10 Ақпан, 2016

Озық одақпен оңтайлы ынтымақтастық

199 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
19-08-hatshi-386x500Кеше Ақордада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы Гүлшара Әбдіқалықова Еуропалық одақтың Қазақстандағы Өкілдігінің басшысы, елші Траян Христеамен кездесті. Кездесу барысында Қазақстан мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың ахуалы мен келешегіне қатысты кең ауқымды мәселелер талқыланды. Сондай-ақ, өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті жайттар жөнін­де пікір алмасылды. Тараптар екі­жақты сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстардың қазіргі даму қарқынына қана­ғат­танатындарын білдірді. Еуропалық одақ Қазақстанның негізгі сауда және инвестициялық серіктесі болып саналады. Өткен 10 жыл ішінде Қазақстан мен ЕО арасындағы сауда айналымы 13 есе, ал Қазақстан экономика­сына салынған еуропалық инвес­ти­циялардың көлемі 10 есе артты. Қазақстанның жалпы сыртқы сауда айналымының жар­ты­сынан көбі және Қазақ­стан экономикасындағы шетел­дік капи­талдың 49 пайызы Еуропа­лық одақтың үлесіне тиеді. Қазақстан­ның Еуропалық одақ елдерімен сыртқы сауда айналымы 2015 жылы 31,2 миллиард АҚШ доллары­на жетті. Ол елдің жалпы сыртқы сау­да көлемінің 51,4 пайызын құрайды. Кездесу барысында Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы ынтымақтастықтың болашақтағы жай-күйіне қатысты ауқымды мәселелер талқыланып, тараптар өңірлік және халықаралық күн тәртібінің өзекті жайттары бойынша пікір алмасты. Өз сөзінде Г.Әбдіқалықова Еу­ро­палық одақтың қолдауымен Қазақ­станның Дүниежүзілік сау­да ұйымына толыққанды мүше болғанын атап өтті. «Біздің еліміз үшін былтырғы 2015 жылдың жел­тоқсанында қол қойылған Қа­зақ­­стан мен Еуропалық одақ ара­сын­дағы кеңейтілген серіктес­тік және ынтымақтастық туралы ке­лісімнің маңызы зор. Бұл тараптар арасындағы өзара сауданың одан әрі өсуіне және өзара іс-қимылдың жан-жақты нығаюына зор үлес қосатын болады. Сондықтан да, бұл келісім Қазақстан мен ЕО арасындағы қатынастардың дамуын жаңа кезеңге шығарады. Менің ойымша, келісім барлық бағытқа – саясатқа да, экономика мен мәдени дамуға да жаңа серпін береді. Қазір Үкімет бұл келісімді ратификациялау мәселесіне үлкен мән беріп отыр. Құжат жақын аралықта рәсімделетін болады, өйткені, бұл шұғыл қаралатын сипаттағы келісім», – деп атап өтті Мемлекеттік хатшы. Жүздесуде Мемлекеттік хатшы Еуропадағы серіктестерді Қазақ­стан экономикасын индустрия­ландырудың екінші кезеңіне және «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық даму бағдарламасына қатысуға шақырды. Сондай-ақ, елшіні ағым­дағы жылдың наурыз айында Пар­ламент Мәжілісінің кезектен тыс сайлауы өтетінінен хабардар етіп, Еуропалық Парламент өкілдерінің халықаралық байқаушылар ретін­де сайлау үдерісіне белсене қаты­са­тынына сенім білдірді. Айта кететін жайт, Қазақстан ЕО-ның 30 ірі сауда серіктесінің тізі­міне енеді және жалпы сауда айна­лымында 26-орын алады. Кездесу соңында Мемлекеттік хатшы Т.Христеаның Қазақстан Республикасы мен Еуропалық одақ арасындағы өзара түсіністік пен үнқатысуды нығайту жолындағы қызметіне табыс тіледі. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан».