Еуразиялық интеграция институтының арнайы жобасы
Қазақстанның «Нұрлы жол» жаңа экономикалық саясаты
Баспаналы болуға мемлекет көмектесуде
«Үйлену оңай, үй болу қиын», «Үйі жоқтың күйі жоқ» деп атам қазақ қандай орынды айтқан. Қазіргі уақытта кез келген қарапайым отбасы үшін үйлі болу оңай емес. Өйткені, урбанизация үдерісі белсенді түрде жүріп жатқан кезеңде қаладағы үйлердің бағасы адамдар қалтасына оңай соқпайды. Сондықтан қалаға келген отбасылар әдетте, үй жалдауға мәжбүр болады. Сөйтіп, тапқан табысының кем дегенде жартысын баспана үшін жұмсап, осының салдарынан тұрмыстың тауқыметіне түседі. Бір жақсысы, біздің елімізде баспаналы болуда адамдарға мемлекет көмекке келеді. Осы мақсатқа орай тұрғын үй құрылысын жүргізу жөнінде мемлекеттік бағдарламалар әзірленген. Ол бағдарламаларда адамдар үшін баспаналы болудың түрлі жолдары қарастырылған. Мәселен, Қазақстан Үкіметі аталған мақсатқа орай тұрғын үй құрылысын жүргізуге және ипотекалық несие беруді ынталандыруға бағытталған шаралар кешенін әзірлеген болатын. Бұл шаралардың негізгі мақсаты елімізде әр жыл сайын 6 миллион шаршы метр тұрғын үй құрылысын жүргізуді және олардың бағасын адамдардың қалтасы көтере алатындай арзандатуды көздейді. Сондықтан тұрғын үйдің еркін рыногынан үй сатып алғаннан гөрі, осындай бағдарламаларға қатысып, баспаналы болу жолы әлдеқайда жеңіл. Қазіргі уақытта тұрғын үй құрылысына қолдау білдірудің 3 негізгі бағыты айқындалып отыр. Соның бірі тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін пайдалана отырып, сату үшін арзан үйлер тұрғызуға бағытталған. Бұл бағыт бойынша бағдарламаға қалтасында тұрғын үй сатып алатындай қаржысы жоқ адамдар ең әуелі үйге қажетті қаржының бір бөлігін Тұрғын үй құрылыс жинақ банкіне жинақтайды. Қаржы көлемі белгілі бір мөлшерге жеткен кезде және қаржы жинау уақыты белгіленген нормаға сәйкес аяқталған уақытта оған тұрғын үй алуына жеңілдікті несие ұсынылады. Бұл бағыт Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша жүзеге асырылып келеді. Осы жөніндегі бағдарламаға қолдау білдіру үшін 2011-2013 жылдар аралығында мемлекет тарапынан 40,8 миллиард теңге қаржы бөлінген болатын. Бағдарламаны жүзеге асыруда Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінің атқаратын рөлі зор. Бұл банк белгіленген баға бойынша тұрғын үй сатып алғысы келетін салымшылардың арнаулы тізімін қалыптастырады. Ол тізімді жергілікті атқару органдарына тұрғын үй құрылысын жүргізу үшін тапсырады. Ал жергілікті атқару органы республикалық бюджеттен бөлінген несие есебінен тұрғын үй құрылысын жүргізуді ұйымдастырады. Осы үшін тендер өткізіп, құрылысты жүргізетін мердігерді анықтайды және инженерлік инфрақұрылымдары жүргізілген жер телімін бөледі. Тұрғын үй құрылысы аяқталып, ол пайдалануға берілгеннен кейін жергілікті атқару органы банк салымшыларымен сату-сатып алу келісімшартын жасайды. Салымшы өз пәтеріне ие болған кезде Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жергілікті атқару органына салынған тұрғын үй үшін тиісті қаражатты аударады. Ал жергілікті атқару органы бұл қаржыны республикалық бюджеттен алған кредитті жабу үшін жұмсайды. Үйге ие болған салымшы мұнан кейін өзінің айлық табысы арқылы Тұрғын үй құрылыс жинақ банкінен өзіне берілген несиені жауып отырады. Тұрғын үй құрылысын қолдаудың екінші бағыты тұрғын үй құрылысын қаржыландыру үшін екінші деңгейдегі банктерді ынталандыруға негізделген. Осы бойынша бағдарламаға қатысуға ниет білдірген екінші деңгейдегі банктер мемлекет тарапынан қолдауға ие болады. Үшінші бағыт тұрғын үйлерге қажетті инженерлік коммуникациялар жүргізуге арналған. Қажетті инженерлік коммуникациялар жүргізуге мемлекет қаржылай қолдау білдіреді. Мұның өзі тұрғын үй бағасының арзандауына едәуір ықпал етеді. Мәселен, осы жөніндегі бағдарлама қабылданған 