17 Ақпан, 2016

Әлиханды паналатып, Әміремен дос болған

631 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
104-2Міне, биыл алаш көсемі Әли­хан Бөкей­ханның 150 жылдығы ЮНЕСКО көлемінде аталып өтіл­мек. Осыған орай бұрын еш жерде жарық көрмеген бір тың дерек ұсын­бақшымыз. Бұл күндері еліміз 2017 жылы өтетін халықаралық ЭКСПО көрмесіне қауырт дайындық үстінде. Баршаға белгілі халқымыздың аяулы перзенті Әміре Қашаубаев Парижде өткен ЭКСПО көр­месінде қазақ әндерін шырқаған. Шетелдіктер Берікбол Көпенұлы деген кісі шығарған, Әміре орындауындағы «Ағашаяқ» әніне тамсана қол соғады. 1925 жылы Парижде ұйымдастырылған ЭКСПО халықаралық көрмесіне тыңғылықты дайындық жұмыстарын Сталин Ағарту ісі комиссары Анатолий Луначарскийге тапсырады. Мәселен, ЭКСПО-2017-ге дайындық сияқты, ол кезде де Парижде өтетін халықаралық көрмеде Кеңес Одағы жақсы жағынан көрінуі тиіс болатын. Комиссар Луначарский Кеңес Одағына кіретін 15 республикадан, оның ішінде Қазақстаннан ең дарынды деген адамдарды жинайды. Тіпті, өз атынан хат жіберіп, Сталиннің тапсырмасын мүлтіксіз орындауға тырысады. Семейдегі Әміре Қашаубаев ел алдына сыйлы болып, танылып қалған тұсы. Луначарский Әміреге бір емес, екі хат жазып, қайта-қайта шақырған. Сонымен, Луначарский жолдаған телефонограммада: «Просим срочно разузнать и сообщить, согласен ли проживающий по адресу: город Семипалатинск, улица Восточная, квартал №78, Амре Кашаубаев на участие в этнографическом концерте Всемирной выставки в Париже? Народный комиссар просвещения РСФСР Луначарский» деп көрсетілген. Парижге Кеңес Одағының өнер шеберлері беретін концертті орыс ақыны Владимир Маяковский арнайы сценарий жазып дайындайды. Әміре ел алдына шығып, екінші бәйгемен қоса күміс медаль алады. Маяковский оның өнеріне қатты риза болады. «Париж апталығы» газеті мен «Ле мюзикль» журналы Әміренің сирек кездесетін талант екенін айтып, ғажайып дауыс иесі ұлттық аспап домбырамен қазақ әнін дүйім жұрттың алдында керемет шырқады деп жазады. – Бір өкініштісі, – дейді абайтану­шы және ұзақ жылдар бойы Қасқабұлақ-Бөрлідегі Мұхтар Әуезов мұражай үйінің меңгерушісі қызметін атқарған Бекен Исабаев ақсақал, – Әміре сол Па­рижден қайтқаннан кейін оңбады. Естуімізше, оны қайта-қайта тергеу­ге шақыртып, әурелеген. Әміре Қа­шау­баев Алматыда түн ортасында белгісіз себеппен қаза табады. Ол концертке қатысып, әндерін шырқамақ болатын. Халық Әміренің өлгеніне сенбей, «Әміре, Әміре шықсын» деп концерт залында аяқтарымен жер тепкілеп отырып алған. Парижге барған кезде Мұстафа Шоқай Ахмет Байтұрсынұлына деп хат берген. Оны алған Әміре аңқаулықпен костюмінің бе, әлде сырт киімінің бе, әйтеуір бір оңай жеріне, төс қалта тұ­­сына сала салады. Сол хатты пойызда ұрлатып алған. ..1923 жылы Абай ауданына Семейден Әміре Қашаубаев, Мұхтар Әуезов бастаған бір топ қонақ келеді. Бұл туралы «Қазақ әдебиеті» газетіне Садық Қасиманов 1976 жылғы 16 шіл­дедегі санында кеңінен жазған. Біз өз қолымыздағы деректер мен аталарымыз айтқан әңгімелер бойынша қысқаша ғана тоқталамыз. Сонымен, бір топ қонақ келген күні Ақшоқыда болып, ертесінде Шыңғыстаудың Орда бөктерінің аржағындағы Қа­ра­қойтас жатағындағы Абайдың түйе балуа­ны атанған Абланбек Күйісбайұлы атамыздың үйіне барып қонады. Абланбек менің үлкен атам, Нұғманбектің әкесі. Абайдың тағы бір балуаны, өгіз балуан атанған Нұрмағамбет Төлегенұлы да біздің атамыз, яғни Абланбектің немере інісі. Абланбек атамыз жауырыны жерге тимеген Қызыладыр болысының балуаны болумен қатар, құсбегі, Абай айналасында жүрген атбегі еді. Әміре ол кісінің осы өнерін қатты құр­меттейтін. Ал, Абланбектің ұлы Нұғманбек те ақын, әрі балуан болып, атағы шығып, 22-23 жасқа келіп қалған кезі. Әміре Қашаубаев пен Мұхтар Әуезов әуелде атамыз Абланбектен оны-мұны сұрап, елдің жағдайын айтып түні бойы көз ілмей әңгімелеседі. Әсіресе, Мұхаң Абланбектен қайта-қайта елден жырақ отырған Шәкәрімді сұрап: «Барып тұрасыздар ма, Кең тыныс жайлауындағы Саят қорасына, халі қалай екен?» дейді. Абланбек атамыз үнемі баратындығын, ел жағдайын айтып хабарласып тұратындығын айтқан. Әміре осы түні өзіне ұстаз болған, кейінірек 1925 жылы Париж сахнасында шырқайтын «Ағашаяқтың» кейіпкері әрі авторы Берікбол-Ағашаяққа Нұғманбекті жіберіп алғызады. Ағашаяқ ол кезде Боқай жатағында екен. Ертесінде Әміре, Мұхтар, атамыз Абланбек, баласы Нұғманбек, Мүрсейіт молданың баласы Қисық, Садық Қасиманов, Өтегелді, Орынбасар деген атақты мергендер, Ағашаяқ-Берікбол Көпенұлы және тағы басқа ауыл адамдары бір топ дүрмек болып, барлығы жиылып Шыңғыстаудың Орда тұсына келеді. Абланбек бастаған аңшылар тобы екі арқар атып алып, Кіші Ордадағы Еңлік-Кебек тығылған үйтасқа түстікке жиналады. Сөйтсе, іштерінде Орынбасар деген мерген жоқ боп шығады. Бұл қайда кетті? Біреулер ол бір аңның ізіне түсіп, Керегетас жаққа бұрылып бара жатқан деседі. Сол кезде Мұхаң орнынан шапшаң тұрып, «Орынбасарды бір қорқытайық» деп қызық жасайды. Әмірені еркек, Ағашаяқты әйел қып киіндіре қояды. Өздері жерге төсеген ақ жібек дастарқанды, сүлгі орамалдарды Ағашаяқтың үстіне жауып, жаңа түскен келіндей қылады. Әміреге «сен Жапалсың», ал Ағашаяққа «сіз Еңліксіз» деп рөлге кіргізеді. Сөйтеді де, Мұхаң атамыз Абланбекке тонның ішін сыртына қарата кигізіп, «сен Кебексің, Орынбасардың жолын тосып тұр да, арт жағынан келіп бас салып, көзін байлап ал» деп түсіндіреді. Аңды атамын деп шаршап-шалдығып келе жатқан Орынбасар мергеннің алдынан бір кезде өткен заманнан қайта тірілгендей Еңлік пен Жапал ән салып, шыға келмесі бар ма?! Айта кету керек, Еңлік рөліндегі Ағашаяқ-Берікбол әнші, биші, күйші, ақын, спортшы болған. Екі аяғына бақан байлап жүгіріп, шапқан аттың сауырында төбесімен тұрып билеген. Тұғырда отырып, шалқалап, аузымен жерден тақия алу сияқты цирктік өнерлерді көрсеткен. Неше түрлі аңдардың, адам­дар­дың дауысын айнытпай салған. Дом­быраны қолымен, аяғының башпайымен, алдына, артына ұстап шерткен. Сонымен, Орынбасардың алдынан тұп-тура Еңлік болып әндетіп, әйел дауысымен сызылып шыға келгенде ол шошып кетіп, жерге жата қалады. Сол кезде Абланбек: «Ақмаралда нең бар еді, ақымақ!», – деп