Үржар ауданының орталығында жаңадан ашылған сүт қабылдау және өңдеу зауытына тұрғындар күнделікті сүт өткізіп, пұлын қолма-қол алады. Жергілікті халықтың әл-ауқатын жақсартуға, қолдағы өнімін өткізуге сеп болған жаңа сүт зауытының жұмысымен танысқан едік. Былтыр қаңтар айында құру жұмыстары басталған кәсіпорын барлық талапқа сай жабдықталып, үш айда іске қосылды. Облыс әкімінің сүт өндірісін жандандыру жөніндегі тапсырмасы аясында кәсіпкерге коммуналдық меншіктегі ғимарат тегін беріліп, жобаны қаржыландыру жедел жүргізілді. Атап айтқанда, «Арыстанбек-Үржар» ЖШС жетекшісі Талғат Ақбеков «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша жеңілдетілген несиеге қол жеткізіп, «Ертіс» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясынан 12 млн. теңге, Ауыл шаруашылығын дамыту қорынан 5 млн. теңге алды. Бұл қаржыға сүт қабылдау, сақтау және өңдеу қондырғылары сатып алынды. Бүгінде жеті адамды жаңа жұмыс орнымен қамтып отырған кәсіпорын тоғыз айдың ішінде жергілікті халықтан 240 тонна көлемінде сүт қабылдап үлгерген екен. Сүттің литрін жаздыгүні 65 теңгеден қабылдаса, күзде 85 теңгеден, қыс кезінде сүттің майлылығы көбейгендіктен 120 теңгеден қабылдауда. Зауыт әкімшілігі сүт өткізушілерден ветеринарлық анықтаманы талап етеді. Сондай-ақ, цех зертханасында сүт құрамы мұқият тексеріледі. Одан өзге тағы екі зертханамен келісімшарт жасалған. Бұл – сапалы өнім кепілі. Ауладағы сауын сиырдың артылған сүтін өткізуге халық та дағдыланып алды.
Мәселен, Ақжар ауылдық округінің әкімі Тәуіржан Шоманов ауыл тұрғындарының аталған цехқа былтыр өткізген сүт көлемі орта есеппен 8 млн. теңгені құрағанын айтты. Зауытта тәулігіне 1 тонна сүт өңделеді. Қазіргі кезде шағын кәсіпорын таза сүттен 14 түрлі сүт өнімін шығаруда. Оның ішінде майлылығы түрлі деңгейдегі сүттің 5 түрі, сары май, кілегей, сүзбе, құрт, ірімшік және айран сынды өнімдер бар.
Сұраныс та аз емес. Балабақшалар, емханалар, балалар үйі сынды мекемелермен келісімшарт жасалғандықтан, кәсіпорын аудандағы мекемелерді сапалы сүт өнімдерімен толық әрі арзан бағамен қамтамасыз ете бастады. Өнімді өздері жеткізіп береді. Бұл – жергілікті бюджетке де үнем. Мәселен, сүттің литрі Науалы ауылындағы балалар үйіне 150 теңгеден, мектептерге 173 теңгеден сатылады. Яғни, базар нарқынан арзан. Сондай-ақ, кәсіпорынның «Ақ қайнар» атты өз дүкенінен алушылар да аз емес.
– Жазда ауданымыздағы Алакөл жағалауына, «Барлық-Арасан» шипажайына келген демалушылар да біздің өнімдерімізді тұтынады. Ірі қалалардан алыс орналасқандықтан өнімнің сапасы мен табиғи құнары ерекше. Келешекте өндіріс көлемін арттырып, басқа қалаларға, аудандарға да шығаруды көздеп отырмыз, – дейді зауыт директоры Талғат Молдашұлы.
Жаңа өндіріске жұмыспен қамту орталығынан жас мамандар жіберілген екен. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетін тәмамдаған екі жас маман заманауи қондырғылармен жұмыс істеуді жақсы меңгерген. Айталық, Талшын Жақсарат есімді зертханашы қыз қабылданған сүттің майлылығын, ақуызын, тығыздығын тексеріп, пастерленген өнімді саралау жұмыстарын жүргізеді. «Биотехнолог мамандығын алғаннан кейін «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының жастарды өндірістік тәжірибеден өткізу тармағы бойынша осында келіп, еңбек етудемін. Жұмысым өзіме ұнайды», – деді Талшын. Цех технологы Сергей Чупринин де жас маман. Ол сүт өндірісінің өте нәзік сала екендігін, оған үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтады. Сондықтан, өндіріс үдерісінде ең алдымен ескерілетіні – тазалық. Осы талаптарды қатаң сақтайтын жас технолог «Қазақстанда жасалған» акциясы аясында отандық өнімді қолдаудың маңызы зор екенін айтты. Ал Гүлімхан Бақтиярова 1986-1998 жылдар аралығында Үржардың ірімшік зауытында жұмыс істеген екен. Ұзақ жылдар бойы жұмыссыз қалған ол мамандығы бойынша жаңа жұмыс орны ашылғанына қуанышты екенін жеткізді.
– Енді дәл осы іспетті сүт қабылдау және өңдеу орны Мақаншы ауылында ашылмақ. Қайролла Нығмет есімді Қытайдан оралған қандасымыз 5 млн. теңге жеңілдетілген несие қаржысын алды. Оған өз қаражатын қосты. Ақпан айының ішінде ашылатын кәсіпорын өнімдері де өңірдегі білім беру, денсаулық сақтау және қорғаныс саласындағы мекемелерді арзан әрі сапалы сүтпен қамтамасыз ететін болады. Сондай-ақ, Үржар өңірінде алдағы уақытта бірқатар тауарлы сүт фермасы ашылмақ. Жоспар бойынша, Мақаншы ауылындағы «Сағади» шаруа қожалығында 200 бас сауын сиырға есептелген ферма құрылысы биыл аяқталады. Аталған жобаға «ҚазАгроҚаржы» АҚ-тан 176 млн. теңге несие қаражаты бөлінді. Ресейден 47 бас асыл тұқымды мал жеткізілді. Сонымен бірге, онда 150 басқа арналған бордақылау алаңы да болады. «Бәтуа» ЖШС 400 басқа арналған тауарлы сүт фермасы мен 5 мың басқа арналған бордақылау алаңын салмақ. Ал «Юбилейный» шаруа қожалығы 200 басқа арналған сүт фермасын салуды көздеп отыр. Қазіргі кезде бұл шаруашылыққа Ресейден «Симменталь» тұқымды 115 бас сиыр сатып алынды. Осының барлығы ауданның сүт өндіру әлеуетін арттыра түсетін болады, деді аудан әкімінің орынбасары Жарқынбек Байсабыров.
Думан АНАШ,
«Егемен Қазақстан».
Шығыс Қазақстан облысы,
Үржар ауданы.