17 Ақпан, 2016

Елбасы белгілеген жаңа талаптар

259 рет
көрсетілді
10 мин
оқу үшін

Ерланотандық дипломатия қызметін экономикалық тұрғыдан жандандыруды міндеттейді

Жақында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен өткен Сыртқы істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісі Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының 25 жылға жуық уақыт ішінде атқарған жұмысына аралық қорытынды жасауға мүмкіндік беріп, халықаралық аренада Қазақстанның ұлттық мүдделерін ілгерілету мен оларды қорғау бойынша жұмысты жалғастыру үшін жаңа негіз құрған еді. Осы орайда, біз Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовқа алдағы кезеңге Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев белгілеген талаптар негізінде бірнеше сауал қойып, жауап беруін өтінген едік. – Ерлан Әбілфайызұлы, алқа мәжілісінде Мемлекет басшысы белгілеп берген жаңа талаптар бірінші кезекте «экономикалық дипломатия» құралдарын кеңей­туді міндеттегені белгілі. Мұн­дай жаңа талаптың не себеп­тен туындап отырғанының ас­тарын түйсіну де тым қиын емес секілді. Дегенмен, осы мәселені нақтылай түссеңіз. – Сірә, әлемде қалыптасқан эко­­номикалық жағдай, ең алдымен «экономикалық дипломатия» құралдарын кеңейтуді және амал-тәсілдерді жаңартуды талап етеді. Бүгінгі күні индустриялық-ин­но­в­ациялық жобалар, «Нұр­лы Жол» бағдарламасы мен «Қа­зақ­стан-2050» Стратегиясы шең­берінде шетел инвестицияларын тарту және отандық экспортты шетел нарығына ілгерілету сыртқы саясат ведомствосы жұмысының негізгі бағыттары болып табылады. Осыған орай, алқа мәжілісінің негізгі тақырыбы «Қазақстан Рес­публикасының сыртқы саясатын экономикаландыру» болды. Ал «экономикалық дипломатияны» нығайту мен оны күшейту аясында Мемлекет басшысы жария еткен әлеуметтік-экономикалық даму және мемлекетті жаңғырту жө­ніндегі жобалар біз үшін басты міндеттер болып табылады. Бүгін шетелдердегі мекемелерімізге сол мемлекеттердің эконо­ми­ка­лық, инвестициялық және техно­ло­гиялық әлеуетіне сүйене отырып, Қа­зақстанға тиімділік әкелетін тұр­ғыда нақты тапсырмалар беріліп, қызметіне өзгерістер енгізілуде. Елімізге инвестициялар тарту үшін негізгі институттар құрылып, барлық жағдайлар жасалғанын атап өткім келеді. Бұл іске қажетті заңнамалық база да құрылған. Сарапшылар мен шетелдік бизнес-әріптестер еліміздегі жағымды іскерлік және инвестициялық аху­ал­ды біліп отыр. Алайда, қазір­гі таңда Қазақстанда ведомство­аралық үйлесімділік сапасын жақсар­туға және қол жеткізілген келіс­сөздерді жүзеге асыруға (follow-up) қатысты жұмыстарға бүгін­гі күн талабына сәйкес түзету­лер енгізу қажеттігі де туындауда. Осыны ескере отырып, Үкі­мет құрамындағы экономикалық ве­домстволармен бірге отан­дық экономиканың ең маңыз­ды са­лаларына шетел инвес­тицияларын тарту бойынша бірлескен жұ­мыстың нақты тетігі жасалды. 2015 жылы сауда-инвестициялық ба­­ғытта шетелдерде 453 іс-шара өткі­­зілді, шетелдердің іскерлік және экономикалық топтары өкіл­дері­нің Қазақстанға 642 іссапары ұйымдастырылды. СІМ жәрдемімен АҚШ, Ұлы­британия, Франция, Австрия, Гер­мания, Мажарстан, Үндістан, Италия, Малайзия, Сауд Арабиясы, Катар, Түркия, Хорватия, Жапония және т.