10 Ақпан, 2016

Өнеркәсіпті өңір өрісі

286 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
IMG_0212 Бозумаев КанатКеше Астанадағы Орталық коммуникациялар қызметінде Павлодар облысының әкімі Қанат Бозымбаев республикалық бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерімен кездесіп, оларға облыстың 2015 жылғы әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары мен 2016 жылдың алда тұрған міндеттерін Елбасы тапсырмаларына сәйкестендіре отырып әңгімелеп берді. Павлодар облысы еліміздегі өнер­кәсіптік саласы дамыған, ин­дустрияландыру бағытында алдыңғы қатарда келе жатқан өңір­лердің бірі. Мұнай мен металл өнімдеріне деген халықаралық рыноктағы сұраныстың азаюы, осыған байланысты аталған өнім түрлері бағаларының төмендеуі бұл облыстың экономикалық жағ­дайына едәуір әсер еткендігін айта кетуіміз керек. Бірақ атал­ған мәселелерге байланысты Елба­сының тапсырмалары бойын­ша Үкіметтің жедел шешім қабыл­дауы жағдайды біршама жақ­сарта түскен. Соның ішінде, облыс әкімінің айтуы бойынша, дер кезінде жүзеге асырылған тең­гені девальвациялау шарасы кә­сіп­орындардың қайта еңсе тіктеуіне жағымды әсер еткен. Теңге Ресей рубліне қатысты кү­шейген кезде облыстың экспорттық өнімдерін сыртқы рынокқа, соның ішінде Ресей рыногына өткізуде едәуір қиын­дықтар пайда болса, деваль­вациялау шарасынан кейін теңге Ресей рубліне қатысты қайта әлсіреген тұста ол облыс кәсіп­орындарының экспорттық өнім өткізу көлемдері де еселеп артқан. Сондықтан облыс әкімі аталған шараны жалпы тұтынушы халыққа кері әсері болғанымен, экономиканы дамытуда жағымды ықпалы болды деп бағалады. Облыста Елбасының тапсырмасына сәйкес қолға алынған ірі шаралардың бірі – индустрияландыру бағдарламасын жүзеге асыру. Бірінші бесжылдықта осы мәселе бойынша жалпы құны 274,4 миллиард теңге тұратын 68 жоба іске қосылып, соның нәтижесінде 5617 жұмыс орны құрылса, екінші бесжылдық аясында 24 жобаны жүзеге асыру міндеті тұр. Бұған жұмсалатын инвестиция көлемі 1,2 триллион теңгені құрайды. Оның 5 жобасы 2015 жылдың тізіміне енгізілген. Солардың қатарында полимер бұйымдарын өндіру, ЖЭО-3 №2 стансасында жаңа турбина орнату, кернеу алдындағы темір-бетон арқалық шығару бойынша жаңа цех салу, Бозшакөл кен байыту комбинатын салу, мұнай коксын қайта өңдейтін мұнай химия өндірісін іске қосу секілді жобалар бар. Бұлар – жалпы жиыны 443,2 миллиард теңгені құрайтын ірі жобалар. Оның сыртында «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша Ертіс өзені арқылы жаңа автокөлік өткелі іске қосылды. Басқа да бірқатар жаңа жобалар пайдалануға берілді. Өткен жылы облыстың аг­рарлық саласы табысты жұмыс істеді. Соның нәтижесінде, ауыл шаруашылығындағы өнім өндіру көрсеткіші оның алдындағы жылмен салыстырғанда 13 пайызға өсіп, бұл жөнінде еліміздегі ең алдыңғы орындардың бірін еншіледі. Өсімдік шаруашылығында да­қыл­дардың егіс алқабы 73 мың гек­тарға ұлғайтылып, жалпы жиы­ны 1 миллион 115 мың гектарды құ­рады. Егістікте әртараптандыру жұ­мыстары жүргізіліп, жарма, майлы және жем-шөп дақыл­дарының егістік көлемі кеңейтілді. Суармалы егіншілік жоғары қарқынмен даму үстінде. Соңғы 2 жылда 10 400 гектар суармалы егіс алқабы пайдалануға берілсе, соның 4 300 гектары 2015 жылдың үлесіне тиді. Осының нәтижесінде жаңбырлатып суару технологиясын енгізу жұмыстары қарқынды сипат алып, облыс бұл мәселе бойынша республикада алдыңғы орынды еншіледі. Мал шаруашылығында ет экс­порттау жұмыстарына мән берілуде. Өткен жылы ғана Авс­тра­лиядан ет бағытындағы 1202 бас ірі қара мал сатып әкелінді. 