18 Ақпан, 2016

Әлемге әйгілі «NATIONAL GEOGRAPHIC»

737 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Китаптұңғыш рет қазақ тілінде шыға бастады 127 жылдық тарихы бар, іші-тысы бірдей жалтыраған жақсы қағазға басылып, көркем безен­дірілген «NATIONAL GEOGRAPHIC Қазақстан» журна­лының алғашқы саны осы ақпан айында қолымызға тиді. Қызыға қарап, ақтара шолып шықтық. Өрнегі бөлек, өресі биік басылым екендігі бірден білініп-ақ тұр. Сыртқы мұқабасына «Тұмса табиғат. Ол бізге не үшін керек?» деген сауал тартылыпты. Журналдың ішкі мазмұны сұраққа сай екендігін аңғардық. Осы нөмірдегі «Әлемдік серуен», «Саябақтар қасиеті», «Жұ­қарған мұзға беталыс» сынды әлемдік табиғаттың тылсымдарына бойлаған жарияланымдармен қатар «Арал тағдыры – адам тағдыры» атты мақалада қазақ жеріндегі табиғат қасіреті сөз етіліпті. Иә, Аляскадан Австралияға дейінгі аумақта әлемнің 80-нен астам еліне таралатын жур­нал, енді міне, Алтай мен Атырау арасына қадам басып отыр. Орталық Азияда тұңғыш рет қазақ оқырмандарымен қауышқан баспа брендінде ең мықты ғалымдар мен журналис­тер ізденісі, фотографтардың таңдай қақтырар туындылары жарияланып тұрмақ. Журналдың әлемдегі 60 миллионнан ас­там оқырманына енді қазақ оқыр­мандары да қосылды. «NATIONAL GEOGRAPHIC» журналының бас редакторы Сюзан Гольдберг алғашқы нөмірге арнаған ақжолтай тілегінде: «Ай сайын Вашингтондағы штаб-пәтер ұжымы Қазақстандағы әріптес­терімізбен бірлесіп, «NATIONAL GEOGRAPHIC Қазақ­стан» журналының беті­не қызықты зерттеу мақалалар ұсынатын боламыз. Біздің мақса­тымыз айқын, біз NATIONAL GEOGRAPHIC-тің әлемдегі ең танымал, әрі көптілді журнал болуын қалаймыз», деп ағынан жарылған екен. Олай болса, 38-ші тіл болып осы қатарға қазақ тілінің де, сондай-ақ, бұл басылымды шығаратын елдер қатарына Қазақстанның да қосылғанын қуана сүйіншілейміз. Назар ҚАСЫМ.