18 Ақпан, 2016

Бидай өсірген бүлдіршіндер

802 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Бидай-01Үржар ауданындағы жаңа­дан ашылған «Ер Төстік» ба­ла­бақшасында туған жерді та­ныстыруға һәм сүюге тәрбие­лейтін ерекше әдістемелік кешен қалыптасып келеді. Балабақша қызметімен мекеме меңгеру­шісі Гүлнәр Қабаева таныстырды. Бір жыл бұрын «Балапан» бағдарламасымен пайдалануға берілген балабақшада 140 бүл­діршін тәрбиеленеді, жоғары санатты ұстаз Қанипа Момбаева бастаған білікті педагог-тәрбие­шілер еңбек етеді. 27 адамды жұмыспен қамтыған мекемеде балалар 2 жастан бастап қабылданады. Балабақша асханасы сәби ағзасына пайдалы жергілікті жеміс-жидек, көкөніс өнімдерімен қамтама­сыз етілген. Бұл тарапта мекеме әкімшілігі жергілікті өнім өн­дірушілермен келісімшарт бекіткен. Келісімшартқа отырған диқандардың бірі Жұмабек Татубаев жаз бойы өсірген көк­­өністерді төмен бағамен бала­бақшаға өткізеді. 25 жыл бойы бала тәрбиесімен айналысып келе жатқан білікті педагог Гүлнәр Жақанқызының айтуынша, жаңа балабақшаның бір жылдағы жетістіктері аз емес. Үржарлық бүлдіршіндер былтыр Ресейде өткен «Веселый карусель» байқауында, облыстық «Үркер» байқауында жеңім­паз атанды, Астанадағы Қазақ хан­­дығының 550 жылдығына арналған «Ханталапай» ойынына онлайн арқылы атсалысты. «Ер Төстікте» тәрбие жұ­мы­сы қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде жүргізіледі. Яғни, үштұғырлы тілді дамыту бағ­дар­ламасын қолға алған бала­бақшалардың бірі. Ағылшын тілін Семей қаласынан жоғары оқу орнын тәмамдап келген жас маман Сандуғаш Қайратпаева үйретеді. «Тілді ауызекі сөйлеу және тыңдау арқылы үйретеміз. Қазір балақайлар амандасу мен қоштасуды, ән мен тақпақ айтуды біледі. Жалпы, 3-4 жастағы балалар тілді тез қабылдайды», деді ол. Шет тілде санамақ, сергіту жаттығуларын меңгерген бүлдіршіндер балабақшаның бір жылдық мерейтойына орай «Үйшік» ертегісін ағылшын ті­лінде қойып, ата-аналарын қуантқан екен. «Қарлығаш» то­бы­ның тәрбиеленушісі Жібек Жеңісқызы ағылшын тілінде онға дейін санап, тақпақ айт­қанда мүдірген жоқ. Ал жоғары санатты музыка маманы Айнұр Дәулетбекқызы дарынды бала­лар­дың шығармашылығын шың­дауға барын салып жүр. Солар­дың бірі 5 жасар Нұ­рай Нұрболат «Көк тудың желбірегені» әнін нақышына келтіріп орындағанына куә болдық. Балабақшада балалардың қабілет-қарымын ашуға бағыт­талған оңды шаруалар көп. Мау­сымдық тақырыптағы «Алтын күз», «Қыс қызығы» тақырыбын­да ұйымдастырылған қолөнер туындылары бірден көз тартады. «Еркем-ай» тобының бүлдіршіні Нұрдәулет Рақымғазының «Қыс­қы аула» туындысы шынайы ау­ланың кішігірім көшірмесі іспетті. Осы сынды ермексаздан, қамырдан, ағаштан, қағаздан және басқа да материалдан ше­бер­­лікпен жасалған бұйымдар көрмеге қойылыпты. Әсіресе, бүлдіршіндердің ұйқыашар жат­ты­ғуларын жүргізуге арналған әдістемелер жылы әсер қалдырды. Сәбилердің табанының ізі іспетті моншақтармен, түймелермен, кес­телермен жасалған ұйқыашар кілемді тәрбиеші Бану Нұр­қа­­сымова тоқыса, Жаңыл Серік­баева есімді тәрбиешінің Ала­­­көлдің толқын шайған те­сік тастарын түрлі түске бояп жасаған ұйқыашар жолақшасы, тіпті, таңғалдырды. Яғни, Үржар ау­данының мақтанышы саналатын Алакөл жағалауының тасымен тәрбиеленген сәбидің санасына елді, жерді сүю сынды сезімдер берік орнығады. Сондай-ақ, ертөстіктік балалар бидай егіп, биологиялық зерттеу жұмыстарын жүргізеді екен. Мәселен, бидайды қарашірігі мол және керіш топырақ салынған ыдыстарға егіп, дәннің өнуін, өсуін бақылайды. Балалар дәнді егу, суару, қопсыту барысында топырақ қыртысының құнарлылығына, өсімдіктің өсімталдығына зерттеу жүргізеді. Үш метрге жуық қар түсетін, ылғалы мол Үржар өл­кесінің маңайында егістік ал­қаптары мол. Барқытбел бау­­­райындағы танаптарға көз жі­берген талшыбықтай өскіндер ас атасы – бидайдың қара жерді қалай жарып шығатынын, қалай бүр жаратынын біліп тұрса, Ала­көлдің ақ малта тасынан алқа та­ғып тұрса қандай ғанибет! Міне, осы ойдың ұшқыны Үржардағы «Ер Төстік» балабақшасының кез келген бүлдіршінінде бар! Біз балалы, базарлы мекеннен осындай оймен қуанып шықтық. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан». Шығыс Қазақстан облысы, Үржар ауданы. Суретті түсірген автор.