басынан асыра мылтықты бір атып жіберіп, Мұхаң айтқандай бас салып, Орынбасардың екі көзін байлап алып, желкелеп қо­йып, үйтасқа қарай сүйрей жөнеледі. Жұрттың ішек-сілесі қатып қалады. Есі шығып кеткен Орынбасар ол кісіні Кебек екен деп ойлап: – Ағатай-ау, ол қатында менің жұ­мы­­сым жоқ. Арқар аңдып жүр едім, жан сау­ға, жан сауға! – деп бажылдап­ты. Үлкен-кіші, бала-шаға жиналған сол жиын-той бес күнге созылған. Ал, 1925 жылы Парижге барған Әміре шынымен-ақ пәлеге қалады. 1928 жылы атамыз Абланбек те қуғынға ұшырайды. Көптеген айыптар таққан. Ең бастылары: Әлихан Бөкейхан бастаған алаш қайраткерлерін өз үйіңде және Орда тауындағы әр туы­сыңның үйлерінде жасырдың, Әміремен араластың, Шәкәрімге қатысың бар, Абайдың балуаны болдың, атақты Мамай батырдың тұқымысың деген жала-айыптар, қала берді, байлығыңды, малыңды үкіметке өткізбей жүрсің деген. Сөйтіп, оны Семейдегі түрмеге жауып тастайды. Түрмеге тамақ апарып, іздеп барған ұлы Нұғманбекке Абланбек былай дейді: – Мына өкімет қиын, осылардың айтқанымен жүр. Шөп шап десе, шөбін шап, бос отырма. Маған Әли­ханды Кеңес өкіметінен тығып ұста­дың, Шәкәріммен астыртын байланыс жасадың дейді. Мен айттым, ол рас, Әлихан Ордада қонақ болды, Шәкәрім менің туысым, елден жырақ тұрып жатыр. Туысымды қа­лай далада тастаймын дедім. Әміре бір­демеге ұшыраған-ау деймін. Ол туралы қайта-қайта сұрап жатыр. Әміренің аты естілсе, мыналар, тіпті, кір­піше жиырылады. Сен де, сенің інің Нұрмағамбет те Құнанбай ауылынан шықпайтындардың қатарынансыңдар деді. Нұрмағамбет інім Абайдың қолындағы тікелей балуаны болды. Мен де балуаны болдым. Мыналардан қалайда қашып шығамын, Қытай асамын, қош болыңдар! Абланбек атамызға Әлихан Бөкей­ханмен байланыс жасадың деп тағылған айыпқа келсек, 1919-1920 жылдары жаңа үкіметтің белгілі жар­лығы шығып, Алаш партиясының көсемдері мен саяси белсенділеріне «кешірім» жасалып, большевик­тік қызметтерге жіберіле бастайды. Әли­­­хан «Жалпы Сібір съезі» атты мақаласында «найзаның ұшымен, айбалтаның жүзімен болған үкімет» деп сипаттаған большевиктерге қыз­мет етуден бас тартады. Осы «оп­по­­зициялық қылығы» үшін 1920-1922 жылдары оған «буржуазиялық ұлтшыл» деген айдар тағылып, тергеу­лер жүргізіліп, айлап абақтыда да отырған. Алаш көсемі Әлихан Бөкейхан Семей түрмесiнен босап шыққаннан кейін, большевик көсемдері енді оны елінен кетуге мәжбүр етеді. Сөйтіп, 1922 жылдың күзінде Әлихан Бөкейхан Мәскеуге жер аударылады. Шынымен-ақ, Абланбек Күйіс­байұлы атамыз 1928 жылы із-түзсіз кетті. Біз 75 жыл бойы атамыз­дың қай­да екендігін білмедік. Тек 2003 жылдың тамыз айында абайтанушы Бекен Исабаев ақсақалдан хабар келді: – Абланбектің зираты Семей өңі­ріндегі Жарма ауданының Құс­мұ­рын деген жерінде екен. Сол жерге түрмеден қашып шығып, Қытай аса­мын деп кетіп бара жатқан кезде жантәсілім еткен. Тобықтының бір сыйлы адамы еді деп, жергілікті наймандар жерлепті. Абланбектің Шәкәрімді туысым деуінің себебі бар. Есім ханның бас қол­басшысының бірі тобықты Сары батыр Сүйірбасұлының шөп­шегі Мамай батыр. Сары батыр