Жұмыр басты адам баласы жер бетін жайлағалы бері жаһанның жұмбақ сырларын ашуға деген құлшынысы әсте бір толастаған емес. Қоршаған ортаның құпиясына қанығып, тылсым сырын терең тануға деген талпынысы үлкен ізденіске жол ашып, ғылым-білімнің қалыптасуына алғышарт та бола білгені жасырын емес. Одан беріде он сегіз мың ғаламның қисапсыз құпиялары ашылды. Қаншамасы зерттеліп, зерделену үстінде. Сырын бермей сол қалпында сақталып тұрғаны да не сан... Расында да, бұл – талмай еңбек ету мен тынбай ізденудің арқасында ғана қол жеткізетін жетістік тәрізді.
Ал өзгеге өзі білетін әлемнің қат-қабат құпиясын бүкпей жайып салу екінің бірінің қолынан келе бермейді. Халық санасын оятып, ағартушылық еткен жан қай кезде де мәртебелі саналып келді емес пе? Осы тұрғыда ұстаз еңбегін айналып өту қисынсыз да шығар, бәлкім?! Өйткені, оның еңбегі – өлшеусіз!
Өз баласынан өзгенікін жоғары қоятын бір мамандық иесі болса, ол тек ұстаздың ғана қолынан келуі мүмкін. Қара танымай партаға қонжиған қарадомалақтан білімді де тәрбиелі азамат өсіріп шығару – сол мектеп аталатын киелі шаңырақтың шеберханасында ғана жасалатын ұлы іс деп бағалауға тұрарлық. Қай кезде де қарамағындағыларға қамқорлық танытып, қол ұшын созуға даяр тұратын жан да – сол ұстаз секілді.
Ұстаз еңбегінің арқасында әкім де, қара да, ғалым да, дарын да, бәрі-бәрі өз биіктеріне көтеріле алды. Ұстаз салған сара жолмен жүріп, ол нұсқаған сүрлеумен ғана ілгері басты.
Қазір мына ғаламда не көп, мамандық көп. Көрмек түгілі атын енді ғана естіп жатқан небір кәсіп түрлері бар. Бірақ солардың ішіндегі ең беделдісі де, ең мехнаттысы да ұрпақ тәрбиесіне тікелей қатысы бар осы – ұстаздық кәсібі. Содан да шығар келешек өмірдің кілті де сол кісілердің қолында деп жатады білетіндер. Ел басқарған ер де, көпті көрген көнекөз қария да ұстаздың алдын көріп, тәлімін алған.
Осы орайда тіл ұшына мына мақалдың орала кеткенін қайтерсіз?! «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» демей ме қазақ, сөз орайы келген соң, сәл де болса сөйлегеніміз орынды шығар. Дәл осы тұста жаны жайсаң, әрі өз ісіне өте жауапты, ұлағатты ұстаз Нұрлыбек Рашитұлы жайлы ой қозғаудың да реті келіп тұрғандай.
Дидары нұрлы Нұрлыбек аға 1950 жылы Қостанай облысы, Амангелді ауданы, Қабырға ауылында өмір есігін ашыпты. Өз заманындағы Торғайдың тумасы өткен ғасырдың сексенінші жылдары Абай атындағы педагогикалық институтын қазақ тілі және әдебиеті пәндерінің мұғалімі мамандығы бойынша тәмамдап, ұзақ жыл өзі туған ауылында ұстаздық етеді. 1998 жылдан бастап №4 Жалтыр орта мектебіне қызметке ауысып, сол білім ұясынан құрметті еңбек демалысына шығады. Үлгілі, өнегелі, өмір тәжірибесі мол ұстаз бар ғұмырын бала тәрбиесіне арнап, оларға дұрыс бағдар нұсқап, сапалы білім беруге күш салады. Шынайы ұстаздың шәкірттері әр жыл сайын ұлттық бірыңғай тестілеуден (ҰБТ) ең жоғары көрсеткіш көрсетіп қана қоймай, «Жарқын болашақ» сынды аудандық, облыстық байқаулардың жүлдегерлері де атанып келді. Абай мен Мұқағали оқуларының жүйріктері де сол кісінің оқушылары еді. Осы еңбегі ескеріліп, 2013 жылы Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігі тарапынан алғыс хатпен марапатталады. Бұл – үздіксіз еңбек пен төгілген тердің шынайы нәтижесі еді.
Өткізіп өз алдынан талай бала,
Бойына құйдың ақыл, ой мен сана
Сарп етіп сан жылдық еңбегіңді,
Ақылшы, тәрбиеші, болдың, аға!
Атағың Алатаудай болар биік,
Әрдайым тұрар төбең көкке тиіп.
Өлшеусіз өнегелі еңбегіңе,
Жүрсе екен, шәкірттерің басын иіп
Қиындық ұшырасса наласыз ба?
Жол ашар мұзжарғыштай жарасыз ба?
Тек шәкірттің ұстазы
болып қоймай,
Сіз өмірдің ұстазы боласыз да!
Нұрлыбек Рашитұлы – ұлағатты ұстаз ғана емес, мол тәжірибесін әріптестерімен бөлісе білген тағылымды жан. Өз ісінің білгірі ретінде өзгеден көмегін еш аяған емес. Әсіресе, жас мамандарға жақсы жетекші бола білетіндігі өз алдына. Бүгінде жұбайы Айзадамен бірге бағып-қағып өсірген ұл-қыздары да бөлек-бөлек бір-бір шаңырақтың иелері. Олардың араларында да ата-анасының ардақты жолын қуып, ұстаздықты кәсіп етіп жүргендері баршылық. Ешбір құрылғымен өлшенбейтін осы бір еңбегіңіз мектеп тарихында алтын әріптермен жазылып қала бермек. Санада сайрап тұрар әр сабағыңыз шәкірт жүрегінде мәңгі жаттаулы. Ұстаз еңбегінің өлшеусіздігі, бәлкім, осында жатқан болар... Мен солай деп пайымдадым.
Гүлдана ЫСҚАҚОВА,
№4 Жалтыр орта мектебі
тарих пәнінің мұғалімі.
Ақмола облысы,
Астрахан ауданы.