Жастар қашанда қоғамның қуатты күші болып табылады. Олардың бастамашылдығы мен жаңашылдығы қай істің де ілгерілеуіне серпін берері сөзсіз. Қазір облысымызда 7 еріктілер тобы тұрақты жұмыс істейді. Олардың қатарына 4000-ға тарта жас қамтылған.
Жақында өткен өңір жастарының алқалы жиынында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев жастардың қоғамда алатын орнына айрықша тоқталды.
Ол еліміздің әрбір азаматы, соның ішінде әрбір жасы да өзі өмір сүретін қоғамына, мемлекетіне қызмет етуі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстан жаңа жаһандық нақты ахуалда: өсу, реформалар, даму» атты Жолдауында айтқандай, жастарымыз білімді, еңбекқор, бастамашыл һәм белсенді болуға қазірден бастап дағдылануы тиіс екендігін атап өтті. Жастарды әрдайым «маған барлық жағдайды жасап отырған мемлекетіме, Отаныма не бере аламын?» деген сауал толғантуы керек деген ой мазалауы керек екендігіне назар аударды. Аймақ басшысы жиналған жастар ұйымдарының өкілдерін ауызбіршілік пен белсенділікке шақырды.
Басқосуда колледж басшылары мен жастар сөз алып, еріктілер ұйымдары тарапынан атқарылып жатқан шараларды баяндады. Қоғамда саламатты өмір салтын, қайырымдылықты, отансүйгіштікті, аға буын өкілдеріне сыйластықпен қарауды насихаттайтын шаралар өткізіп тұру туралы креативті ұсыныстарымен бөлісті.
Жиында «Ақтөбе жастары» қауымдастығын құру туралы шешім қабылданды. Ал жаңадан құрылған қауымдастықтың жетекшісі болып Ислам Исенғазиев бекітілді. Ислам – еліміздің ұлттық тарихы мен мәдениеті негізінде жас ұрпақтың рухани әлеуетін қалыптастыру мақсатында құрылған «Эффект Ақтөбе» жобасын ұйымдастырушылардың бірі. Облыстағы барлық жастар ұйымдарының басын қосатын «Ақтөбе жастары» қауымдастығына алғашқы көпшілікке арналған шарасын наурыз айынан бастау ойластырылуда. Биыл алғаш рет Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен 1 наурызда Алғыс айту күні атап өтіледі. Қауымдастықтың алғашқы шарасы осы атаулы күнге арналады деп күтілуде.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ,
«Егемен Қазақстан».
Ақтөбе облысы.