Жуырда Үржар ауданының орталығында 27 пәтерлі тұрғын үй кешені пайдалануға берілді. Төрт қабатты заманауи үйге орналасқан қуаныш иелеріне «құтты болсын!» айта барған едік. Жаңаның аты жаңа емес пе! Ғимараттың сырты сайдинг материалымен қапталған. Ауылға көрік сыйлаған көп қабатты үй негізінен мемлекеттік қызметкерлерге, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға, жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға берілген. Жаңа нысан 1, 2 және 3 бөлмелі пәтерлерден тұрады. Жаңа ғимараттың жертөлесі де тиімді пайдаланылып отыр. Мердігер компанияның көмегімен күрделі жөндеу жүргізілген жертөледе учаскелік полиция пункті орналасқан. Бұл тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
– Тұрғын үйдің құрылысы 2014 жылы басталған еді. Жерлесіміз, аудандық мәслихат депутаты Жаңабай Сауытов жетекшілік ететін «Капсантехремонт» ЖШС жүргізген құрылыс қысқа мерзімде аяқталып, жыл соңында пайдалануға берілді. Бұл жобаға облыстық бюджеттен 225 млн. теңге қаражат бөлінді. Өткен жылы пайдалануға берілген орталық қазандықпен жылытылады, орталық су және кәріз желісіне қосылған, – деді Үржар ауылдық округінің әкімі Сайлауғазы Шарықбаев.
Осыған дейін оннан астам үйді жалдап, пәтерден пәтерге көшіп жүрген көп балалы ана Нағима Байжұманова баспаналы болғанына бала-шағасымен бірге риясыз қуанған жандардың бірі. Тіпті, жеті баланың біреуі осы үйдің іргетасын қаласып, шатырына дейін жабысқан құрылысшылардың бірі болыпты. Кірпішін қаласып жатқан құрылысшы бозбала жұма сайын мешітке барып «осы үйдің бір бұрышы бізге бұйырса екен» деп пәтерлі болуды тілеп жүріпті. Баланың тілегін берген болар, бұл отбасы жарқыраған заманауи пәтерге жақында көшіп келді.
– Аудан әкімі Серік Зайнулдиннің ұлының күш-жігерімен құрылыс тез салынды. Алғаш келгенде «бұл шынымен біздің үй бе?», деп балаларым жылап жіберді. Кішкене кездерінен пәтер жалдаудың қиындығын көріп өскен ғой. Мен де алабөтен сезім кештім. Көп балалы ана болғандықтан, пәтер сатып алуға жағдайымыз жеткен жоқ. Сондықтан, бұл пәтер – Елбасының сыйы, мемлекетіміздің атаулы көмегі деп білемін. Бұл қуанышқа жете алмай жүргендер де бар. Баспана бақытын басқа да көп балалы ата-аналарға тілеймін, – дейді қуанышын жасыра алмаған Нағима Бақтиярқызы.
Ал Раушан Сәрсембаева мүмкіндігі шектеулі баласын Астанаға емдеуге алып барғанында, дәрігерлердің кеңесімен үй кезегіне тұруға өтініш жазғанын айтады. Осылайша, үш жыл кезекте тұрып, пәтерге қолы жеткен ол үйдің жалға төленетін ақысы мен коммуналдық қызметі көңілден шығатынын, жылы әрі жарық баспана баласына да көтеріңкі көңіл-күй сыйлағанын жеткізді. Қазіргі кезде тірек-қимыл аппаратының ауытқуы диагнозы қойылған 7 жастағы баласына «Шапағат» медициналық-әлеуметтік мекемесінде дәрігерлік-психологиялық көмек көрсетілетінін де атап өтті.
– Ауылды жер болғандықтан, бастапқыда үйдің салынатынына ешкім сенген жоқ. Тіпті, құжаттарымыз сақадай-сай болған кезде де күмән басым еді. Үй берілген кезде қуанышымыз қойнымызға сыймай, бірден көшіп келдік. Біз ғана емес, осы үйге кірген Науалы балалар үйінің түлектері де жалғыз емес екенбіз деп ерекше қуанды, – деді Раушан Сәрсембаева.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы.