Кеше Президент жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Кәсіби мемлекеттік аппарат. Мансаптық модельге өту» тақырыбында брифинг өтті. Оған Мемлекеттік қызмет істері министрлігі Мемлекеттік қызмет департаментінің директоры Әли Көмекбаев пен «Назарбаев Университет» Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің деканы Вэнг Тат Хуэй қатысты.
Брифингте бірінші кезекте сөз алған Әли Көмекбаев Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың мемлекеттік аппаратты кәсібилендіруге бағытталған тапсырмасын жүзеге асыру бойынша министрлік тарапынан атқарылып жатқан жұмыстарға тоқтала келіп, осы жылдың 1 қаңтарынан бастап күшіне енген «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңға сәйкес қабылданған актілер мен жаңа тәсілдер жөнінде айтып өтті.
«Мемлекеттік қызметтің жаңа мансаптық моделі бойынша мемлекеттік орган қызметкерлері арасында жоғары бос лауазымға тек ішкі конкурспен, ал төменгі лауазымдарға жалпы конкурс арқылы ғана тағайындалады. Өткен жылы министрліктерде, олардың ведомстволарында және жергілікті атқарушы органдарда орта есеппен 828 азамат ашық байқаусыз ішкі ауысу тәртібі арқылы қызметке орналасқан. Ал қазір жаңа талап бойынша қызметке мұндай тәсілмен тағайындауға жол берілмейді», – деді Ә.Көмекбаев. Сондай-ақ, ол бұл модельдің мемлекеттік жас қызметшілердің психологиялық тұрғыда бейімделуіне әрі оның кәсібилігінің артуына, болашаққа сеніммен қарауына және мемлекеттік қызмет аясында ұзақ мерзімді мансаптық өсуді жоспарлауына оң ықпалын тигізетінін жеткізді.
Сонымен қатар, спикер барлық мемлекеттік қызметшілердің жеке жоспары бекітіліп, соған сәйкес атқарған жұмысы тоқсан сайын және жыл қорытындысы бойынша бағаланып отыратынын мәлімдеді. Оның сөзіне қарағанда, әрбір мемлекеттік қызметшінің өз кәсіптік міндетін қалай атқарғаны, еңбек тәртібі мен әдеп қағидаларын сақтауы, белсенділігі, жұмысқа деген ынта-ықыласы жөніндегі бағаны бір ғана лауазымды тұлға емес, барлық әріптестері беретін болады. Нақтылай айтқанда, «Б» корпусындағы қызметшілерді бағалауға тікелей басшысы, бағынысты қызметкерлер және әріптестері қатысады. Бұдан біз басшыны бағалауда одан жоғары тұрған лауазым иесінің пікірі ғана емес, сондай-ақ, әріптестері мен қол астындағы бағынысты қызметкерлердің де пікірлері ескерілетінін ұғамыз. Шын мәнінде, бұл тәсіл біздің елімізде алғаш рет қолданылып отыр.
Одан әрі департамент директоры тестілеуді ұйымдастыру ережесіне қатысты бірқатар мәселелерді атап өтті. «Тестілеуді ұйымдастыру ережесіне өзгерістер мен қосымшалар енгізілді. Енді тестілеуден өту жалпы жиналған балдардың жиынтығымен есептелетін болады. Бұл тұста, әрбір нормативтік-құқықтық актілерді білуге байланысты тестілеудің шекті мәні төмендетілді. Бұл өз кезегінде маман жетіспеушілігін оңтайлы шешуге өз ықпалын тигізеді», – деді Ә.Көмекбаев. Оның айтуынша, әсіресе, бұл қадам ауылдық және аудандық жерлердегі маман жетіспеушілігіне қатысты мәселелерді шешуде өзіндік маңызға ие.
Сондай-ақ, спикер аталған заң аясында мамандарға өздерінің қарым-қабілеттерін дәлелдеуге мол мүмкіндік берілгенін атап көрсетті. «Мемлекеттік әкімшілік қызметке жаңадан орналасқан мемлекеттік қызметшілердің атқаратын лауазымдарына лайықты екенін тексеру мақсатында үш ай сынақ мерзімі белгіленеді. Мемлекеттік қызметші сынақ мерзімінде қанағаттанарлықсыз нәтиже көрсеткен жағдайда, оған тағы да үш ай мүмкіндік беріледі. Өйткені, қызметке жаңадан келген маман алғашқы үш айда түрлі себептермен өзін өзі дәлелдей алмай қалуы мүмкін. Сондықтан, оған тағы да қосымша уақыт ұсынылады. Бұл өз кезегінде кадрлық тұрақсыздық деңгейін төмендетеді», – деді Ә.Көмекбаев.
Бұған қоса, департамент директоры конкурсты заң шеңберінде әділ әрі ашық өткізу мақсатында 5 күндік мерзімі бар апелляция қарастырылғанын, министрлікте және аумақтық департаменттерде үміткерлердің шағымын қарау мен құқықтарын қорғау бағытындағы апелляциялық комиссиялар құрылатынын, оның құрамына тәуелсіз бақылаушылар ретінде қоғамдық ұйымдардың және бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері кіре алатынын мәлім етті.
Жиында «Назарбаев Университет» Мемлекеттік саясат жоғары мектебінің деканы Вэнг Тат Хуэй Қазақстанның мемлекеттік қызметті реформалауда тиімді әдістер қолданып отырғанын айтты. «Қазақстан халықаралық тәжірибелерді енгізу арқылы мемлекеттік қызмет саласын реформалаудың өте тиімді шешімдеріне жүгінуде. Біздің Мемлекеттік саясат жоғары мектебі аталған реформаларды жіті қадағалауда. Біз Мемлекеттік қызмет істері министрлігімен бірге бұл үрдіске өзіміздің үлесімізді қосып келеміз», – деді ол. Оның айтуынша, Мемлекеттік саясат жоғары мектебі халықаралық серіктестерімен бірге түрлі семинарлар өткізіп, Қазақстанның мемлекеттік қызмет саласын реформалауына қажетті ең озық әлемдік тәжірибелерді жинақтауға өзіндік септігін тигізген. Сондай-ақ, ол аталған мектептің мемлекеттік қызмет саласын реформалауда жақсы нәтижелерге қол жеткізген АҚШ, Сингапур, Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымы елдерімен тығыз байланыста жұмыс істеп отырғанын жеткізді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан».