06 Ақпан, 2016

Ұлттық экономиканың тұғырнамасы

468 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
DSC_6275+_New1Мемлекет басшысы ұсынған бес институттық реформаны мүлтіксіз жүзеге асыру бүгінгі күннің ең маңызды шарасы болып тұр. Әйтпесе, әлемдік экономиканың адымын аштырмай тұрған жаһандық дағдарыс еліміздің еркін дамуына үлкен кедергілер әкелуі бек ықтимал. Сондықтан «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарындағы көрсетілген әр міндетті әрбір отан­дасымыз бойына сіңіріп, бүкіл болмысымен ел дамуына өз үлесін қосқаны ләзім. Сөйтіп, дағдарыстан шығуға нақты іс-әрекетімен кіріскені дұрыс. Елбасының «Ұлт Жоспары – қазақстандық арманға бастайтын жол» атты мақаласы жөнін­де бізбен әңгіме құрған экономика ғылымдарының докторы, Алданыш НҰРЫМОВ осы ойды бекітті. – Алданыш Арыстанғалиұлы, қазіргі әлемді дағдартқан эко­номикалық қиындықтар біз­дің елді де айналып өтпей тұр. Осын­дай тұста тығырықтан шы­­ғар жолды әр ел өз жөнімен із­дестіруде. Ал біздің елдің таң­даған жолы қаншалықты дұрыс деп санайсыз? – Біздің ел қиындықтан шығар жолды өз бетімен іздеп отыр. Оны тапты да. Ол Мемлекет басшысы ұсынып, бекіткен – «100 нақты қадам» Ұлт Жоспары. Ұлттық эко­номикамызға мықты тұғырнама болып бекітілген бағдарламалық осы құжаттың әр сөзі мен ишарасын бұлжытпай орындауға ел болып жұмылуымыз аса қа­жет. Оған қоса, Елбасы «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық және ин­дус­триялық-инновациялық даму бағдарламаларын бұған дейінгі қарқынынан бәсеңдетпей жүргізуді құп көріп отыр. Республика Пре­зидентінің ел әл-ауқатын көтеріп, экономиканы өрлету жөніндегі осы ордалы ойларын жеделдете жүзеге асыруға асығу керек. Бағ­дар­ламалық құжаттарды қарай отырып, ел дамуына серпін беретін құнды идея­ларды көз шалады. Соларды оқығанда ойға түйгеніміз осы болды. – Қазіргі таңда табыс дек­ларациясын жариялау туралы әңгіме қызып тұр. Осы жайт­­тың жай-жапсарына деген көз­қарасыңызды білсек деп едік. – Бұл мәселені де Елбасы өте орынды көтеріп отырғаны анық. Расында, қазіргі мөлдір әлемде ешкім ештемені де қоғамнан то­лық жасыра алмайды. Сондық­тан, жария­лылықты қиындатпай, ашық қоғамда барынша құпия-қи­тұр­қысыз өмір салтымен ғұмыр кешкен мың-мың мәрте абзал. Күні кеше интернет беттерін ақтара қарағанда, әлемдегі 62 алпауыттың табысы планета тұрғындарының тең жартысының нәпақасынан асып түсетінін көзім шалды. Бұл нағыз қомағайлық. Қанағатсыз жәндіктің инстинктімен өмір сү­ретін «ақылды» алпауыттар де­меске шарам жоқ. Біздің елден ондай деңгейдегі дәулеттілер шықпаса да, қазіргі экономикалық дағдарыс кезінде еліміздің серпінді дамуына септесе алатын қаржылы азаматтар бар. Олардың алғашқы легі қылаң да берді. Таяуда Алматы арнасы Қаржы министрлігінің мәліметіне сүйеніп, қазақстандық дәулет­ті­лер ел экономикасына 42,1 млрд. тең­ге инвестиция салғанын жа­риялады. Бұл өте жағымды жаңа­лық. Мемлекет басшысының отан­­­дастарға айтқан ойын дұрыс ұққан ақшалы азаматтар шетелдегі қаражатын ел экономикасына сал­ғаны көп қиындықты еңсеруге мүмкіндік береді. Расында бұл қыруар қаражат мүлікті жария ету науқанынан жиналған. Жергілікті және мемлекеттік кіріс­тер органдарына 758,4 млрд. теңге тұратын 75 мыңға жуық өтініш түсіпті. Оның ішінде 58 мың 340 нысан бар, жалпы сомасы 455,3 млрд. теңгені құрайтын қаржылай және құнды қағаздар заңдастырылған. Ал, Алматы қаласы бойынша жария ету науқанына 13 мыңдай ықтиярхат келген. Олардың жалпы сомасы 200 млрд. теңгеден асатын көрінеді. Мұнымен берге, МКД-де 