Орталық коммуникациялар қызметінде Астана қаласы әкімінің орынбасары Қ.Айтмұхаметовтің «2015-2016 жылдардағы жылу беру маусымының өту барысы және энергия көздерінің даму болашағы туралы» тақырыбында брифингі болып өтті.
«Өздеріңіз куә болып отырғандай, елордамызда қысқы жылу беру маусымы қалыпты өтуде. Жылу тасығыштың белгіленген параметрлері бекітілген жүйелік картаға сәйкес жұмыс істеп тұр, апаттар мен І деңгейдегі тоқтап қалу оқиғалары тіркелген жоқ» – деп бастады Астана қаласы әкімінің орынбасары, баспасөз мәслихатындағы кіріспе сөзінде.
Елорданың энергетикалық кешені жылу және электр энергияларының 2 негізгі көздерінен – жылу энергиясын бөлу қуаты 2044,9 Гкал/сағ және электр энергиясын бөлу қуаты 476 МВт/сағ болатын 1-ЖЭО және 2-ЖЭО тұрады. Оның ішінде 1-ЖЭО-ның құрамында 3 энергетикалық, 7 су жылытатын қазан және жылу энергиясын бөлу қуаты 675 Гкал/сағ және электр энергиясын бөлу қуаты 15,1 МВт/сағ болатын 3 құбыр агрегаты (өзіндік қажеттіліктерге арналған) бар.
Ал 2-ЖЭО-ның құрамында 6 энергетикалық, 4 су жылытатын қазан және жылу энергиясын бөлу қуаты 1369,9 Гкал/сағ және электр энергиясын бөлу қуаты 460,9 МВт/сағ болатын 5 құбыр агрегаты бар. қала әкімі орынбасарының айтуынша бүгінгі таңда энергия көздері қажетті отынмен толық қамтамасыз етілген,жалпы алғанда 27 күнге жететін көмірдің 293 мың тонна, мазуттың – 9,2 мың тонна қоры бар.
Жалпы, елорданың орталықтандырылған жылыту жүйесі 580,4 км. жылу құбырлары жүйелерінен, 10 сору стансасынан, 2 орталық жылу тарату бекеттерінен тұрады. Соңғы уақытта «Астана-Теплотранзит» АҚ-тың инвестициялық бағдарламасы аясында 12,1 км құбыр жүйесі қайта жөнделіп, 7,2 км иесіз жылу желілері қалпына келтірілді. «Нұрлы Жол» бағдарламасы бойынша 2015 жылы жалпы ұзындығы 39,1 км болатын 4 және 5 қосылымдардың 13,5 км жылу желісі төселді. Бұл жоба негізінен тұрғын үй құрылыстары жүріп жатқан аудандарды, ЭКСПО-2017 нысандары мен жаңа теміржол вокзалы аумақтарын жылумен қамтамасыз етуге бағытталған. Болашақта бұл жылу желілері елорданың жаңа аудандарының жылумен қамтамасыз ететін күретамырына айналады. «Астана-Теплотранзит» АҚ пайдаланушы ұйымы қаланың жылу жүйелеріндегі ақауларды 3 сағаттың ішінде қалпына келтіру мақсатында арнайы жөндеу бригадаларын құрды.
Елорданың электрмен жабдықтау жүйесі 220 кВ-тық 3 аралық тірек стансасы, 110 кВ-тық 25 аралық станса, 1974 км әуе, 1564 км кабель желісінен құралған. 2015 жылы 110/20 кВ-тық «Олимп», «Әуежай» аралық тірек стансалары пайдалануға беріліп, 20 кВ-тық «Назарбаев зияткерлік мектебі» кабель желісінің құрылысы аяқталды. 10/0,4 кВ-тық 11 электр тарату бекеттері мен трансформаторлық аралық стансалар қайта жөнделді. Сонымен қатар, 2015-2016 жылдары жылыту маусымына дайындық аясында «Астана-АЭК» АҚ электрмен жабдықтау ұйымы 56 тарату бекеті мен 110-10-0,4 кВ-тық 78 км әуе электр желісін күрделі жөндеуден, 10/0,4 кВ-тық 35,2 км электр желілерін қайта жөндеуден өткізді. Аталған шаралар тұтынушыларды электр қуатымен және жылумен жабдықтаудың сапасы мен тұрақтылығын арттырды.