б мемлекеттердің іскерлік топтарының жетекші өкілдерімен екіжақты ірі бизнес-форумдар өт­кі­зілді. Нәтижесінде, сыртқы саясат ведомствосының тікелей көме­гі­мен 23,8 трлн. теңгеден астам (73,4 млрд. АҚШ долл.) соманы құрай­тын 260-қа жуық екіжақты ком­мер­циялық құжаттарға қол қойылды. – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың шетелдерге сапарлары нәтижесінде ауқымды инвестициялар тартуға қол жеткізілді. Осы уағдаластықтар қағаз жүзін­де қалмас үшін Сыртқы істер министрлігі тарапынан да айтар­лықтай күш-жігер жұмсау талап етілетін болар? – 2015 жылы Мемлекет бас­шы­сының Қытайға, АҚШ-қа, Ұлы­британияға, Францияға, Италияға сапарлары шеңберінде қол қой­ыл­ған құны 12 трлн. теңгені (37,3 млрд. АҚШ долл.) құрайтын 80-нен астам екіжақты келісімдерді шет­­ел­­дік әріптестерімізбен бірле­се іске асыру мәселелері дипло­мат­тары­­мыздың ерекше бақылауында тұр. Ірі трансұлттық корпо­рациялардың басшылары Қазақ­станның инвестициялық тұрғыда мейлінше тартымды болып қалыптасуында, сондай-ақ, қиын жағдайларда басқарудың тиімді шешімдерін әзірлеу мен оларды қабылдауда Президентіміздің аса көрнекті рөлін мойындайтынын айрықша атап өткім келеді. Дәл осы себепті де ірі шетелдік компаниялар елімізде жұмысын жалғастырып, тіпті, қазіргідей күрделі уақыттың өзінде жаңа инвестициялық ұсыныстарды қарастыруда. Сонымен қатар, саяси және эко­но­микалық тұрғыда айтарлықтай тұрақты мемлекеттердің аза­мат­тарын виза ресімдеу талабынан босату (15 күнге дейін) бойынша «қанатқақты жоба» 2017 жылдың 31 желтоқсанына дейін ұзартылып, саны 20 мемлекетке дейін көбейтілді. Шетелдік кәсіпкерлер инвестициялық мәселелерді уақытында шешу мақсатында Қазақстанға қысқа мерзімді іссапарлар жасауға мүмкіндік берген визалық жеңілдіктерді өте дұрыс қабылдап отыр. – 2017 жылы Астанада ЭКСПО халықаралық маман­дан­дырылған көрмесі өткізіле­тіні белгілі. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жақында «Астана ЭКСПО-2017» Ұлттық компаниясы» АҚ басқармасының төрағасы Ахметжан Есімовті қабылдаған кезінде бірқатар нақты тапсырма жүктеп, мойны­мызға алған осы ауыр міндетті бүгінгі аса күрделі жағдайларға қарамастан, өз деңгейінде ат­қа­ру керектігін атап көрсетті. Осы арада, үлкен күш-жігер жұм­сап ұйым­дас­тырыл­ғалы отыр­ған көрмеге шетел­дердің мүмкін­дігінше көп қа­тысуы маңыз­ды десек, қателес­пейтін шығар­мыз? Және осы ба­ғыттағы жұ­мыс­тарға қысқа­ша тоқталып өтсеңіз. – Астанада ЭКСПО-2017 көр­месін ұйымдастыру мен оған халық­аралық қатысушыларды тарту бо­йынша жұмыс нақты нәтиже­лер берді. Қазіргі күні көрмеге 70-тен аса мемлекет пен 13 ха­лық­аралық ұйым қатысатын­дығын ресми түрде растады, қа­тысушы мемлекеттер мен халық­аралық ұйымдар 47 секция комис­сарларын тағайындап үлгерді. Бүгінгі күні осы бағытта бел­сенді жұмыс жалғасуда. 24-25 ақпанда Астанада ЭКСПО-2017-ге келетіндерін растаған мем­ле­кеттердің 200-ден астам өкіл­дерінің қатысуымен көрменің халықаралық екінші жиналысы өтеді. Бұл басқосу көрмені дайын­дауда атқарылған жұмысты баға­лауға және көрменің басталуына дейін еліміздің сыртқы істер ми­нистр­лігі мен «Астана ЭКСПО-2017» ҰК» АҚ-тың ортақ іс-әрекет­терін қазіргіден де тиімді үйлес­тіруге мүмкіндік береді. Отандық өнімді экспортқа ілгерілету шеңберінде Сыртқы істер министрлігі тарапынан атқарылып жатқан жұмыстар туралы