмеймісің.
Тәржімалаған
Бекболат ӘДЕТ.
ЕТІКШІНІҢ «ЕТЕК-ЖЕҢІ»
Батпанның зәулім үйі, төрде өзі, айналасына кіл тума-туыстары жиналған.
Батпан жалпақ бетін бір сипап қойып ыңырана сөз бастады.
– Бауырлар, заман өзгерді, кезінде мен кім едім?.. Осы кеңшардың иесі болған жоқпын ба? Түкірігім жерге түспейтін еді. Бүгінде шаруа қожалығын құрып алып, өз еркі өздеріне тиген әнебіреулерді сонау кеңшардың қойын бағып жүрген кездерінде талай тізерлеткем. Бір тоқты арам өлсе, оның құнын желкесінен шығаратынмын. Қазір солар байып, қора-қора мал ұстайды. Астарында мен мінбеген шетелдік көлік.
Аудан орталығына бармақшы болып көлік күтіп тұрсам, бір қара «джип» тоқтай қалды. Кім десем, талай рет арам өлген тоқтыны мойнына ілгізген қойшы Тарпаңым.
– Бәке, мініңіз, – дейді.
Мінгеннен кейінгі әңгімесі: – Бәке, мынау кеңшар тарағанда сізбен алысып-жұлысып жүріп пайға алған он тоқтының пайдасы. Сол он тоқты мың тоқтыға айналды. Құдайға шүкір, өзіміз – қожа, өзіміз – би. Үй саласың ба, көлік аласың ба? Бұрынғыдай арам өліп қалатын тоқтыны мойынға іліп алатын заман жоқ, – деп, тапыраң-тапыраң сөздер айтады.
Қойшы, бірін айтып біріне кетіппін ғой. Сол дүркіреп тұрғанда шын есімім Батпан ұмытылып, «Бату хан» аталып жүрген шағым есім түссе мына май басқан көзіме жас келеді-ау, жас келеді!.. Туыстар, менің сендерді жинаған себебім мынау еді. Енді «Бату хан» атанып жүрген заман келмеске кетті. Сол келмеспен бірге сендерге ұстатып қойған «майлы жілік» те бірге кетті. Ал сендерде кәсіп те жоқ, бүгінгі заманға икемделген қабілет те жоқ. Енді не істеу керек? Тез қарекетке көшу керек. Мына шақшадай басыммен мың ойланып, мың толғанып, мынандай шешімге келіп отырмын. Туыстардың арасында мен үлестірген «майлы жіліктен» үлес алмаған Етікбай туысымыз отыр. Кеңшардың жылына бір рет материалдық көмегінен алатын керзі етікті тігіп, жамап отыратынын талай байқағанмын.
Қайдан білейін, бас теріме май жинағанша, Етікбайға да қарап қалар күн туар деген ой жинамаппын ғой. Қой, құрысын, өтер іс өтті, енді ісімізді бастайық.
Тақ што, барлығымыз бірігіп «Етік» фирмасын ашамыз. Тарпаң сияқты қазіргі байлар біздің қызметімізді пайдаланбас, бірақ ауылдағылардың бәрі бай емес қой, солар қызметімізді пайдаланады. Етікбай, сенің қимылдайтын уақытың келді. Бізің мен жібіңді даярлай бер!
Бірақ, туыстар, фирма бірден ашыла қоймайды, үкіметтен алатын несие қаржы деген бар. Оның бизнес-планы деген тағы бір пәлесі бар. Былайша айтқанда алған несие қаржыға қанша жіп, біз аласың, етіктің ұлтарағы, табаны, өкшесі тағы бар дегендей... Алған қаржыдан пайда тауып, кері қайтару деген шым-шытырық шаруасы бар. Оған күнде етік тігіп отыратын Етікбайдың уақыты жоқ, білім де толымсыздау екенін жақсы білесіздер. Сондықтан бұл жұмысқа жүріп-тұратын адам керек. Ал, бұл орынға өзімді лайық көріп отырмын. Мені төраға деп санай беріңдер.
Енді фирма болғасын оның есепшісі болуы қажет. Несие қаржыны банктен алу керек, салық төлеу керек дегендей. Бұл қызметке кезінде кеңшарда есепші болған балдызым Бізбике лайық. Ана банктегі шөпжелке қыздардан ақшаны тартып та алады, жұлып та алады.