Елорданың тұрғын үй қоры 35 541 үйден, соның ішінде 2352 көппәтерлі тұрғын үй қорынан тұрады. «Елбасының тапсырмасына сәйкес елордада Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы жүзеге асырылуда. Өткен жылы 43 тұрғын үйге күрделі жөндеу, 18 үйге ағымдағы жөндеу жүргізілді, 14 үйде 26 лифт ауыстырылды. Қайтарымды қаржы есебінен 5 тұрғын үйдің шатыры, 17 тұрғын үйдегі 31 жолаушылар лифті ауыстырылды. Тұрғын үйлерді жөндеуге қайтарымды қаржыны пайдалану бойынша Астана басқа аймақтардан көш ілгері екенін атап өту керек», – деді қала әкімінің орынбасары. Қ.Айтмұхаметовтің айтуынша, 2016 жылы елорданың энергокешенінің жабдықтарын жаңғырту жұмыстары одан әрі жалғасын табады. 2-ЖЭО қайта құру және кеңейту аясында 220 Гкал/сағ болатын № 5, 6 су жылытатын қазандарды және 180 Гкал/сағ болатын № 7 қазанагрегатын іске қосу арқылы 400 Гкал/сағ жылу қуатын қосу жоспарланған. Аталған нысандардағы жұмыстар бекітілген кестеге сәйкес жүргізілуде.
«Астана-Энергия» АҚ-тың жеке қаражаты есебінен инвестициялық бағдарлама аясында технологиялық үрдістерді автоматты басқару жүйесін енгізу, қазіргі күл үйіндісін қалпына келтіру және ескірген жабдықтарды ауыстыру сияқты 1-ЖЭО және 2-ЖЭО жаңғыртуға бағытталған шаралар атқарылады. Сонымен қатар, жылу желілері бойынша 2016 жылы 18 км-ден астам, соның ішінде инвестициялық бағдарлама аясында «Астана-Теплотранзит» АҚ қаржысы есебінен 13 км жылу желісінің құрылысы мен қайта жөндеу, жылу желісінің 4 және 5 қосылымдарын іске қосу жоспарланып отыр.
«Астана-АЭК» АҚ электрмен жабдықтау ұйымының инвестициялық бағдарламасы аясында 103 тарату бекеті мен 10 кВ трансформаторлық аралық стансаларды күрделі жөндеуден өткізу, ұзындығы 34 км 10 және 0,4 кВ-тық кабелді желілерді ауыстыру, электр энергиясын коммерциялық есепке алу автоматты жүйесін енгізу, орталық диспетчерлік қызметте отырып технологиялық ақаулар болған жағдайда жедел әрекет ету үшін «Мектеп» және «Оңтүстік» аралық стансаларында SCADA талдау және басқару жүйесін алу жұмыстары жүргізілмек.
2016 жылы Оқушылар сарайы ауданында бағыттаушы және қорытындылаушы коллекторлары бар № 13 КСЖ құрылысы, «Оңтүстік» гараж кооперативі, Дарабоз көшесі мен Момышұлы даңғылы сияқты елорданың әлеуетті құрылыс аумақтарына арналған желілер мен құрылыстар, Бабатайұлы көшесі маңындағы Тілендиев даңғылы бойындағы КСЖ құрылысы толық аяқталады. Бұл кәріз желілеріндегі ауыртпалықты азайтып, елорданың әлеуетті құрылыс аумақтарынан ағынды тиісті деңгейде бұруды қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
«Астана су арнасы» МКК инвестициялық бағдарламасы аясында 5501 п.м су құбырын және 3059 п.м кәріз желісін қайта құру жоспары жүзеге асырылмақ. БАҚ өкілдерімен жүздесу барысында қала әкімінің орынбасары журналистердің бірқатар сұрақтарына жауап берді.
Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан».