06 Ақпан, 2016

Ашыққан түлкілер ауыл аралап жүр

564 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Ашыққан түлкілерЖақында Рудный қаласының тұр­ғыны үйлердің маңайындағы үйілген қардың үстінде маужырап отырған түлкіні түсіріп алып, интернетке салып жіберіпті. Әшейінде адамды көрсе, қыр асып қашатын түлкі қаланың шуын елер емес. Биыл қар жылдағыдан бірнеше есе көп жауды. Мұндай қалың ұлпаның Қостанай өңірінде көптен болмағанын қариялар да, табиғаттың тамыршысы іспеттес аңшылар да, ауа райын болжаушылар да айтып отыр. Сондықтан да болар, омбы қардан тышқан тауып жей алмаған ашқұрсақ түлкі елді ме­кендерді жағалай бастағанын жұрттың барлығы түсінді. Мамандар елді мекендерге жақын келген даланың ашыққан тағылары құтыру ауруын таратуы мүмкін, деп алаңдайды. Дегенмен, түлкі мен қас­қыр туралы аудандардан дабылды ақ­параттар түсе қойған жоқ. Биыл қыстың басында жауған жаңбыр топырақтың бетін жауып қалды. Сон­дық­тан, даладағы аңдарға да азығын тауып жеу оңай болмай тұр. Құстарға тіпті қиын. – Қазір көптеген шаруашы­лықтар сататын астығын тасып жатыр, ал жол шетінде шашылған астық аң-құстардың несібесіне айналып тұрғандай. Әйтпесе, ағаштың басындағы жидектер де мұз болып қатып қалған, құстар ешнәрсе тауып жей алмайды, – дейді биолог Андрей Андрющенко. Облыстық табиғат ресурстары және табиғатты пайдалануды рет­теу басқармасы басшысының орын­ба­сары Михаил Семышевтің айтуын­ша, өңірдегі барлық орман шаруа­шы­лықтарында адамдар аңдарға жем шашу жұмыстарын жүргізіп жатыр. Ең бастысы, қар қалың, аңдар жүреді деген жерлерге жету де қиын, сондықтан, жол­дарды қардан тазалау жұ­мыс­­т­ары да қоса атқарылуда. Әзір­­ге түз тағыларының жаппай ауылдарға кіруі немесе өлуі секіл­ді ақпараттар түспеген. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.