06 Ақпан, 2016

Деректі киноның дүлдүлі

625 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
04-02-16-abishev-1Қазақстан деректі киносының іргетасын қалап, негізін салған, Қазақ КСР-нің халық әртісі, Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының иегері Ораз Әбішұлы Әбішев өзінің бүкіл ғұмырын, саналы өмірін осы салаға арнады. Шығармашылық жолын республикадағы кино өнерінің дүниеге келу және даму тарихымен тығыз байланыстырған режиссер осы жылдарда жетпіске жуық деректі фильм мен үш жүзден астам киножурналдар шығарды. Бүгіндері бұл шығармалардың әрқайсысы еліміздің жартығасырлық экрандық шежіресіне айналып та үлгерді. Ораз Әбішев Семей облысы (қазіргі Шығыс Қазақстан), Абыралы ауданының Қайнар ауылында дүниеге келді. 1936 жылы Қазақ музыка театрының жанындағы екі жылдық актер мектебіне қабылданады. Көп ұзамай осы театрдың сахнасында Құрманбек Жандарбеков, Манар­бек Ержанов, Ғарифолла Құрманғалиев, Қанабек Байсейі­товтермен бірге өнер көрсетіп, үлкен мектептен өтеді. «Ер Тар­ғында» – Сыпыра жыраудың, «Айман-Шолпан» операсында – Өзбектің, «Қыз Жібек» операсында Сансызбайдың рөлдерін сомдаған болашақ кино шебері 1936 жылы Мәскеуде өткен қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне қатысып, өнер көрсетеді. Бірақ 1938 жылы Ашхабад қаласына қазақ мәдениеті мен өнерінің онкүндігіне барған сапарында тамағына суық тиіп, сырқаттанады да, сахнаға шыға алмай қалады. Алматыға қайтып келген соң Құрманбек Жандарбеков: «Дауыс дегенге аса сенім жоқ. Кино мамандарын даярлайын деп жатыр. Қабілетің бар ғой, киноға ауыссаң қайтеді?» – деген ағалық ақылын айтады. Осы кезден бастап, әнші Ораз Әбішев өмірінде жаңа шығармашылық белес басталады. 1939 жылы Қазақ КСР Минис­трлер Кеңесінің қазақ ұлттық кино мамандарын дайындау жөніндегі арнайы қаулысы шығады да, Мәскеудегі Бүкілодақтық мем­лекеттік кинематографистер инс­титутына (ВГИК) бірнеше талантты қазақ жастарын оқуға жіберуге шешім қабылданады. Сол тізімге Ораз Әбішев те ілінеді. Бүкілодақтық кинематогра­фистер институтының режиссерлік фа­куль­тетінде оқи жүріп, «Лен­фильм» киностудиясында түсіріліп жатқан «Райхан» фильмінің режиссері Моисей Левиннің ассистенті болады. Кеңес киносының бел­гілі шеберлерінен тағылым ал­ған жас Ораз «Ленфильм», «Мосфильм» киностудияларында үлкен тәжірибе мектебінен өтеді. 1942 жылдың басында Алматыға уақытша көшіп келген «Ленфильм» студиясының ұжымымен бірге туған жеріне қайта оралады. Осын­дағы Біріккен киностудиялар орталығында (ЦОКС) жұмыс істей жүріп, кеңес киносының белгілі режиссерлерімен қыз­мет­­тес болады. Соғыс жылда­ры Біріккен киностудиялар ор­та­лығы (ЦОКС) жанынан ашыл­ған киноактерлер мектебінде С.Эйзенштейн, В.Пудовкин, С.Васильев, И.Пырьев, Л.Трау­берг­термен қатар жүріп, осы мек­тепте оқыған К.Қожабеков, Н.Жантөрин, Ш.Жандарбекова, Ә.Өмірзақова, Т.Қосыбаева сияқ­ты қазақ сахна және кино өнерінің болашақ қайраткерлеріне «Актер шеберлігі» пәнінен дәріс береді. Ораз Әбішев кино өнеріне ауысқан жылдары Алматы кинохроника студиясында негізінен арнайы тапсырмамен келген мәскеулік және ленинградтық кинооператорлар мен режиссерлер жұмыс істейтін. Осы кезеңде қазақтың алғашқы операторлары И.Тынышпаев, Ф.Әбсәлямов, М.Сағымбаев кино өнеріне ке­леді. Ал режиссерлердің ара­сынан арнайы білім алып, ал­ғашқы ұлттық кадр ретінде студия жұмысына араласу бақыты Ораз ағаның маңдайына жазылады. Ол өзінің алғашқы дербес түсіру жұмыстарын «Советтік Қазақстан» киножурналынан бастайды. Оған арнап түсірген алғашқы сюжеттерінде жеке кейіпкер бейнесінің ерекшелігін көрсетуге деген талпынысын бай­қатады. Бұл режиссердің елу жылдық шығармашылығындағы өзіндік қолтаңбасының басы болатын. Көп уақыт өтпей-ақ, 1947 жылы режиссердің екі бірдей: республиканың соңғы отыз жыл ішіндегі жетістіктері туралы «Біз­дің рапорт» және атақ­ты күйші Дина