18 Ақпан, 2016

Әлемдегі үшінші зауыт

408 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
DSC_7771ТМД-ғы алғашқы кәсіпорынның тұсауы Қызылжар өңірінде кесіліп, заманауи технологиялармен жабдықталды Қазақстан Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыс басшысы Ерік Сұлтанов 2015 жылы өңір экономикасына 128,4 пайыздық өсіммен 154,5 миллиард теңге инвестиция құйылып, жыл қорытындысы бойынша елімізде бірінші орын иеленгенін жеткізген еді. Ал, биыл аймақ республикада алғаш болып инвесторлар кеңесін құрып, шетелдік ірі қаржыгерлердің қатысуымен форум өткізуі, бірнеше меморандумға қол қоюы Жолдауда белгіленген жаңа инвестициялық саясатты жүзеге асырудың нақты дәлелі болса керек. Осы оқиғалардың ізі суымай жатып, екінші бесжылдықтағы Индустрияландыру картасына енген 16-шы жоба пайдалануға берілді. Оны тұрғызуға «BARTEC-Қазақстан» компаниясы қаржылық қолдау көрсетіп, іске асырды. Алдымен әлемдегі 3-ші, ТМД-дағы 1-ші кәсіпорынды салуға теріскей өңір не себепті таңдап алынды деген сауалға келейік. Инвесторлардың сөздеріне қарағанда, облыстың географиялық жағынан қолайлы орналасуы қызықтырған көрінеді. Тоғыз жолдың торабында тұрған Петропавл қаласы арқылы Ресей нарығына өту қай жағынан да тиімді болмақ. Екіншіден, өңір экологиялық жағынан таза саналатындықтан, бұл фактор да жете ескерілген тәрізді. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық артықшылықтар аз емес. Германияның атағы жер жарған фирмасы жайлы бірер сөз. Бүгінде төрткіл дүниенің 60-қа жуық елімен әріптестік тығыз қарым-қатынас орнатуы, жылыту кабельдерін шығаруда көшбасшы саналатыны зор әлеуетінен хабар берсе керек. Бұған «Әлемдік нарық көшбасшыларының энциклопедия­сына» енгенін, инно­вациялық кәсіпорын «Топ-Новатор» жүл­десімен марапат­талғанын қоссақ, таңдаудың әншейін еместігін айғақтайды. Зауыттың салтанатты ашылу рәсімінде сөйлеген сөзінде облыс әкімі Ерік Сұлтанов елімізде шетелдерлен инвестиция тартуға оңтайлы ахуал қалыптасқанын, кәсіпорынның Қазақстан үшін маңыздылығын, өнімдері үлкен сұранысты қанағаттандыратынын атап өтті. Құйылған инвестициялардың үштен бірі агроөнеркәсіп кешеніне салынып келсе, бұдан былай машина жасау саласының әлеуеттері де жете ескерілетін болады. Алыс, жақын шетелдермен байланысты нығайту мақсатымен 30-дан астам делегациялар келіп, бірқатар маңызды жобаларды іске асыру белгіленген. Осындай мақсатты шаралардың арқасында шетелдік инвестиция мөлшері 60 пайызға көбейген. Алда ірі қаржыгерлердің қатысуымен көліктік-логистикалық орталық, астық пен майлы дақылдар өңдейтін зауыттар салу арқылы 2 мыңға жуық жаңа жұмыс орындарын ашу көзделген. «BARTEC» компаниясының атқарушы директоры Хайк Лаубхаймер БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында электрмен жылыту кабельдерін жасайтын кәсіпорын Франциядан, Германиядан, Швейцариядан әкелінген құрал-жабдықтармен, қондырғылармен жабдықталғанын, айына 250 мың метрге дейін өнім шығаруға қауқарлы екенін жеткізді. Жылыту кабельдерін тұрғын үй-коммуналдық, химия, фармацевтика, мұнай, газ салаларында, қыста сумен жабдықтау құбырларында кеңінен қолдануға, осылайша оқыс жағдайлардың алдын алуға болады. Жасалу технологиясы халықаралық талаптарға сай келетіндіктен, қауіпсіз әрі экологиялық жағынан таза. Пайдалану мерзімі он жылдан кем емес. Бағасы да қолжетімді. Әзірге 15 адам жұмысқа тартылып отыр. Алдағы уақытта өндіріс ауқымы кеңейгеннен кейін қосымша 30 жұмыс орны құрылып, кабельдің бірнеше түрі шығарылады. Оған толық мүмкіндік бар. Өйткені, осындағы мамандар Германияда үш айлық өндірістік тәжірибеден өтіп, кәсіби жағына шыңдалып қайтқан. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Солтүстік Қазақстан облысы.