18 Ақпан, 2016

Елде болса ерінге тиеді

783 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
«Батыр болсаң жауға найзаң тисін, бай болсаң елге пайдаң тисін, екеуін де жасамасаң жұрттан бөлек тіккен үйің күйсін» деген екен қазақтың атақты би­лерінің бірі Әйтеке. Ауырлау сөз, қатал үкім. Бірақ, негізсіз емес. Жалғыз шауып батыр болмайсың. Батыр – бір оқтық. Ер қылатын да, ез қы­латын да қасыңдағы қараша, алқалаған жұртың. Бай болсаң ормандай еліңнің арқасында, өз елің, өз жеріңде малды болдың. Тілеуіңді тілеген жұртыңа артық дүниеңнен бөліссең алғыс аласың, ісің алға жылжиды. «ЖаңаАрнаҚұрылыс» серік­тестігінің директоры Мағауия Тұрысбеков осылай пайымдайды. Мамандығы – тарихшы. Тоқ­санын­шы жылдардың соңында Мағауия Сексен­байұлы институт қабырғасынан түлеп ұшқанда дағдарыстың дендеп тұрған шағы еді. Жас баладай аяғын әлтек-тәлтек басқан жас мемлекет қайда бағдар ұстар­ын білмей мықты мемлекеттерге жаутаңдап қарап жүрген шағы. Құлаған өндіріс­тен мықты инженер кетті. Аурухана мен мектепте де жағдай қиын. «Балапан басымен, тұрымтай тұсымен» кетіп жатқан шақта алғыр жас қайратына мінген. Жеке кәсіпке ден қойды. 2000 жылы «Сырым» ЖШС-ін ашты. Әртүрлі мемлекеттердің даму жос­парын ой елегінен өткізіп, үйренетінін үйреніп, аяғынан нық тұрған Қазақстан­мен бірге сол елдің бір кірпіші – Мағауия Тұ­рыс­бековтің де кәсібі өрге өр­леген. Бүгінде ол басқаратын «Жаңа­Арна­Құрылыс» серік­тестігінде 100-ден астам қызметкер бар. Құрылыс жұмыстарын жүргізуге тәжірибелі маман, қажетті техникалары сай. Мемлекеттік сатып алуда көшедегі көлденең көк атты емес, барлық керек-жарағы сай, жеңіп алған нысанды уақытында әрі сапалы салатын мердігер жеңіске жетеді. «ЖаңаАрнаҚұрылыс» ЖШС бұл жа­ғы­нан қамшы салдырмайды. Қазақстан тек шикізаттың Отаны болып, одан түскен табыс­ты малданбауы керек. Елімізге өңдеуші, өндіруші мықты кәсіп­орындар қажет. Елбасының ертеден айтып келе жатқан сөзіне мән беріп, ойын айтқызбай түсінген Мағауия бүгінде «Оңтүстік» индустриялық аймағынан жер алып, медициналық қолғап шыға­ратын кәсіпорын құрылысын бастап кетті. Әкесі Сексенбай аға кезінде шаруа­шылықтарда басшылық қызметте болған, бүгінде ел кесіміне тоқтайтын көшелі кісі. Анасы – Үрзада жас ұрпаққа білім нәрін сепкен ұстаз. Осындай өнегелі отбасыдан шыққан Мағауия өзі туып-өскен Созақ өңіріндегі қайырымдылық ісінен бір рет сыртқары қалған емес. Қамкөңіл, тұрмысы төмен отбасыларға азық-түлік жіберіп тұрады. Бүгінде «Нұр Отан» партиясы Созақ аудандық филиалы орналасқан ғимаратты да қазақтың атпалдай ұлы Мағауия Тұрыс­беков партияның кезектен тыс XVI конференциясында тарту еткен. Бірақ, мұндай қайырымдылық істерін көпшілікке жария етуді жаратпайды. «Сү­йер ұлың болса сен де сүй, сүйінерге жарар ол» деген осы. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан». Оңтүстік Қазақстан облысы.