18 Ақпан, 2016

Ауыл тұрғындарына арналған акция

314 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Ауыл тұрғындарына құзырлы орындардан керегі – тұрмыстық ахуалына қажетті жағдайларды жасаумен бірге, әлеуметтік жағдайын жақсарту үшін олардың арасындағы ынта­лы тұрғындардың өз мүмкіндігіне қарай кәсібін ашып, оны одан әрі дамытуына қолдау көрсетуі, өзге де талап-тілегін тыңдап, арыз-шағымына назар аударуы. Түпқараған ауданының Ақ­шұқыр ауы­лында өткен акция­ның мақсаты – осы, яғни ақ­шұқырлықтармен мамандарды тікелей жүздестіру арқылы, олардың өз сұрақтарын қоюына жағдай жасау, оларға ойға алған жұмыстарын жүзе­ге асыруына жол сілтеп, кеңес беру. «Нұр Отан» партиясы мен Түпқараған аудандық әкімдігі ұйымдастырған «Жұ­мыс және микрокредиттеу» тақы­рыбындағы акцияға 100-ге тарта адам қатысты. – Шағын кредиттеу, жұмысқа қа­тысты акцияның болатындығы туралы адам көп жүретін жерлерге, орталықтарға арнайы хабарландырулар ілінді. Сондай-ақ, бұған дейін де кәсібін ашуға, шағын несиелендіруге қатысты әртүрлі сұрақтар жетегінде құ­зырлы орындарға хабарласып, өз мәселелерімен келіп жүрген адамдар шақыртылды. Акцияға келушілер арасында кәсіпкерлер, кәсібін енді бастағысы келетіндер мен жұмыссыздар бар. Ақшұқыр ауылында қазіргі таңда 400-ге жуық жеке кәсіпкер тір­келген, олар әртүрлі сала бойынша өз қызметтерін жалғастыруда, – дейді Ақшұқыр ауылының әкімі Мәлік Ізтұр. Бір жағы Ақтау қаласымен, екінші шеті Сайын ауылымен шектесіп, бір бүйірінде Каспий теңізімен қанаттас­қан ауыл тұр­ғындары жылдан-жылға кө­­бейіп келеді. Қазіргі таңда Ақ­шұқырда 8 мыңнан астам тұрғын бар, әкімнің айтуынша, ауыл тұрғындарының саны жыл сайын 300-400 адамға көбейеді екен. Оларды жұмыспен қамту, баспана, жер, инфрақұрылым, балабақша, тағы да басқа қажет­тіліктермен қамтамасыз етудің өзіндік қиындықтары болғанмен, бірте-бірте өз шешімін тауып келеді. Жұмысқа орналасу мен кәсібін бас­таймын дегенге тікелей кеңес беретін мұндай акция алдағы уақытта да жалғасын табатынын айтты, ауыл әкімі. Ауыл тұрғындарын жұмыспен қамту, кәсіпкерлікпен айналысуға ынталы азаматтарға шағын несие беру мәселелерін негізгі ұстаным еткен акцияда ауыл тұрғындарына арнайы мамандар – Түпқараған аудандық кәсіпкерлік бөлімі басшысының мін­детін атқарушы Д.Шалабаева, осы ауданның Кәсіпкерлер палатасы­ның директоры Д.Өтебалиев, «Нұр Отан» партиясы аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Д.Садықов, өзге де құзырлы орындардың өкілдері жауап берді. Оларға қосалқы шаруашылықтарының аясында ұсақ тауар өндірісін ашу жөнінде кеңестер беріліп, өз кәсіптерін ашу жолдары, қажетті құжаттар тізбесі түсіндірілді. Акция аясында өз қолынан шық­қан қолөнер бұйымдарынан көрме жасап, келушілердің қызығушылығын тудырған шебер Гаухар Есетовамен тілдескен едік. Бала кезінен іс тігіп, қолөнер бұйымдарын жасаумен айналысатын қыздың өз жеке кәсібін бастағанына екі жылдан асыпты. Қылды және қылсыз жүнді Маңғыстау облысынан басқа Тараз қаласынан, Алматы облысынан алдыратын шебер енді жер алып, өзінің арнайы цехын ашқысы келеді екен. Акцияда Г.Есетова осы мәселесін мамандар алдында көтерді. – Еліміздің Жер кодексіне енген өзгерістерге байланыс­ты, кәсіпкерлік мақсатта жер алу тоқтатылған болатын. Енді жерді аукцион арқылы берудің шарттары түсіндіріліп жатыр. Осы жылдың алғашқы жарты жылдығында біздің өңірімізде де аукционмен жер беру мәселесі жүзеге асырылады деп күтіп отырмыз, қолөнер ше­бері Гаухар Есетоваға осы аук­ционға қатысуға кеңес берілді, – дейді Түпқараған ауданы Кәсіпкерлер палатасының ди­ректоры Д.Өтебалиев. Айтуын­ша, ауданда 1550 кәсіпкер тіркел­ген болса, олардың көпшілігі мал, ауыл шаруашылы­ғы­на қа­тысты бағытты таңдаған. Ал осы кәсіпкерлер арасында жартысына жуы­ғы жастар, демек, жастармыздың жеке кәсібін ашуға деген құлшынысы қуан­тады. Ақшұқырдағы акция халық­тың табалдырық тоздырып, кезек күтіп са­­рылмай, жеке кәсіптерін ашу үшін өздері кездесіп жүрген қиындықтар мен шешімін таппаған сауалдарына жауап алудың қолжетімді үлгісі болды. Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан». Маңғыстау облысы.