16 Ақпан, 2016

Дипломат қыз

811 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
ТМДГүлсім Бақытқызы Еңсепова... Ол еліміз тәуелсіздік алған ал­ғашқы жылдары Қазақ елінің көптеген мемлекеттермен тұңғыш рет дип­ломатиялық қатынас орнатуына өзіндік үлесін қосқан, Германия, Австрия, Венгрия, Беларусьте дипломатиялық қыз­меттер атқарған, Қазақстан Рес­публикасы Сыртқы істер ми­нис­­трлігінің Бақылау және құ­жат айналымы, Ақпаратты қорғау басқармаларына басшылық еткен жоғары дәрежелі дипломат, филология ғылымдарының кандидаты, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі. Кейіпкеріміз өз биігіне оңай жолмен келе салған жоқ. Күндіз-түнгі табанақы, маңдай тердің қаншама жылғы жемісі бұл! Өрге шығу үшін әуелі шынығу, жаттығу керек болса, оның биік баспалдақтарға бірте-бірте сатылап жеткеніне көз жеткіздім. Қараңызшы, 1973 жылы М.Си­ранов атындағы он жылдық мектеп табалдырығын тұңғыш аттаған ол мектепті үздік бітіріп, сол жылы Алматы қала­сындағы (қазіргі әл-Фараби атындағы Қа­зақ мемлекеттік ұлттық универ­ситеті) ҚазМУ-дің журналис­тика факультетіне оқуға түседі. Ол аталған оқу орнын да қы­зыл дипломмен тәмамдады. Ал­ғашқы еңбек жолын 1988 жылы, яғни оқу орнының қабырғасынан түлеп ұшпай тұрғанда-ақ қазақ баспасөзінің қарашаңырағы – республикалық «Социалистік Қа­зақстан» (қазіргі «Егемен Қазақ­стан») газетінде тілші қызметінен бастады. Бесінші курстың студенті болса да, мүйізі қарағайдай журналистердің қолдары жетпей жүрген еліміздің бас басылымына жұмысқа орналасуын Гүлсім Бақытқызының табандылығы мен өзін тек біліктілік қырынан көр­сете алғандығының жемісі десе болар. Осы уақыт ішінде ол редакцияны Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбай, Нұрлан Оразалин, Уәлихан Қалижанов сынды қаламгерлер басқарғанын жә­не осындай шоқтығы биік тұл­ғалармен бірге қызметтес бол­ғанын айта келіп: «Осы ағаларым университетті енді ғана бітіріп келген мені жа­зу өнеріне баулып қана қоймай, азаматтық ұстанымым, талғам-танымым мен зердемнің қалыптасуына да ерекше ықпал етті. Сондықтан да өзімнің еңбек жолымды бірден осындай дара тұлғалар діңгегі болған үлкен ортада бастауымды, олардың тәрбиесін көруімді маңдайыма жазылған бақ, тағдырдың ерекше сыйы деп білемін», – дейді ол өткенге көз жіберіп. Бұл газетте жүріп ол сол кезде жабық тақырыпқа айналған «Түрме. Әйел. Тағдыр», «Шу бо­йын шулатқан шөп», «20 ғасыр індеті», «Ананың ажалы» деген атынан ат үркетін мақалалар цик­л­­ын жариялады. Оның ұрпаққа ти­гізер зияны мен аталған індеттің жайлап бара жатқанын ойып, осып тұрып айтты. Ешкімнен тосылмай, тайсалмай, ащы да болса, ашық жеткізе білді. Бас газеттің Парламенттегі алғашқы тілшісі бола жүріп, қоғам өміріндегі ке­леңсіз жайттарды жан-жақты зерт­теп, ізденісін одан әрі жалғап, зердесіне тоқи білді. «Америка ашса құшағын», «Венгриямен байланыс», «Бакуде болған екі күн», «Иран иірімдері», «Шыңжаңда шырқалған ән», «Ха­физ бен Сағди елінде», «Хо­менеидің сенімді серігі», «Афри­каның аласапыраны» сияқты халықаралық тақырыптағы мақа­лалары тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы сыртқы саясаттағы еліміздің тәй-тәй басқан қадам­дарын насихаттауға өзіндік үлесін қосты. Еліміздің бас басылымында аға тілші, парламенттік тілшіге дейінгі баспалдақтан