17 Ақпан, 2016

Сыр өңірі халықаралық қаржы ұйымдарымен тығыз байланыста

249 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
???????????????????????????????????? ҚЫЗЫЛОРДА. 17 ақпан. Қызылорда облысы халықаралық қаржы ұйымдары және «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік» негізінде 333 млрд. теңге болатын 31 жобаны іске асырмақ. Бұл туралы Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаевтың халық алдында есеп беру кездесуінде айтқан ақпар бойынша egemen.kz тілшісі хабарлады. «Ашығын айтқанда, халықаралық қаржы нарықтары мен валюталық жүйенің аса тұрақсыз кезеңінде сырттан қаражат тарту да қиындап барады. Дегенмен, барымызды салып, аталған жобаларды іске асыруға бекіндік. Оған мүмкіндік бар, инвесторлардың біздің жобаларға деген қызығушылығы әлі де жоғары», деді Қызылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев. Соңғы үш жылда өткізілген алты “Байқоңыр” инвестициялық форум аясында барлығы 70-тей әріптестік туралы шарттар мен меморандумдарға қол қойылды. Соның арқасында облыс экономикасына 100 млрд. теңгеден астам тікелей инвестиция тартылды. Аймақпен бірігіп жұмыс істеп жатқан ұйымдар қатарында Еуропалық қайта құру және даму банкі, Азиялық даму банкі, Ислам даму банкі, Халықаралық қайта құру және даму банкі, Халықаралық қаржы корпорациясы (“IFC”) бар. Еуропалық қайта құру және даму банкімен бірлескен   8 жоба бар, оның жетеуі облыс орталығы - Қызылорда қаласының инфрақұрылымын дамытуға арналған. Олардың қатарында Қызылорда қаласының жылу жүйесін жаңарту; Шиелі, Жаңақорған аудандары мен Қызылорда қаласындағы темір жолдың арғы бөлігінің электр жүйелерін жаңарту; Қызылорда қаласын сумен қамту және су бұру жүйесін қайта құру; және қаладағы автобус паркін салу сияқты жобалар бар. Халықаралық Ислам қаржы ұйымдары және Азия даму банкімен инфрақұрылымдық, индустриялық, ауыл шаруашылығы, сондай-ақ тұрғын үй жобаларын іске асыру төңірегінде келіссөздер жүргізілуде. Атап айтқанда, Азия даму банкімен Қызылорда қаласының сол жағалауын дамытуға қажетті инженерлік инфрақұрылым, тұрғын үй және әлеуметтік-тұрмыстық нысандарды салу жобаларын кезең-кезеңмен іске асыру мүкіндіктері қарастырылуда. Азия даму банкі бұл жобаны “ақылды” қаланы («SMART CITY») дамытуға бағытталған инфрақұрылымдық кешенді бағдарлама ретінде іске асыру туралы ұсыныс енгізді. «Қазақстандық мемлекеттік-жекешелік әріптестік орталығы» акционерлік қоғамы Қызылорда облысын мемлекеттік-жекеменшік әріптестікті дамытудағы пилоттық өңір ретінде белгіледі. Соның аясында «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларын сүймелдеу орталығымен» бірлесіп 5 жобаға инвесторлар тарту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, ауысымына 500 адам қабылдайтын емхана, Қызылорда қаласында салынатын кәсіптік-техникалық лицей, облыс орталығы әуежайының жолаушылар терминалының құрылысы, апаттық жағдайдағы мектептердің орнына 11 мектеп салу, сонымен бірге Сырдария ауданының тұрғындарын сапалы ауыз сумен қамту жобалары. Ержан Байтілес. Дерек, сурет: egemen.kz ????????????????????????????????????