18 Ақпан, 2016

Тәуелсіздікті ту еткен «Тұлғалар тағылымы»

481 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
IMG_3991Қазақстан Республикасы өз Тәуелсіздігінің 25 жылдық мерейтойына қадам басты. Мемлекет орнату, оны әлемдік қауымдастыққа танытып, мойындату кез келген ұрпақтың пешенесіне жазыла бермейтін бақыт, жауапты да күрделі міндет екені аян. Елбасы Н.Назарбаевтың сарабдал саясатының арқасында бүгінде тәуелсіз Қазақстанды бү­кіл әлем мойындады. Осы орайда әлемге дара таланттарымен әйгілі өнер шаңырағы – Қазақ ұлттық өнер университеті тұңғыш рет «Тұлғалар тағылымы» тақырыбында мемлекет, қоғам ісіне белсене араласып, өз үнін қосып жүрген қайраткер тұл­ғалармен жыл бойы кездесу өт­кізуді жоспарлап отыр. Тәуелсіз ел болған ширек ға­сырдың бедерінде мәдени-руханият саласында да қыруар жұ­мыстар атқарылды. Бұл бағы­тты кешегі М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, Ғ.Мұстафин секілді ұлылардың ізі қалған қарашаңырақ – Қазақстан Жазушылар одағының да қосқан үлесі айрықша. Сондықтан да тәу­елсіздікті тұғырландыра түсу­дегі зиялы қауымның еңбегі қашанда ерекше бағаға лайықты. Соның бір айғағы ретінде Парламент Сенатының депутаты, Қазақстан Жазушылар одағының төрағасы Нұрлан Оразалинмен өткен кезде­суді айтқан болар едік. Шара шымылдығын аталмыш білім ордасының ректоры А.Мұсақожаева ашып берді. Содан соң дәстүрлі жыр-айтыс мамандығының 2-курс студенті Бек Шымат жырдан шашу шашып, кеш көркін келтірді. Нұрлан Мырқасымұлы – елі­міз­дің саяси, мәдени, өміріне қоян-қолтық араласып, рухани кеңістігіміз бен ұлттық ойлау жүйеміздің тұтастығын сақтауда қайраткерлік пен қаламгерлікті қатар алып жүрген тұлға. Ол тарих беттерін парақтай отырып, «Тәуелсіздік» деген киелі де қастерлі ұғымға қалай қол жет­кізгенімізді, өзі басы-қасында жүріп куә болған сол бір қиын-қыстау жылдарды ерекше толқы­ныспен баяндады. Тақырып төңірегінде тәуел­сіздіктің тұғырын бекіте түсетін біршама мәселелер де қозғалды. Ақындық та, жазушылық та ең ал­дымен өнер. Осы бағытта атал­мыш өнер ошағы жанынан жүрегіне қаламын сүйеген ерекше өнер иелеріне бағыт-бағдар беретін «Жазушылар зертханасын» ашу туралы да естір құлаққа жағымды, тұщымды ұсыныс ой айтылып, оған ректор тарапынан келісім де берілгендей болды. Кеш барысында Н.Оразалиннің «Сілкініс» атты өлеңін драма ак­тері мамандығының 3-курс сту­денті Қо­быланды Болат нә­ші­не келтіре көркем оқыды. Бір­жан салдың «Он саусақ», Қапез Байғабылұлының «Үш Меркі», Қазанғаптың күйі – «Көкейге түскен Көкілжан» атты ән-күйлері басқа да өнерпаздардың орындау­ында тыңдарман қауымның ыс­тық ықыласына бөленді. Осылайша жыл басындағы жылы жүздесу студент жастардың жүрегін жырмен жылытып, көңіл­деріне қуат, сезімдеріне шуақ төк­кендей ерекше әсерге бөледі. Нұрланып, қанаттанып, жі­герлене түсті олар. Бұл бақыттың иесі – ТӘУЕЛСІЗДІК деген киелі ұғым! Соны ұмытпасақ екен. Раушан ТӘУІРХАНҚЫЗЫ, журналист.