2011-2012 жылдардың өзінде инженерлік коммуникациялар желісін жүргізу үшін 40 миллиард теңгенің қаржысын бөлу ұйғарылды. Бір айта кететін мәселе, инженерлік инфрақұрылымдар жеке тұрғын үй телімдеріне де жүргізіледі. Бұның өзі адамдардың жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуіне жағымды ықпал етеді. Тұрғын үй құрылысын жүргізудің мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғаннан бері осы бойынша Астана, Алматы қалаларында және облыс орталықтарында көптеген жаңа тұрғын үйлер пайда болды. Бұл туралы ақпараттармен осы мақаламен қоса беріліп отырған инфографика арқылы танысуға болады. Бағдарлама қолға алынғаннан бері тұрғын үй құрылысын мемлекеттік қолдау шаралары да жетілдіріле түсуде. Соның бір көрінісі ретінде айтсақ, елімізде арендалық тұрғын үй құрылысы белсенді сипатқа ие болып отыр. Тек осы жөніндегі бағдарламаны қолдау үшін ғана 2011-2014 жылдар аралығының өзінде республикалық бюджеттен 361,6 миллион доллар көлеміндегі қаражат бөлініп, осы қаржыға 742 мың шаршы метр арендалық тұрғын үй салынып отыр. Бұл – үлкен жетістік. Тұрғын үй құрылысын мемлекет тарапынан қолдау білдіруде биылғы жылдың да өзіндік жаңалығы бар. Мәселен, банк салымшыларын 2022 жылға дейін қолжетімді баспанамен қамтамасыз ету мақсатында «Бәйтерек» холдингінің еншілес компаниясы – «Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ «Өз үйім» атты дағдарысқа қарсы бағдарламаны дайындап шығарды. Бұл бағдарламаның бірнеше артықшылықтары бар. Сол артықшылықтардың бірі – Алматы және Астана қаласының тұрғындарына бұрынғы бағдарламаларда көзделінгендегідей соңғы 2 жылда тіркеуде болуы міндеттелмейді. Бағдарлама 3 бағыттан тұрады: жергілікті атқарушы органдардың өзара әрекеттестігі, мемлекет-жекеменшік серіктестігі және екінші деңгейлі банктермен ынтымақтастық. Қазіргі уақытта жергілікті атқарушы органдармен, екінші деңгейлі банктер және құрылыс компанияларымен келіссөздер жүргізілуде. «Өз үйім» бағдарламасының негізгі артықшылықтары – Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшыларына толықтай басымдық беріледі. Бір шаршы метріне төмен баға қарастырылып, валюта бағамдарына тәуелсіз болмақ және үй сатып алу кезінде ерекше талаптар қойылмайды. Бағдарламаға банктің кез келген клиенттері қатыса алады. Алайда, бірінші болып үй сатып алу құқығына баспанасы жоқ салымшылар ие болады. Аталған жобаның Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасынан бір айырмашылығы – салымшылардың Алматы және Астана қалаларында соңғы екі жылда тіркеуде тұруы міндетті емес. Қазіргі уақытта бағдарламаның әр шаршы метрге орташа көрсеткіші 180 мың теңгені құрап отыр. Қарыз төлемінің жылдық мөлшерлемесі 5-10% аралығында болады. 2016 жылы бағдарламаның барлық бағыты бойынша жасалатын жұмыс көлемі 350 мың шаршы метрді құрамақ. «Өз үйім» бағдарламасы аясында барлығы 1,5 миллион шаршы метр үй салу жоспарланып отыр. Аталған бағдарлама Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасына керемет қосымша болып табылады. Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі салымшылары осы бағдарлама арқылы баспананы қолжетімді бағамен сатып алу мүмкіндігіне қол жеткізбек. «Өз үйім» бағдарламасының бірегейлігі – салымшылар ашық түрде дауыс беру арқылы құрылыс компаниясын және баспана жобасын өздері таңдайды. Бағдарламаны банк жеке қаражаты арқылы қаржыландырады. Осы жылы «Жас отбасыларға арналған үйлер» және «Халықтың барлық санатына арналған үйлер» бағыты бойынша Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы аясында 459 мың шаршы метрді құрайтын келісім жүзеге асады. Мемлекеттік бағдарлама аясында да баға тұрақты. 1 шаршы метр үшін өңірлерде бекітілген баға 90-110 мың теңге болса, ал Астана мен Алматы қалаларында 143 мың теңге болмақ. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».