Штат алу бұнымен бітпейді, есепшінің қасында кассир болуы керек. Ол қызметке отыз жыл отасқан қосағым Жібекжіп лайықты. Қызметке алу әлі бітпейді, өкшесі қисайған, бауы үзілген, ұлтарағы шіріген етіктердің тізімін, жіптің шығынын, тағы басқа да кәкір-шүкір шаруаларды тіркеп отыратын іс жүргізуші штаты тағы қажет. Оған қызым Төплиді құп көремін.
Қазіргі заман бұрынғы партиялық диктатура заманы емес, құқықтық заман болып кетті. Аңқау Етікбайды біреулер алдап етігін тегін жөндетіп алуы мүмкін. Осындай кезде заңға сүйенуге тура келеді. Әй, сен! Қаладағы толған институттың бірінде сырттай оқып жүруші едің ғой. Бажа Өкшебай, сен заңгер боласың!
Енді бір штат алу керек болып тұр. Ол – ашылғалы тұрған фирмаға күзетші алу. Барлығымыз нәпақа табатын фирмамызды біреу тонап немесе етік-метігімен өртеп кетсе құримыз ғой. Осыны ойлай-ойлай келе, балам Ұлтарақ, сен күзетші боласың! Қалған қызметке алу тағы бола жатар.
Туғандар, мен сөзімді аяқтаймын. Осыған келісесіңдер ғой, – деп ыңыранып басталған Батпанның даусы май басқан кеңірдегін дірілдетіп, көмейіне кері қарай қырылдай сіңді.
Тыңдап отырған тума-туыстың бәрі: – Бәкең дұрыс идея бастады, әлі «Бату хандық» тұғырынан түспеген екен, – деп шулай жөнелгенде, босағада отырған Етікбай: – «Бату хан» аға, кешір, Батпан аға, күн-түн демей етік тігетін мен болам ба? Бір етікшінің айналасына соншама штат неге керек? – деп жыламсырай сөз бастай беріп еді, Батпанның: – Молчать! – деген қаһарлы сөзі құрылғалы тұрған фирманың жалғыз жұмысшысының үнін өшірді де тастады.
Серік ЖҰМАҒАЛИЕВ,
Батыс Қазақстан облысы.
«МӘСТІР» КЕЛІНДЕР
Дәстүр,
Осы дәстүрге келгенде
Әйел біткен «мәстір».
Жеңгем де, келіндер де,
Қалалық болмаса да
Ауыл аралық мәстір.
Неге десеңіз,
Қасқыр келіндер
Той қызығы басталғанда,
Дастарқанда,
Бардың бәрін жымқыра бастайды,
Есебін тауып қымқыра бастайды.
Тамада сөз беріп,
Жағдайдың бәрі өзгеріп,
Біз тілек айтып келгенше
Дастарқанда дым қалмапты.
Қарасақ,
Сонау құдалардың алдында
Тауықтың бір аяғы,
Жарты стакан «напиток»
қана қалыпты.
Енді тойдың бәрінде:
Келін той,
Сүндет той,
Міндет той,
Тонайтын дәстүр тараған.
«Мәстір» келіндерде маладес,
Дастарқандағы мәзірді
Қымқырып,
Жымқырып,
Сыпырып кетуге жараған.
Ералхан ЖЫЛҚЫАЙДАРҰЛЫ,
Оңтүстік Қазақстан облысы.
Әке-бала әжің-гүжіңі
– Әке, балғаның сабы сынайын деп тұр. –
Көршінікі әбден ескірді, енді өзіміздің балғаны ұстайық.
* * *
Сабақтан келе сала баласы әкесіне:
– Әке, ертең мектепте қысқартылған ата-аналар жиналысы өтеді.
– Сонда қалай?
– Директор сізді ғана шақырды...
* * *
– Әке, маған ақша берші.
– Қанша керек?
– Қалыңдығы бір сантиметр болса да жетеді...
* * *
Әкесі баласына:
– Екіңді түзедің бе?
– Жоқ.
– Неге?
– Менің мұғалімдікіндей қызыл сиялы қаламым жоқ қой...
Мүйісті жүргізетін
Берік САДЫР