11 Ақпан, 2016

Қаржыны қадағалау қатая түседі

239 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
15-04-2015-sagyntaev-01 Кеше Премьер-Мин­истр­дің бірінші орынбасары Бақыт­жан Сағынтаевтың қаты­суы­мен Қаржы ми­нистрлі­гінің кеңейтілген ал­қа оты­рысы өтті. Онда ми­нис­тр­лік өткен жылы атқа­рыл­ған жұмыстардың қоры­тын­­дысын шығарып, ал­дағы уақытқа жоспарлаған іс-шараларымен таныстырды. Алқа отырысына өзге де бір­қатар мемлекеттік органдардың басшылары мен «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы бас­қарма төрағасының орынбасары Нұржан Әлтаев та қатыс­ты. Отырысты жүргізген еліміз­дің бас қаржыгері Бақыт Сұл­танов өткен жылдың өте күр­делі болғанын айтты. «Бәрі­ңізге белгілі, өткен жылы қар­жы­лық жұмыстар аса қиын жағ­дайда жүргізілді. Соған орай министрлік әр істе мұқият болды. Бұл ықтиятты ісіміздің нәтижесі жа­ман емес деп ойлаймын. Әлем­ді жайлаған экономикалық дағ­дарыс өз қиындықтарын көл­денең тартты. Оған қарамай министрлік қаржы саясатын салиқалы жүр­гізе отырып, өз міндетіне жүк­тел­ген тапсырмаларды мүлтік­сіз орындауға тырысты», деді ведомство басшысы. Министр еліміздегі эконо­ми­калық күрделі жағдай былтыр ғана емес, бұрнағы жылы басталғанын алға тартты. «Экономикалық дағ­дарысқа байланысты өткен жы­лы бюджетті жоспарлап, жасау көптеген қиындықтарға тап кел­тірді. Себебі, бұрнағы 2014 жыл­дың екінші жартысынан бас­­тап мұнай бағасы құлдырай бас­таған болатын. Мұнайдың баға­сы әлемдік нарықта арзандай бастағанын мұқият бақылай жүріп, кез келер қиындықтарды болжап, біліп отырдық. Өйткені, біздің экспортқа шығаратын негізгі тауарымыз мұнай екені белгілі. Елі­міздің бюджетіне құйылатын не­гізгі қаржы да осы саладан келе­тіні жасырын емес. Бұған қоса ай­мақ­тағы саяси ахуал да қалыпты бол­мады. Сондай-ақ, біздің негізгі сау­да әріптестеріміз Ресей мен Қы­тай елінде де экономикалық қиын­­дықтар туындады», деді Б.Сұл­танов. Сыртқы сауда ісіндегі күрделі жағдайларды айтып өткен министр, ел ішіндегі сауда-саттықта орын алған жағымсыз жағдайларға да тоқталды. «Расын айтқанда, ішкі өнім өндіру де біршама ақсады. Себебі, Еуразиялық экономикалық одақтағы сауда бәсекесінде отан­дық өнімдеріміз көп жағдайда қар­сыластарынан жеңіліп қалып жатты. Соның салдарынан салық төлемдері де біршама қысқарып, мемлекет қазынасына құйылатын қаржы көлемі азайып қалғаны мәлім. Бұлармен бірге аймақтағы елдердің ұлттық валюталары девальвацияға ұшырап, сауда ісін қиындатумен қатар, банктердің белсенді жұмыс істеуіне де өз кедергілерін келтірді. Осы жағым­сыз себептер бюджет пен Ұлт­тық қорға құйылатын қаржы көле­мін азайтып жіберді. Осының сал­­дарынан бізге бюджетті қа­тарынан үш рет қайта қарап, оңтай­лан­дыруымызға тура келді. Мұ­ның бәрі қаржы секторындағы ве­домстволарға оңай соқпағаны анық», деді министр. Бюджетті нақтылауда көп­те­ген қиындықтарға ұрынған ми­нистрлік, мұнай бағасының тер­белуіне қарамай өз міндетін атқарып келеді екен. «Өткен жылы соңғы рет бюджетті нақтылау кезінде Мемлекет басшысының тапсырмасына орай, «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық бағдарламасын жүзеге асыру үшін Ұлттық қордан 9 млрд. АҚШ доллары бөлінетін болды. Қазіргі таңда осы жұмыс өз ретімен жүргізіліп жатыр. Бұ­ған қоса аталған бағдарламаны қар­жыландыруға бес бірдей халық­аралық қаржы институттары да тартылып отырғаны мәлім. Десек те, өткен жылы шамалы бюджет тап­шылығы орын алғанын айтпай өтуге болмайды. Осыған орай біз ішкі жалпы өнімнің үш пайызын осы мақсатқа аударуға мәжбүр бол­дық», деді бас қаржыгер. Саладағы қиындықтар мен жемісті жұмыстарын іріктеп, қоры­тын­дылаған министр, алдағы уақыт­та жоспардағы жұмыстарын жүйе­лі жүргізе отырып, ел бюд­жетінде қаржы тапшылығына жол берілмейтіндігін айтып өтті. Қаржы жинауда қарқынды жұ­мыс істей отырып, қаржы бөлуде және бөлінген қаржының жараты­луына қадағалау қатая түсеті­нін қадап айтты. Алқа отырысына қатысып отырған Есеп комите­тінің төрағасы Қозыкөрпеш Жаң­быр­шин сөз алып, қаржы сала­сындағы органдардың жұмысын үйлестіру керектігін айтты. «Құр­метті әріптестер, еліміздің эконо­микалық дамуында