да айта кетсеңіз. – Бүгінде министрлік тран­зит­тік-көліктік әлеуетті барынша дамытуға және Қазақстанды ың­ғайлы халықаралық логис­тикалық хаб ретінде насихаттауға ерекше көңіл бөліп отыр. 2015 жылы Қытай шекарасындағы жаңа көліктік-логистикалық хабпен таныстыру мақсатында Қазақстанда тіркелген шетелдік дипломатиялық корпустың «Қорғас – Шығыс қақпасы» арнайы экономикалық аймағының нысандары мен Шекаралық ынтымақтастықтың халықаралық орталығына ҚТЖ-мен бірге іссапары ұйымдастырылды. Міне, осы жайттың өзі бұл бағытта жұмыс істеп жатқандығымыздың нақты мысалы болып табылады. Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) шеңберінде 2015 жылғы 22 қаңтарда Давоста қол қойылған Қазақстан мен ЭЫДҰ арасындағы 2015-2016 жылдарға арналған Ынтымақтастық жөніндегі елдік бағдарламаны бекіту де маңызды оқиға болды. Қазақстанмен бірге, осындай ынтымақтастық жөніндегі бағдарламалық құжатқа Тайланд, Перу және Марокко елдері ғана қол қойғанын атап өту маңызды. Дағдарыс салдарынан көршілес елдердегі экономикалық көрсеткіштер төмендеген кезде ЭЫДҰ басшылығы Қазақстанның экономикалық реформаларына жоғары баға беріп отыр. 2015 жылы қазанда жария­лан­ған Doing Business-2016 (Бизнес жүргізу) рейтингінде Қазақстан 189 мемлекет арасында 41-орынға ие болды, бұл – әзірше Қазақстан тарихындағы ең жоғары көрсеткіш. – Қысқаша әңгімемізді өзіңіз түйіндесеңіз. – Министрлік қызметінің ара­лық қорытындысы сыртқы саясат пен халықаралық экономика ба­ғытындағы жұмысымыздың ай­тарлықтай тиімді жүргізілгенін көрсетеді деп санаймыз. Бұл жұмыс алдағы уақытта да барынша тиімді жалғастырылады. Бұған кадрлық мүмкіндіктеріміз жеткілікті. Сыртқы істер министрлігі тәуелсіздік жылдары ішінде шет тілдерін меңгерген, жеке өңірлер мен мемлекеттердің ерек­шеліктерін жақсы білетін, дип­ло­матиялық қызметте мол тәжіри­бесі бар мамандардан қажетті кадр құрамын жасақтады. Осылай­ша, еліміз сыртқы саясат ведомство­сының орталық аппаратында және шетелдік мекемелерінде 85 ғылым докторы мен кандидаты, 198 магистр, 55 «Болашақ» бағдарламасының түлегі жұмыс істейді, 376 қызметкердің екі немесе одан да көп жоғары білімі бар. Министрлік қызметкерлерінің 70 пайыздан астамы екі немесе одан да көп шет тілдерін, оның ішінде сирек тілдерді меңгерген. Сыртқы істер министрлігі кадр­лық саясатының басты міндет­терінің бірі дипломатиялық қызмет­керлердің дайындық жүйесін үз­діксіз жақсарту, оларды қайта даяр­лау мен біліктілігін көтеру болып табылады. Шетелдердегі бірқатар мекеме­лерде Сыртқы істер министр­лігі қызметкерлерімен қатар, Ин­вес­тициялар және даму министрлігінің, Қаржы министрлігіне қарасты Мемлекеттік кіріс комитетінің және т.б. мекемелердің өкілдері­мен бірлескен табысты жұмыс тәжі­рибесі қалыптасып үлгер­ді. Әрине, сыртқы саясат ведомст­восы мен Қазақстанның басқа да мүдделі мекемелері ұмтылысының синергиясы елімізге шетел инвес­тицияларын тарту құралдары мен арналарын кеңейтуге бағытталған және бұл жұмыстар алдағы уақытта да өз жемісін беруі тиіс. Қорыта айтқанда, Сыртқы істер министрлігі Мемлекет басшысы алға қойған жаңа талаптар мен міндеттерді лайықты жүзеге асыру үшін барлық күш-жігерін жұмсайтын болады. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Самат МҰСА, «Егемен Қазақстан».