Сүйірбасұлы Құнанбайдың жетінші атасы, Абайдың сегізінші атасы, Шәкәрім «Сары ме­нің тоғызыншы атам» деп жазады шежіреде. Сарының шөпшегі Мамай батырдың жеті ұлы болған: Жиеншора, Байшора, Молшора (лақап аты – Қарабас), Жолшора (лақап аты – Сарбас), Еламан, Жоламан, Жолбарыс. Ал, Абланбек ата Мамай батырдың үшінші ұлы Молшора – Қарабастан туған ұрпағы. Мамай батырдың кенже ұлы Жолбарыстан Дулат батыр туған. Дулаттан екі қыз туады: бірі Шәкәрімнің екінші Ботантай шешесі мен екіншісі Бегім ханым алаш көсемі Әлихан Бөкейханның туған шешесі. Бегім ханым деп халық Нұрмұхамед төренің бәйбішесі болғандықтан құрметтеп атаған. Шын аты Бегежан. Шәкәрімнің өз шешесі ерте қайтыс болған. Сондықтан, Шәкәрім Құ­нан­байдың қалауымен келін боп түскен екінші Ботантай шешесінің тәрбиесінде өскен. Ботантай мен Бегім ханым Мамай батырдың туған шөбе­релері, ал Әлихан Бөкейхан оның тікелей шөпшегі. Әлиханның шешесі Бегежан-Бегім ханым тәрбиелі, зиялы адам болыпты. Ақтармен келіс­сөздер жасап, Кеңес өкіметі қуғын­даған қиын-қыстау уақытта алаш ардақтысы Әлихан Бөкейхан да жан сақтау үшін талай рет Ордаға келіп, нағашы ағасы Абланбекті және басқа да туыстарының үйін паналаған. Оның дәлелі – Абланбектің немере қарындасы Зибүбінің хикаясы. Абланбектің әкесі Күйісбай мен Зибүбінің әкесі Кегенбай бірге туған ағайын­дылар. Зибүбі Қасима деген адамға күйеуге шы­ғады. 1920 жылдың күзінен қысына ауған тұс. Бұл кезде Әлихан Бөкейхан тобықты еліндегі туысы, Абланбек Күйісбайұлының үйінде бой тасалап жатқан. Ақтар қашқан кез екен. Әлиханға ақтармен астыртын байланыс жасадың деп іздеу салынғандықтан ол Абланбектің үйінде болған, бірақ ол үйге тінту жүргізілгендіктен, Құрманбай Мұз­ды­баевтың үйіне жасырынады. Құрманбай алашордашы болатын. Зибүбі босанып, ұл туады. Сол күні Құрманбайдың үйінде жатқан Әлихан Зибүбі апаның үйіне келіпті. Зибүбі апаның айтуынша, үстеріндегі әскери қара кительдері әсем жарасқан, сол кездің қара таяғы екендігін бірден білуге болатын бір топ адам үйлеріне сау етіп жетіп келеді. Бұл күздің бір суық күндері. Қасима Кеңес үкіметінің қудалауынан қашып, елді паналап келіп жатқан алаш көсемі Әлихан Бөкейханды қонағым деп құрметтеп, жаңа туған баламның атын сіз қойыңыз дейді. Сонда Әлихан: – Көзі ашық Алаш баласының ау­малы-төкпелі заманында дүниеге келген бұл баланың аты, менің арғы атам Жошыхан болсын! – дейді. Сөйтіп, жаңа туған Жошы атамның атын қойып, бір күн қонақ болған соң, Әлихан Бөкейхан ертесінде Абланбек атамның үйіне, одан әрі қарай Қарқаралыға өтіп, Қарағанды жаққа кеткен. Атын Әлихан Бөкейхан қойған Жошыхан Қасимановтың отбасы аштық жылдары Шығыс Қазақстан облысының Катон-Қарағай ауданына көшіп кетеді. Сол ауданда ұзақ жылдар мектеп директоры болып, Оралхан Бөкейге өз қолымен аттестат тапсырған. Оралхан ғана емес, Дидахмет Әшімхан, Әлібек Асқаров сынды жазушылар да осы кісінің тәрбиесін көріп, тәлімін алған. Олар да Жошы атамыз туралы жылы пікір­лерін айтады. Кейінірек «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болып жүріп, Оралхан аға еліне барған кезде Жошыхан ақсақалдан бата сұраған екен. Күйісбай атам Абайдың досы бол­ған адам. Күйісбайдың інісі Кегенбайдан Жошы атамның шешесі Зибүбі туған деп айттық. Ал Әлихан Бөкейханның туған інісі Смахан Бөкейхановтың мағлұматы бойынша «1919 жылы қызылдар (қайтып) келді. 