10 Ақпан, 2016

Үгіт заңмен үйлескенде ұтымды

271 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Қостанай облыстық сайлау комиссиясы семинар-кеңес өткізді Елімізде Парламент Мәжі­лісі мен барлық деңгейдегі мәсли­хаттар депутаттарының сайлау­ларын өткізу науқаны басталып кетті. Әлемді алаңдатып отыр­ған дағдарыс кезінде кезектен тыс сайлаудың өтуіне эконо­ми­калық үнем және саяси берік­тілік тұрғысынан түсіністікпен қарап отырған сайлаушылар үшін осы саяси науқанның аса демократиялықпен, мөлдірлікпен, ашықтықпен өтуінің маңызы зор. Сондықтан облыстық сайлау комиссиясының төрайымы Анто­нина Маркова семинар-кеңесте түрлі деңгейдегі бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдеріне саяси науқанның барысы және оны жүргізудің бекітілген ережелері туралы тағы да айтып берді. Антонина Михайловна саяси науқан басталысымен-ақ журналистермен осы тақырыпта брифинг өткізген болатын. – Сайлаушыларға да, сайланатын азаматтарға да ақпарат негізінен газеттер мен телеарналар арқылы жетеді. Сондықтан сайлау науқанында сайлаушылар түсіне алмай қалған, қате түсініп қал­ған сәттер болмауы тиіс. Сол үшін журналистерді, яғни респуб­ликалық және жергілікті бұқа­ралық ақпарат құралдары өкілдерін тағы да бір жинауды жөн көрдік. Жұртшылықтың саяси белсенділігі өте жоғары, – дейді Антонина Маркова. Мәслихаттарға кандидаттар ұсыну 20 қаңтар мен 19 ақпан арасында жүретіндігі белгілі. Бүгінге дейін облыста түрлі деңгейдегі мәслихаттарға ұсынылған үміткерлердің саны 600-ге жеткен. Оның ішінде 67 адам – облыстық мәслихатқа, 407 адам – аудандық, 126-сы қалалық мәслихаттарға депутат болғысы келеді. Олардың барлығы да өзін өзі ұсынған. Үміткерлердің 33 пайыздан астамы әйелдер, 11 ұлттың өкілі. – Мұның өзі түрлі деңгейдегі мәслихаттарға кандидаттар ұсыну жалғаса беретінін білдіреді. Әлі уақыт бар. Сондай-ақ, «Нұр Отан», «Ақ жол», «Ауыл», «ҚКХП» партиялары және тағы басқа саяси партиялар мәслихаттарға өз кандидаттарын ұсынуға даярлауда, – деді Антонина Маркова. Семинар-кеңесте жиналғандар тарапынан облыстық сайлау комиссиясы мүшелеріне берілген сауалдардың басым көпшілігі мәслихаттарға үміткерлердің сайлауалды үгіт жұмыстарына байланысты болды. Өйткені, халық сайлауда елі, Отаны үшін аянбай қызмет ететін қалаулысын қалт жібермей таңдап алуы тиіс. Ол үшін сайлауалды үгіт жұмыстары заң аясынан шашау шықпайтындай, әділ, мөлдір болуы тиіс. Қазір ақпарат таратуға газеттер мен телеарналар, радиодан бөлек интернет-ресурс қосылды. Осыған орай да сайлау комиссиясы мүшелері көптеген сұрақтарға жауап берді. Кандидаттардың сайлауалды үгіт жұмысында заңмен бекітілген және соған орай ескеруді қажет ететін мәселелер жеткілікті. Семинарда солардың барлығын облыстық сайлау комиссиясы мүшелері журналистерге жете түсіндірді. Сайлауда сайлаушылар да, сайланушылар да түсінбей қалған мәселе болмайды. Сонда ғана демократия салтанат құрмақ. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан». ҚОСТАНАЙ.