2016 жылға жоспарланған 4000 бас шетел селекциясының асыл тұқымды малын әкелу көрсеткіші қазірдің өзінде 4437 басқа орындалды. Осының нәтижесінде облыс­тан экспортқа 1127 тонна ет және ет өнімдері шығарылып, жоспар 125 пайызға орындалды. Елбасының 5 бағыт бойынша «100 нақты қадам» Ұлт Жоспарын жүзеге асыру үшін тамақ өнімдерін өндіруге 4,12 миллиард теңге инвестиция салынды. Бұл алдыңғы жылғы көрсеткіштен 42 пайызға артық. Соның нәтижесінде, тамақ өнімдерін өндіру 9,9 пайызға артты. Бағаны тұрақтандыру бойынша ауылшаруашылық өнімдерін өндірушілермен тиісті меморандумдар жасалды. Әр жұма сайын ауылшаруашылық жәрмеңкелері өткізілетін болды. Жалпы, өткен жылы облыста ауыл шаруашылығының негізгі капиталына 7,7 миллиард теңге инвестиция салынып, 61 жоба жүзеге асырылды. «Агробизнес-2020» бағ­дар­ламасы аясында Үкімет тарапынан 1677 ауылшаруашылық құры­лымы қаржы қолдауына ие бол­ды. 4,5 миллиард теңгеге 536 ауыл­шаруашылық техникасы сатып алынды. Шағын және орта бизнесті дамытуға ерекше көңіл аударылуда. 2016 жылғы 1 қаңтардағы мәлі­мет бойынша, облыста 52369 шағын және орта кәсіпкерлік субъек­тілері тіркелген. Өткен жы­лы оларға республикалық бюджет­тен 3948,2 миллион теңге қар­жы бөлінді. 771 миллион теңге­нің шағын несиесі берілді. Оған 295 кәсіпкерлік субъектісі ие болды. Облыста әлеуметтік сала бойынша бірқатар маңызды бағ­дар­ламалар жүзеге асырылды. Соның ішінде «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша өткен жылы 1,6 миллиард теңге бөлініп игерілді. Осы шара аясында Ақтоғай ауданының Қожамжар ауылында, Павлодар ауданының Красноармейка және Мичурин ауылдарында, Шарбақты ауданының Хмельницкое ауылында 4 дәрігерлік емхананың құрылысы аяқталды. 39 нысанға жөндеу жұмыстары жүргізілді. Осы шаруалар бойынша 652 адам жұмысқа орналастырылды. Аталған бағдарламаның екінші бағыты бойынша 166 адам кәсіпкерлік негізіне оқытылды. 194 адамға шағын несие берілді. Мұның сыртында бұрын қайтарылған қаражат есебінен 104 бағдарламаға қатысушы 182,3 миллион теңгенің шағын несиесіне ие болды. Сондай-ақ, бағдарламаның үшінші бағыты бойынша 566 адам әлеуметтік жұмыстарға орналастырылды, 404 түлек жастар практикасынан өтті. Сөйтіп, өткен жылы «Жұ­мыс­пен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы аясында 5590 адам жұмысқа, оқуға және бас­қа да шараларға тартылды. Бұл жос­пар­дағыдан 3,2 есе артық көрсеткіш. Облыста «Өңірлерді дамыту-2020» бағдарламасы аясында көптеген шаралар жүргізілуде. Соның ішінде, Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі желісі бойынша халықтың барлық санаттары үшін 1 триллион 088,4 миллион теңге қаржы бөлінді. Жалға бері­летін тұрғын үй құрылысына 423,3 миллион теңге жұмсалды. Тұр­ғын үй құрылысындағы инже­нерлік-коммуникациялық инфра­құрылымдарды дамытуға 1 триллион 529,7 миллион теңге бөлінді. Соның нәтижесінде, 2015 жылы барлық қаражат көздері есебінен 164,6 мың шаршы метр тұрғын үй іске қосылды. Ал 2016 жылы осы бойынша бағдарлама аясында 3 триллион 021,3 миллион теңге қаржы бөлінбек. Яғни, биылғы жылы аталған жұмыс қызу қарқын алуға тиіс. Атай кететін бір мәселе, бұ­рын халықты ауызсумен қам­ту­ға бағытталған «Ақ бұлақ» бағ­дар­ламасы өз бетінше жүзеге асы­­рылып келген болатын. Өт­кен жылдың басынан бастап бұл бағ­дарлама «Өңірлік даму-2020» бағ­дар­ламасының аясын­да бірік­тірілді. Бағдарлама жұмыс істеген­нен бері бұл облыста 407 ауыл­дың 20 пайызы сумен қам­тама­сыз етілді. 