сүрінбей өткен кейіпкеріміз үнемі халық­аралық тақырыптарда талдамалы мақалалар жазып, сол салаға көбірек қалам тартуы себепті оны 1993 жылы Қазақстан Рес­публикасы Сыртқы істер ми­нис­трлігі арнайы шақырып, дип­ломаттық жұмысқа ауысады. Ол сөзге шебер, тілге мей­лінше бай адам. Бірнеше тілде еркін сөйлей алады. Әсіресе, мектеп қабырғасында неміс тілін «беске» оқығаны болашақта да кәдеге жарады. Негізі, неміс тілі – философтар мен ақындардың, ғалымдар мен өнертапқыштардың тілі емес пе? Міне, сан қырынан сынасаң да, оның бойына тек жақсылық атаулыны жан-жақты игеріп алатыны еріксіз тәнті етеді. Біздің қазақ қызы! Мақтанасың, сүйсінесің... Гүлсім Бақытқызы одан кейін Қазақстанның Германиядағы елшілігінде (Бонн қаласы) бас­пасөз-атташесі қызметінде бол­ған, 1997-1999 жылдары арнайы жолдамамен Сыртқы іс­тер министрлігі жанындағы Дип­ломатиялық ака­демияда оқып, оны үздік аяқтаған. Осы Дип­ломатиялық академияны бітірерде Қазақстанның Авс­трия­дағы елшілігінде дипломат қыз­метінде тағылымдамадан өткен. Содан кейін Астанаға жолдамамен келіп, дипломаттық жұ­мысын жалғастырды, Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Халық­аралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінде еңбек етті. Қазақстанның Венгриядағы елшілігіндегі (Будапешт қаласы) қызметі кезіндегі дипломаттық белсенділігі өз алдына бір төбе! Ол заман талабына сай заңгер болуды да мақсат тұтып, Қазақ гуманитарлық заң университетін құқықтану мамандығы бойын­ша қызыл дипломмен тәмамдаған. Сондай-ақ, қаламын қару еткен Г.Еңсепова «Фариза Оңғар­сынова – публицист» атты дис­сертациялық еңбегін жазып, филология ғылымдарының кандидаты ғылыми атағын иеленді. Министрліктегі жұмысынан қол үзбей жүріп қосымша Астанадағы Еу­разия университетінің сая­сат­­­тану және журналистика факуль­­тетінің доценті болып, сту­дент­терге білім беру мен дәріс оқуға да уақыт таба білді. Гүлсімнің тағы бір қы­ры – ғалымдығы. Оның таяу­да ғана «Фо­­лиант» баспасынан шыққан «Фариза – көсемсөздің патшайымы» атты ғылыми мо­нографиялық кітабы қолы­мызға тиді. Біз ақын­ның әлемін бір қырынан ғана біліп, оны тек сөз құдіреті – поэзияға ғана байлап жүріппіз. Ғалым Гүлсімнің бір артықшылығы көп зерт­теушінің ойына келмеген тың дүниені бі­рінші болып көре білді және дер кезінде оқырманға ұсы­нып үлгерді. Мұнымен бірге, мо­но­графияда ақынның көзі тірі­сінде баспа бетін көрмеген шы­ғармалары қамтылғандықтан, ғы­лыми туындының құны мен бәсі одан сайын биіктей түседі. Бүгінде ол Сыртқы істер ми­­­нистрлігінде дипломаттық қызметін абыроймен атқарып жүр. Бірінші сыныпты бірінші хатшы дипломаттық дәрежесі бар. Көптеген ғылыми және пуб­­лицистикалық мақалалар жазған, 2 монографиялық оқу­лық­тың авторы. Бақытты отбасының отанасы. Ақерке есімді қызы оқу озаты. Жұбайы Сейсенхан Ма­ханбетов Қазақстанның еңбек сі­ңірген қайраткері, Мәдениет қайраткері, «Ислам және өркениет» республикалық газетінің бас редакторы, белгілі журналист, танымал қылқалам шебері. Міне, осы өзіміздің төл га­зетімізден түлеп ұшқан, журналистика саласынан шығып, дип­ломат қызға айналған Гүлсім Бақытқызының жеткен жетіс­тіктері мен өмір соқпақтарын жас ұрпаққа үлгі ретінде ұсы­нуға әб­ден болады ғой деп ойлаймыз. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.