17 Ақпан, 2016

Заң бұзушылықтарға жол жоқ

329 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
b71b080Жамбыл облыстық өңірлік телекоммуникация қызметінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлауларына арналған брифинг өтті. Оған Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның аймақтық филиалының басшысы Парида Мамедова қатысып, саяси науқан – сайлаудың заң аясында өтуі демократиялық үдерістердің ашықтығын көрсететінін атап өтті. – Биыл Парламент Мәжілісі мен жергілікті мәслихаттар сайлаулары өткелі отырғандықтан, дайындық шаралары да қызу қолға алынды. Комиссия барлық кандидаттарға теңдей жағдай жасалуын қамтамасыз ету үшін жұмыс істейтін болады. Комиссияның міндеті – сайлауда кездесетін құқық бұзушылықтардың алдын алу. Комиссия мүшелері байқаушыларды арнайы оқыту семинарлары мен тренингтер өткізеді. Облыстың барлық сайлау учаскелерінде 400-ден астам байқаушы жұмыс істейтін болады. Басты қойылатын талап – «Cайлау туралы» Заңды білу. Сонымен қатар, арнайы әдістемелік құралдар, жаднама және хаттама үлгісі келтірілген байқаушы күнделігі дайындалды. Байқаушы қойын кітапшасы дауыс беру басталысымен және аяқталғанда толтырылатын хаттамадан тұрады. Филиал кеңсесі жұмысты үздіксіз жүргізеді. Демалыс күндері арнайы кезекшілік ұйымдастырылады, – деді П.Мамедова. Одан әрі ол қоғамдық ко­мис­сияның аймақтық филиалы жұмысының үш кезеңнен тұра­тынын еске салып, барлық қо­ғамдық ұйымдармен және азамат­тармен әріптестік қатынас ор­нататындарын жет­кізді. Сай­лаудың әділ және халық­ара­­лық талаптарға сай өтуін қада­­ғалап, ақпараттандыратын көрі­неді. Брифинг барысында Сайлауды байқау жөніндегі республикалық қоғамдық комиссияның облыстық филиалының мүшесі Альбина Тапаева да саяси науқанды өт­кізу туралы өз ойымен бө­лісті. Комиссия Тараз қаласы, Сүлей­менов көшесі №7 үйдегі Тараз мемлекеттік университеті бас ғима­ратындағы 3-қабаттың 302-бөл­месіне орналасқан. 50-17-21 сенім телефоны жұмыс істейді. Ел өміріндегі аса зор саяси нау­қанға байланысты журналис­тер өздерін толғандырып жүрген сұ­рақтарын қойып, жауаптар ал­ды. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан». Жамбыл облысы.