236 ауыл ауызсуды құбыр­лы шахталық құдықтардан, су ұңғы­ма­ларынан алып отыр. 10 ауылға су тасымалданып беріледі. Осы істі одан әрі тереңдету үшін өткен жылы республикалық бюджеттен 455,6 миллион теңге бөлініп, ол 100 пайыз игерілді. 41 ауылдық елдімекендерде жерас­­ты су қорларының бар екен­дігі анықталды. Оларды сумен қам­та­масыз етудің жобалық сметалық құжаттары әзірленді. Облыс халқын медициналық қызметпен, біліммен қамту жұ­мыс­тары жалғасын тауып келеді. Өткен жылы 1 жастан 6 жасқа дей­ін­гі балалар мектепке дейінгі тәрбие және оқытумен 74 пайызға, 3-тен 6 жасқа дейінгі балалар 100 пайыз қамтылды. «ҚазТрансОйл» АҚ-тың қолдауымен Павлодар қаласында 320 орындық балабақша салын­ды. Облыста 49 білім беру ұйы­мына көптілді оқыту жүйесі енгі­зілді. 44 колледжде дуальды оқы­ту жүйесі енгізілді. Мұның сыр­тында, 5 мектеп пайдалануға беріл­ді. Бірқатар мектептердің құры­лысы жалғасуда. Облыс бойын­ша ҰБТ-ның орташа көрсеткіші 80,2 балды құрады. 69 түлек «Ал­тын белгіге» ие болды. ҰБТ-ға қа­тыс­қан түлектердің 40 пайыздан астамы грант бойынша оқу орындарына түсті. Денсаулық саласында да алға басулар бар. 2014 жылмен са­лыс­тыр­ғанда өткен жылы сәбилер өлі­мі 24,9 пайызға, туберкулезбен ауы­ратындар саны 16,3 пайызға, жүрек ауруынан қайтыс болатындар 10 пайызға азайды. 705 адам 19,2 миллион теңгенің мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмегіне ие болды. 1314 отбасына 45,9 миллион теңге балаларға арналған жәрдемақы берілді. Баспасөз мәслихатының соң­ында облыс әкімі Қанат Бозым­баев­қа журналистер тарапынан көпте­ген сұрақтар қойылды. Мәсе­лен, «Майқайың комбинаты жабы­лады деген қауесет бар. Осы сөз шын­дық па?» деген сұраққа Қанат Алдабергенұлы былай деп жауап берді: – Расында да, теңге бағамы рубльге қатысты күшейген тұс­та бірқатар кен өндіру кәсіп­орын­дарының бойында ауырт­палықтар болғаны рас. Майқайыңға Сер­биядан келген инвесторлар көп нәтиже шығара алмады. Қа­зір бұл кәсіпорынды өзіміздің пав­лодарлық жігіттер басқарып отыр. Теңге әлсірегеннен кейін жағдай қайта қалпына келді. Өнімді экспорттау көрсеткіші жақсарды. Менің ойымша бұл комбинат жабылмайды. Жұмыссыздық та бола қоймас. Өйткені, Бозшакөл комбинаты іске қосылғалы отыр. Яғни, жаңа жұмыс көзі ашылуда. Ауаға лас қалдықтар шығару азайды ма деген сауалға азайды деп айтуға болады. Бұл проб­леманы бақылауда ұстау үшін біз тиісті құралдармен жабдық­талған жылжымалы зертхана сатып алдық. Сонымен қала­дағы кәсіпорындарды тексерген кезі­мізде 3 кәсіпорында ауамен қоршаған ортаға лас қалдық­тар шығару көрсеткіші қалыпты жағдайдан артқандығын анықтадық. Ол кәсіпорындарға тиісті шаралар қолданылды. Одан кейін мұндай оқиғалар қайталанған жоқ, деп жауап берді. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан».