Бүгінде 1500-дей адамды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отырған – «Радуга» ЖШС-ге ағайынды Шарапаевтар жетекшілік етеді. Бастапқыда кәсіпорын бизнестің сауда-саттық секілді түрлерімен айналысса, кейін келе отандық тауарларды молынан шығаратын дәрежеге жетті. Мемлекеттің шағын және орта бизнес саласын қолдау бағдарламасын пайдаланып, бірнеше озық жобаларды жүзеге асырды.
– «Добрая рать» брендімен жұмыс істейтін компания азық-түлік тағамдарымен қатар, өнеркәсіп, шаруашылық заттары мен тауарларын шығарудың технологиясын меңгеру арқылы қазақстандық мазмұн үлесін еселей түсуді басты бағдар еткен. Соңғы жылдары полимер түйіршіктерін шығаратын желі іске қосылып, жергілікті шикізат кеңінен қолданылады. Мұның өзі өнімдердің қолжетімді бағасын қалыптастырып, шетелдерден нарық көзін табу мүмкіндігін тудырды.
Жақында компанияның бір құрылымы – «Добрая рать» ЖШС-нің кеңсесінде ұжым мүшелерінің қатысуымен алқалы жиын өтіп, ол бастауыш партия ұйымын құру шарасына арналды. Басқосуда «Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Кеңес Мұқышев сөз алып, жиналғандарды партия қызметімен, кезектен тыс ХVІІ съезде партия Төрағасы Н.Назарбаев алға қойған нақты міндеттермен таныстырды. Дағдарысқа қарсы тұрақтандыру, экономиканы құрылымдық тұрғыдан жаңарту, қазақстандықтардың тұрмыс сапасының жаңа стандарттары, конституциялық патриотизм мемлекеті, өңірлік тұрақтылық, интеграция және қауіпсіздік табысты болуымыздың басты кепілі, Ұлт Жоспары алдағы бесжылдық кезеңге арналған жаңа сайлауалды бағдарламаның өзегі болып табылатынын атап өтті.
«Радуга» ЖШС-нің директоры компанияның 2002 жылы құрылғанын, содан бері оның өнімдері Қазақстаннан тысқары жерлерде де үлкен сұранысқа ие екенін жеткізді. Кәсіпорын шемішке қуыруға, қайталама шикізаттан түйіршіктер дайындауға, пластмассадан бұйымдар өндіруге де маманданған.
Жиында сөйлеушілер «Нұр Отанның» сайлауалды бағдарламасын қолдайтындарын айта келіп, Президент белгілеген талаптарды орындау үшін бастауыш партия ұйымына бірігу қажеттігін алға тартты. Сол жерде 30 жұмысшы-қызметкер «Нұр Отан» партиясы қатарына өтуге өтініш берді.
– Жаңа сайлауалды бағдарлама біздің алдымызға зор мақсаттар қойып отыр. Ол – Қазақстанды экономикалық жағынан барынша бәсекеге қабілетті ету. Сапалы өнім өңдеу ауқымын арттырып, бәсекеге қабілеттілікті нығайту аса маңызды. Мұның бәрі тыңғылықты еңбекпен келеді. Партияның тұғырнамасында жазылған идеялар бәрімізді тың жетістіктерге жігерлендіреді, – деді бастауыш партия ұйымының жаңа төрағасы Петр Шарапаев.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.