1919 жылдан 1920 жылға дейін Әлекең тобықтыда болды. 20 жылы өз елінде, өз ауылында, өз үйінде болды. Сол жылы Орынборда қазақ автономиясы сайланғанда жиылысқа барып, совет еліне көрінді. «Лесное земледелие» жағына қызметке кіргізді. 1921 жылы әйелі ауру болып, Семейде опат болды. Өзі сонда (жерлеуге) Орынбордан келді». Шынында да осы деректерге қарасақ та, менің Жошы атам өзі айтқандай, 1920 жылы емес, 1919 жылы туғандығы рас болып шығады. Ал Әлихан Шыңғыстауда 1919-20 жылдары ғана емес, оның алдында да көп рет болған. Себебі, Мамай батыр оның нағашы атасы. Қайым Мұхамедханов, Міржақып Дулатовтың жазбаларында 1905-1906 жылдары да болған­дығы айтылған. Ал менің аталарым, өздері де немере-шөберелері, яғни тікелей ұрпақтары ретінде Мамай батыр қоныс тепкен Шыңғыстаудың бөктері Ордада тұрды. Ол жерде қазір Күйісбай шілігі, Нұрмағамбет құдығы деп ел аузында қалған тарихи жерлер бар. Ал Ордадағы оқушыларға білім беретін орта мектеп бүгінде Мамай батыр Жұмағұлұлының атында. Әлиханның шешесі Бегім ханым да Мамай батырдың шөбересі деп айттық. Мәселен, орыс қызына үйленіп, оны елге айтуға ұялып көрсете алмай жүрген тұста да Әлихан, атам Абланбек Күйісбайұлының үйіне келіп тоқтаған. Әрине, одан кейін Әлихан әйелін ашық таныстырып, еркін жүрген дейді абайтанушы, ақын, филология ғылымдарының кандидаты Мұрат Сұлтанбеков. Әлихан Бөкейханның Абай балаларына «Абайдың кітабын шыға­рыңдар» деп ақыл-кеңесін бергені де мәлім. Атамыз Күйісбай ма­май­лардың биі саналса, оның ұлы Абланбек те тобық­тының белді адамы болған. Атын Әлихан Бөкейхан қойған Жошы атамыз бізді Абайдың «Күйісбайға» деген өлеңі арқылы іздеп тапты. Дұғай сәлем жазамын Күйісбайға, Бермек болған айғырдың көзі қайда? Көзді көрсең бересің, тайсаң танып, Алдамшы атанғанның несі пайда?! – деген Абайдың атамыз Күйісбайға жазған өлең жолдарында атақты ала айғырдың дауы айтылады. Бір қызығы, Абай керей мен тобықты арасындағы дауды Күйісбайдың шешендігі арқасында, соның пайдасына шешіп жібереді. Бұл туралы реті келгенде кейінірек баяндаймыз. Күйісбай тобықтының шешені, биі болған екен. Ол туралы Мұхтар Әуезов 1945 жылы «Қазақтың мемлекеттік біріккен кітапханасы» баспаханасынан шыққан «Абай өлеңдері» жинағында былай деп түсініктеме берген: «Күйісбай Ебенұлы, мамайдың қарабас руынан шыққан, қу тілді, сөзге пысық адам болған». Атам Нұғманбектің айтуынша, әкесі Абланбек Күйісбайұлы Алашорда құрамында болмаған. Ордадан Семейге мал айдап апарып, сатып, шай-пұлын жасап, шаруамен айналысқан. Ол бірақ нағыз қазақ ретінде өзінен көмек сұрап, жан сауғалап келген туыстарын ешқашан да далаға тастамаған, оның ішінде, әрине, қиналған кезінде Алаштың көсемі Әлихан Бөкейханды да паналатқан. Сол үшін жаза тартып, ақыры жанын да қиған. Раушан НҰҒМАНБЕКОВА, журналист. Семей.