06 Ақпан, 2016

Алматыда сыбайластар қолға түсті

262 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
коррупция АЛМАТЫ. 6 ақпан. Алматы қалалық мемлекеттік кірістер департаменті басшылығының қабылдауына өткен айдың соңына таман қаладағы жауапкершілігі шектеулі серіктестіктіктің бірінде  директор қызметін атқаратын азамат келіп, осы департаменттің экономикалық тергеу қызметінде істейтін екі қызметкердің өзінен ақша бопсалап жүргенін айтып, шағымданады. Бұл туралы egemen.kz тілшісі хабарлады. Оқиға былай болған, шақырусыз келген қонақтар кеткен соң, серіктестіктің бас бухгалтері өзінің бастығына мәселені одан сайын ушықтырмай, қылмыстық іске жеткізбеу  үшін тексерушілерге 15 миллион теңге беру керектігі жөнінде ұсыныс жасайды. Сол кезде серіктестік басшысы тарапынан өзінің бас бухгалтерінің осы адамдармен сыбайластығы жөнінде сезік туады. Себебі, серіктестіктің бүкіл қаржылық құжаттары мен салықтық операцияларын бас бухгалтерден артық ешкім білмейтіні белгілі. Содан кейін 26 қаңтар күні тексеруге келген жігіттердің Қуаныш есімдісі серіктестік басшысына телефон шалады да, уағдаласқан соманың мөлшері 15 миллионнан 6 миллионға түсірілгенін айтып, өте керемет жеңілдік жасалғанын ескертеді  және ол ақшаны өзінің бас бухгалтеріне беруді тапсырады. Ал енді оперативті іздеу шаралары нәтижесінде өзін жалған есіммен «Қуаныш» деп таныстырып, ақша бопсалап жүрген жігіт экономикалық тергеу қызметі емес, Әуезов аудандық мемлекеттік кірістер басқармасының бас маманы Е. екені анықталады. Содан 2 ақпан күні сағат 15:00 шамасында айтылған ақшаны алу үстінде серіктестіктің бас бухгалтері Ж. қолға түсті. Сонымен қатар ақша бопсалау әрекетіне қатысты сыбайласқан топтың басқа да мүшелері ұсталды. Аталмыш іс бойынша, Қылмыстық кодекстің 190 бабының («Алаяқтық») 4 тармағының 2 тармақшасы бойынша қылмыстық іс қозғалып, алдын ала тергеу шаралары жүргізілуде. Айнаш Есали. Дерек, сурет: egemen.kz.