Шаңғы спортының сирек түрі – фристайл-акробатикадан Әлем кубогының күміс жүлдесін алған Жанбота Алдабергенова туралы мөлтек сыр
Жақында Мәскеуде өткен фристайлдан Әлем кубогында Жанбота Алдабергенова күміс жүлдеге қол жеткізді. Ол ақтық сын қорытындысында 75,91 ұпай алса, алаң иесі мәскеулік Алина Гриднева 77,43 ұпай жинаған. Қола жүлде 75,69 ұпайы бар Американың үміті Мэдисон Олсенге бұйырды.
Шаңғымен фристайл-акробатика тарихында тұңғыш рет осындай ірі жеңіске жетіп, спорт жылнамасына есімі құрметпен жазылған Жанбота Алдабергенованың жеңісті жорығы кездейсоқтық емес. Ол бұған дейін Сочи Олимпиадасында үздік алтылықтың ішінде болды. Минскіде өткен Еуропа кубогы үшін жарыстың екі кезеңінде көш бастады. Осы қуанышқа орай біз Жанбота Алдабергенова жаттығатын Шымкенттегі №8 Қысқы спорт түрлері ОРМБЖМ директоры Бақытжан Зиябековке арнайы жолыққанбыз.
– Жанбота Мәскеуде әлі біраз уақытқа дейін болады, – деді Бақытжан Ордабекұлы. – Бұл жеңіс оңтүстікқазақстандықтардың ғана емес, бүкіл қазақ жұртының жеңісі. Жанбота – сырт көзге қарапайым көрінгенімен, алған мақсатынан қайтпайтын қайсар қыз. «Шығыстың қос шынары» атанған Әлия мен Мәншүктей ардақты апаларымыздың рух намысы осы қызда бар-ау деп ойлаймын. Шаңғылы фристайл-акробатика өнері – қысқы спорт түрлерінің ішінде ең қиыны. Өздеріңіз де көріп жүрсіздер ғой, жоғарыдан құлдилап келіп қайқаңнан секіргенде спортшы бес метр биіктікке дейін аспанға ұшып кетеді. Соншама биіктіктен ауада айналып, жерге нық түсу саңлақ спортшылардың өзіне жеңілдікпен келмейді. Бұған дейін спорттық гимнастикамен айналысқан Жанботаның фристайл-акробатика түріне өткеніне төрт-бес жыл ғана. Ал оның қарсыластарының өмірбаянына үңілсең, спорттық өтілі он, он бес жыл.
Жалпы, спорттың бұл түрінде Жанбота жалғыз емес. М.Ақжігіт, Б.Інкәрбек деген спортшыларымыз Минскіде өткен Еуропа кубогы кезеңінде төрттікке кірді. Конькимен мәнерлеп сырғанау, шорт-трек, шайбалы хоккей және әмбебап жекпе-жек бөлімі спортшылары республикалық, халықаралық жарыстарда лайықты жүлде алып жүр.
Бір қызығы, Жанботаның ағайындары қызының қандай спорт түрімен айналысатынын Сочидағы қысқы Олимпиада ойыны кезінде бір-ақ білген екен. Бірбеткей қыз айтпай келген. Шаңғы арқалағанға шаңғымен сырғанап жүр деп түсінген ғой.
Қазақтың қайсар қызының қазір бір ғана арманы бар. Ол – Олимп биігінің шыңына шығу.
Бақтияр ТАЙЖАН,
«Егемен Қазақстан».
Оңтүстік Қазақстан облысы.