Қаржы ми­нистрлігінің алатын орны орасан зор екеніне дау жоқ. Сондықтан министрліктің әр атқарған ісі ел дамуында көрініс табады. Ес­теріңізде болса, өткен жылы Мем­лекет басшысының тапсырмасына орай қаржыны бақылауға қатыс­ты мемлекеттік аудит қызметі жө­нінде заң қабылданды. Мен бұл заңның барлық нормаларына тоқ­талмай-ақ, оның тиімді тұстарын қажетімізге жарата білейік дегім келеді. Заңда бұрын ескерілмеген көптеген пайдалы нормалар бар. Мәселен, сертификат беруде жүктелетін міндеттерге сай комиссия құрылып, тиісті тексерулер мен зерделеу істері мемлекет кірісін арттыра түсетіні анық», деді комитет төрағасы. Оның сөзіне қарағанда, бұ­дан былай Есеп комитеті тек сырт­қы қаржыны ғана бақылап қой­май, ел ішіндегі қаржылардың жұм­салу барысын да назарында ұстайтын болады. Сол үшін бұдан былай қаржы саласындағы мем­лекеттік органдар өзара жұмыс­тарын үйлестіруі керек. Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы төра­ғасының орынбасары Нұржан Әл­таев Қаржы министрлігімен бір­лесіп атқарылған жұмыстарға тоқ­талды. «Расын айтқанда, Қаржы министрлігі «Атамекен» Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасымен ашық жұмыс істеп, қажет жерінде көме­гін аямай отырған мемлекеттік органдардың бірі. Оны отандық кәсіпкерлердің бәрі де сезініп отыр. Бизнес қауымдастығы қаржыға қатысты мәселелердің үнемі тиім­ді шешіліп келе жатқанына риза. Мысалы, соңғы кездердегі мемле­кеттік сатып алуларда жасал­ған қолайлылықтар мен тиімді қыз­меттер кәсіпкерлердің көңілі­нен шықты деуге негіз бар», деді бас­қарма төрағасының орынбасары. Н.Әлтаевтың сөзіне зер салсақ, мемлекеттік сатып алуда ғана емес, осыған қатысты заңды дайындағанда да екі құрылым көп істі келісе отырып кесімді шешімін жасаған екен. Заңда кәсіпкерлердің талап-тілегі толық дерлік ескеріліп, көрініс тауыпты. Нәтижесінде, көптеген ұсақ кедергілер жойылып, қаржымен қатар онсыз да қат уақытты үнемдеуге қол жеткізіпті. Осыны айтқан палатаның бас­қарма төрағасының орынбасары өткен жылғы үйлесімді жұмыс­тарға тоқтала келіп, ағымдағы жыл­дың міндеттері жөнінде айтып өтті. «Ағымдағы жылы мемле­кеттік сатып алуларға 8 млрд. теңге қарастырылып отырғаны мәлім. Бұл қаражат мемлекеттік бюд­жетпен қатар, «Самұрық-Қазы­на» мен ұлттық компаниялар­дан бөлінетіні белгілі. Менің айт­пағым, осы ақшаны игеретін отандық кәсіпкерлер мен Ұлт­тық кәсіпкерлер палатасы атал­ған қаражаттың әр теңгесі өз елі­міз­дің экономикасына жұм­салуын қамтамасыз етеді. Сөй­тіп, мем­лекеттік сатып алуға жұмса­латын әр тиын ел аумағында қалады», деді Н.Әлтаев. Алқа отырысын Үкімет бас­шы­сының бірінші орынбасары Бақытжан Сағынтаев қоры­тын­дылады. «Еліміздің әлеуметтік-экономикалық климатының қалай болмағы Қаржы министрлігіне байланысты екені баршаңызға аян. Себебі, ел қазынасында қаржы мол болса, экономикалық жағдайымыз бен әлеуметтік тұрмысымыз жақ­сы болатыны белгілі. Сон­дық­тан Қаржы министрлігіне жүк­­тел­ген жұмыс жеңіл емес. Бірін­шіден, экономиканың барлық сала­ларындағы қаржыларды жинақтап, ел қоржынына алып келу керек. Оған қоса сол қаржыны орнымен үлестіре біліп, ел экономикасын дамыту ләзім. Бұл жұмыстар оңай шаруа емес», деп қайырды Премьер-Министрдің бірінші орынбасары. Бүгінгі таңда еліміздің салық жүйесін жетілдіру ісі де жүргізілді. Оның қаншалықты тиімді бол­ға­нын алдағы уақыт көрсетеді. Осыны айтқан Б.Сағынтаев сала­дағы басым бағыттарға тоқталды. «Қазіргі кезде Мемлекет басшысы мен Үкімет те салықтың жиналу барысы мен оның бюджетке келіп құйылуына аса көңіл бөліп отыр. Себебі, салықтан түс­кен қаржының мол болуы ел жағ­дайына қатты әсер етеді. Сондық­тан салықты жинағанда өте мұқият болған ләзім. Қазір ғана Ұлттық кәсіпкерлер палатасы басқарма төрағасының орынбасары да осы мәселеге қатысты өз пікірін жақсы айтып өтті. Рас, салықтың мол жиналуы үшін біз бизнеске қолайлы жағдайлар жасауымыз керек. Егер кәсіпкерлік дамып, жұмыс орындары көптеп ашылса және өнім мол шығарыла бастаса олардан келетін салық көлемі де ұлғая түседі. Сөйтіп, бюджетке құйылатын қаржы молая береді», деді Б.Сағынтаев. Нұрбай ЕЛМҰРАТОВ, «Егемен Қазақстан».