Нұрпейісоваға арналған «Дина» (биографиялық фильмдердің бастамасы), 1948-1950 жылдары «Алыс жайлауда», «Қазақстан әндері» фильмдері түсіріледі. Сонымен, қазақ кинорежиссурасында алғашқы ұлттық маман пайда болып, отандық деректі кино өнерінің жаңа беттері ашылады. Ораз Әбішевтің алғашқы фильмінен бастап, 1986 жылы түсірген «Сатан Ысқақовтың он екінші биігіне» дейінгі шығар­машылық жолында қазақ деректі киносының «алтын қорына» енген көптеген керемет туындылар дүниеге келді. Оларда тек қазақ киносының ғана емес, сонымен қатар кеңес деректі киносының ең үздік даму үрдістері көрініс тапты. Оның қай фильмінде болмасын, алдыңғы қатарда адам, оның қайталанбас тағдыры, жеке тұлғасының бітім-болмысы тұрады. Режиссер кейіпкерінің тағдырын елінің тағдырынан бөле-жара алып қарамайды. Өйткені, тарихты жасайтын да, ілгері дамуының қозғаушы күші де адам, оның іс-әрекеті мен ақыл-ойы деп тұжырымдайды. Кино өнеріне келген алғашқы жылдарында-ақ деректі фильмнің сәтті шығу-шықпауы ең алдымен кейіпкер тұлғасының бітім-болмысына байланысты екенін түсінеді. Кейіпкердің мінез-құлқы, ісінің маңыздылығы, ерекшелігі шығарманың сюжетін, атмосферасын, бейнелеу қатарының стилистикасын, тіпті, кейде жанрлық ерекшелігін анықтайтынын әр­дайым жадында ұстайды. Режиссер шығармашылығына тән тағы бір ерекшелік – кейіпкерлерінің мінез-құлқын, ішкі жан дүниесін ашуда жаттанды болған таптаурын схеманы қолданбайды, жалған пафос пен сыртқы әдемілікке тал­пынбайды. Әрбір фильм ол үшін шығармашылық ізденіске ай­налады. Қандай көріністі, қай кейіпкерін түсірсе де, сыр-сипаты өте биязы, сұлулықпен астасып, ажарланып жатады. Ораз Әбішев – Қазақстан Магниткасының алғашқы қадам­дарын, тың өлкесінде салынған құрылыстарға байланысты өзекті мәселелерді көтерген, ғылым мен өнер қайраткерлері туралы ең алғашқы болып түсірген режис­серлердің бірі. Республика өмірінде болып жатқан бірде-бір маңызды құбылыс режиссер назарынан тыс қалмайды. Қазақстан деректі кино шеберлерінің алғашқысы болып Ораз Әбішев «Сенімен бірге» (1962) фильмінде тың игеру науқанын ашық сынайды. «Қызыл идеологияның» ұлттар өнері мен мәдениетіне, әдебиетіне үстемдік құрып тұрған өткен ғасырдың алпысыншы-жетпісінші жылдардың өзінде-ақ, көне ғасырдан келе жатқан қазақ халқының ұлттық өнері мен мәдениеті және оның бүгінгі күнмен үндестігі туралы «Тастағы таңбалар» (1968), «Ашық алақан сыры» (1968), «Тарихпен тілдесу» (1973) фильмдерін түсіреді. Сонымен бірге, «Бір хаттың ізімен» (1969), «Бір жаздағы бес кездесу» (1965), «Апа» (1968), «Абсент» (1974), «Мұқан Төле­баев» (1973), «Ән мен жыр дүлдүлі» (1974), «Қажымұқан» (1978), «Талғаттың биік аспаны» (1979) сияқты тағы да басқа режиссер шығармашылығының жарқын беттері болып қалған фильмдері қазақ деректі киносының класси­калық шығармаларына айналды. Ал режиссер шығармашылығының ең бір кемелденген тұсында түсірілген «Жыраулар» (1983), «Қалыбайдың бағы» (1984), «Рәпия» (1985) фильмдерінің қазақ ұлттық деректі кино өнері тарихындағы орны ерекше екені айтпаса да түсінікті. «Егер орыс әдебиетінде «Бәрі­міз де Гогольдің «Шинелінен» шық­тық» деген қанатты сөз бар болса, қазіргі қазақ деректі кино­сында еңбек етіп жүрген жас­тардың барлығы сол Ораз Әбішевтің «шекпенінен» шықты деп айтуға болады. Бұлай дейтінім, ол кісіден тікелей дәріс алу міндет емес. Бірақ негізін қалап беріп, ауырға арқасын тосқан Ораз секіл­ді ақсақалға қазақтың жас киногерлерінің бәрі тәнті деп ойлаймын», – дейді белгілі жазушы, драматург, Қазақстан Мемлекеттік сый­лығының иегері Әкім Тарази. Биыл туғанына 100 жыл толғалы отырған қазақ деректі киносының негізін қалап, қалыптасуы мен дамуына орасан еңбек сіңірген Ораз Әбішевтің фильмдері тек бүгінгі күн үшін ғана емес, келер ұрпақ үшін де қайта-қайта айналып соғатын рухани діңгек екені даусыз. Нәзира РАХМАНҚЫЗЫ, кинотанушы, өнертану кандидаты.  АСТАНА.