21 тұлғаның өтініші қарастырылып, жария етіліпті. Негізі заңдастыру науқанына шетелден қатысып жатқан қа­зақ азаматтары аз емес екен. Осы қыс­қа уақыттың өзінде ел аумағынан тыс жерлердегі мүлкін жария ету­ге түскен 1044,4 млн. тең­ге­ні құрайтын 38 өтініш заң­дастырылыпты. Бұл қалталы азаматтардың Мемлекет басшысына деген және елдегі заң әділдігіне деген сенімінің көрсеткіші. Енді олар заңды түрде салықтарын төлеп, ел экономикасының көтерілуіне өз үлестерін қосады. Мұнымен бірге, ел алдында жүздері де жарық болады. Ал елге салған инвестициялары халықтың әл-ауқатын жақсартып, Мемлекет басшысы Н.Назарбаев ұсынған бағдарламалық Ұлт Жос­парын жүзеге асыру істеріне серпін береді.  – Ұлт Жоспарында экономиканы өрлетудің тағы қандай шаралары қарастырылған? – Бағдарламалық жоспардың экономикалық блогында сыртқы инвесторларды тарту идеясы қолдауға лайық. Онда ел экономикасына кем дегенде 10 трансұлттық корпорация­ны тарту қарастырылған. Сөйтіп, зәкірлік инвесторлармен бірлескен кәсіпорындар құру идеясы алға шықты. Ондағы басты мақсат өн­діруші кәсіпорындардың жанынан өңдеуші кәсіпорындар құрып, оларды инфрақұрылымдық жүйемен қамтамасыз ету қарастырылған. Бұл Президент ұсынып отырған тың жоба. Егер Үкімет осы мақсатты жобаны толық жүзеге асыра алса, еліміз шикізатқа тәуелділіктен арылып, тауарды түпкілікті өңдеп шығарудан құралатын нағыз экономикалық даму сатысына аяқ басады. Енді Мемлекет басшысының осы жобасындағы экономиканы дамытудың негізгі тетіктеріне тоқталып өтейік. Бірінші топ, қай­та инвестициялау арқылы терең жаңғыртуға жататын кәсіп­орын­­­­дар. Екін­ші, трансұлттық корпорациялардың әлеуетін дұрыс пайдалану шаралары. Үшінші топ, зәкірлік инвесторлар үшін жоғары нарықтық бәсекелі кәсіпорындар мен экспорттық брендтердің пайда болуы. Осы игі бастамаларды дамудың бағдаршамы етіп ілгері ұмтылған кәсіпорындар осынау шараға қатысуы керек. Себебі, бүгіннің өзінде 26 трансұлттық компаниялармен келіссөздер жүргізілуде. Бірқатарымен уағда­ластыққа да қол жеткізіліп отыр. Еліміздің экономикасына үлкен серпін беретін келесі бір тың идея – «Астана халықаралық қаржы орталығын» құру. Бұл жоба әлемдегі ең озық тәжірибелермен жұмыс істейтін орталық болғалы тұр. Оған дүниежүзіндегі ең мықты әрі тәжірибесі мол қаржыгерлер келіп жұмыс істейді. Олар елімізге инвесторлар тартуға септеседі. Мұнымен бірге, сол орталық арқы­лы өз еліміздегі ірі кәсіпорындар­дың акцияларын сату мүмкін­дігі де туады. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың елдегі қаржыгерлер мен кәсіпорындарға тудырып отырған осы мүмкіндігін саладағы әр азаматымыз дұрыс пайдаланғаны жөн. – Осынау ауқымды жобаларды меңгеруге еліміздің мамандары қаншалықты дайын және халықаралық қаржы орталығын игеріп әкетуге қазақ қаржыгерлері қабілетті ме? – Әлемдегі көптеген ұлттардан біздің қазақтың бір ерекшелігі, баласын оқытуға аса ынталы. Баласы білімді де білікті болға­нын қалайтын әлемде екі ұлт болса, соның бірі қазақ екені анық. Жал­пы, қазақ балалары өте дарынды. Оны қазіргі таңда «Болашақ» бағдарламасымен әлемнің дамыған мемлекеттеріне барып білім алып жүрген әр іске қабілетті жастарымыз дәлелдеп жүр. Міне, сол жастар бұл істі білікті түрде жүрг­­ізе алатынына шүбәміз жоқ. Сондықтан, «Астана халықаралық қаржы орталығын» құру идеясы дер кезінде туып, Мемлекет басшысы оны жүзеге асыру ісін орынды көтеріп отыр деп санаймын. – Әңгімеңізге рахмет.  Әңгімелескен Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ,  «Егемен Қазақстан».