06 Ақпан, 2016

Әділеттілік іздегендер «Ақ жолға» келді

257 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
«Ақ жол» демократиялық партиясының бас кеңсесіндегі өткен қоғамдық қабылдауға түйткілді мәселенің түйінін тарқата алмай жүрген жандар жиналды десе болғандай. Керенау кеңселердің табалдырығын тоздырып, құзырлы органдарға жазған шағымдарынан оң нәтиже шықпаған соң, арыз-арманын арқалап, үкілі үміттің жетегінде «Ақ жолға» келген. Сексеннің сеңгіріне шыққан Қорған Әмірхамзин ақсақал қорғансыздыққа күйініп, ендігі бар үміті Азат Перуашев басқаратын партияға тірелгенін кемсеңдей отырып жеткізді. Ашпаған есігі, бармаған кеңсесі қалмапты. Ақсақалдың айтуынша, көмір тасымалымен айналысатын ұлын Ақмола облысындағы Целиноград ауданы әкімдігінің қызметкерлері тақырға отырғызыпты. Осыдан екі жарым жыл бұрын әкімдіктің жылу қазандығына жеткізілген көмірге тиесілі төлемнің 1 миллион теңгесі ғана төленіп, 9 миллион 500 мың теңгесін әлі күнге дейін ала алмай жүр екен. Аудандық әкімдік қызметкерлерінің әділетсіздігінен бүгінде ақсақалдың баласы ауруға шалдығып, жұмыссыз қалған көрінеді. Жетімдер үйінің тәрбиеленушісі Галина Киль де «жетімді жебейтін ұйым» ретінде Қоғамдық қабылдауға сенім артып келіпті. Ол қазір үш баласымен баракта тұрып жатыр екен. Астана қалалық әкімдігінің тұрғын үй басқармасына барса, тұрғын үй кезегіне тіркеу туралы өтінішін қабылдамаған. Енді ақжолдық заңгерлер Г.Кильге тұрғын үй кезегіне тұру үшін кеңес беріп, құжаттарын әзірлеуге көмектесетін болады. Ал «Ортопедия академиясы» ЖШС-нің бас директоры Инна Камалова болса, Қоғамдық қабылдауға жеке басының қамымен емес, елдің мүддесіне орайласатын арнайы ұсынысымен келіпті. «Біз тірек-қимыл аппараты ауруларын, яғни майтабан, өкше, дене тұрқының бүгілуі деген сияқтыларды емдеумен айналысамыз. Біз бұрын өнімдерді Ресей, Еуропа, Қытай тәрізді елдерден әкелетінбіз. Ал қазіргідей экономикалық қиын кезеңде сырттан тасымалданатын тауарлардың бағасы шарықтап кетті. Сатып алу қабілеті төмендеген соң, аталған өнімдер арқылы ем қабылдау тұтынушыға тиімсіз. Сол себепті, отандық өндірісті іске қосу төңірегінде ойға келдік. Ал өндіріске қажетті шикізат та елімізде өндірілмейді. Сырттан тасымалдаған күнде оның өзіндік құны тағы да өсіп шыға келеді. Өндіріске қажетті сапалы былғарыны шығару үшін жүздеген миллион доллар көлемінде қаржы керек. Орта бизнес үшін бұл – қол жетпейтін инвестиция. Егер де мемлекет тарапынан осындай өндіріс қолға алынып, дайын өніміне дейін елімізде шығарылатын болса, біз, шағын және орта бизнес өкілдері импорт алмастыру бағдарламасына өзіміз де үлесімізді қосқан болар едік», дейді Инна Владимировна. «Ақ жол» партиясы тарапынан қоғамдық қабылдаулар әр апта сайын өткізіліп тұрады. Өткен шақырылымда партия фракциясының мүшелері азаматтардың талап-тілектеріне байланысты Үкіметке, Бас прокуратураға және де басқа да құзырлы органдарға 190-нан астам депутаттық са­уал жолдаған. Төрт жылға жуық уақыттың ішінде Қоғамдық қабылдауда ұзын-саны 2000-ға жуық адам болған. Қоғамдық қабылдау төңірегіндегі ойын партияның төрағасы Азат Перуашев төмендегіше тарқатты: «Парламенттік партия болған соң азаматтардың өтініштерімен жұмыс істеуге міндеттіміз. Азаматтардан түсетін арыз-шағымның денін жер телімі, тұрғын үй, ипотекалық несие, үлескерлер проблемасы құрайды. Жұмыссыздық мәселесі де алдыңғы қатарда. Кәсіпкерлікпен айналысатын орта бизнестің өкілдері де өздерінің талап-тілектерін жеткізеді. Немесе мемлекеттік сатып алуға қатысты заңсыздыққа кезіккен, тексеруші органдар тарапынан қысымға ұшыраған азаматтар да қабылдауға жиі келеді. Партияның қоғамдық қабылдауына келген азаматтардың шағымына қатысты тиісті органдарға хат жолдап қана қоймай, қажетті жерінде заңгерлеріміз олардың құқығын сот органдарында қорғауға да көмектеседі», деп сөзін түйіндеді Азат Тұрлыбекұлы. Қоғамда түйіні тарқатылмаған мәселе баршылық екен. Қоғамдық қабылдауға келген азаматтардың арыз-шағымынан осыны пайымдадық. Атқарушы, сот билігі сияқты құзыретті органдардың қызметінің олқы тұстары осындайда көрініп қалады. Нәтижелі болса, жемісті болса, ел-жұрттың партияларға арызданатындай несі бар?! Ғабит ІСКЕНДЕРҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».